Ркаил Зайдулла. Ботам…
13.09.2019
1332
0

 

(Әңгіме)

Табалдырықтан аттағаны сол еді, мысық нәжісінің күлімсі иісі мүңк етіп, қолқасын қапты. Үйреншікті әдет қой, сылағы түскен, шаң басқан қабырғаны, бұрыш-бұрышы қоқысқа толған, талайдан су тимеген еденді көзімен бір сүзіп шықты. Терезесі сынған бөлменің титтей ғана қуысында күндегідей вахтер кемпір шошайып отыр. Қатқан нанын малмалап жібітіп, шай ішіп… Кіріп келген әйелге алара қарады да, қолындағы кірлеген стақанынан қылқ еткізіп бір ұрттап қойды. Мұның көзі енді екінші қабатқа көтерілетін тұстағы керегеге жазылған бейәдеп сөзге түсті.

Ркаил Зайдулла

Бөлмесінің алдына келген әйел кішкене қол сөмкесінің ішін ақтарыстыра бастады. Қызығы – еркектер әдетте кілтін ертерек дайындап алады, ал әйелдер болса, соңғы сәтте ғана қалтасын қарауға немесе сөмкесін қопаруға кіріседі.

Дәліздің арғы басында, дәретхана есігінің алдында көршісі темекіні бұрқыратып тұр. Оның жалпақ беті, әдеттегідей, қызара бөртіп алған, демек, көңіл-күйі тамаша. Мұндай сәтте ол жанынан өткен әйелдермен әңгіме құруға құмар-ақ. Былқылдаған жұмсақ құйрығын алақанымен жанай сипап жіберудің де орайын таба қояды. Бірақ бұл жолы көршісі тілін тістеп, шылымының ұшындағы күлін еденге қағып жіберді де, терезеге қарап тұра қалды.

Әйелді ұсқынсыз деп айтуға аузың бармайды, келісті-ақ. Алтындай сап-сары шаштары бұрқырай төгілген, көз жанары – көл суындай тұнық, мұрнының айналасында тарыдай шашылған секпілдері бар. Келбеті татар-удмурт аралас Арск ауданының кейбір өңірлерінің тұрғындарына келеді. Сұңғақ бойына қамыт аяғы жараспаса да, әдемі көрінеді.

Сұлуы сұлу ғой… Бірақ көршісі терезеге көз алмай қадалып, міз бақпаған қалпында теріс қарап тұра берді.

Әйтеуір, қисайған есік ашылды-ау. Бөлменің іші мұнтаздай. Есіктің жанында екі шкаф тұр, арасына перде тұтылған, төрде, терезе тұста – екі шеті тормен жабылған бала кереуеті. Кереуеттің бас жағында – Филипп Киркоровтың үлкен суреті ілінген.

Кішкене кереуеттің ішіндегі бала тұруға тырысып, тырбаңдап жатыр. Үлкен дәреті мен кіші дәретіне былғанған сәбидің аузынан сілекейі шұбырған. Бала санасының ерекше бір түйсігімен анасының келгенін сезінсе керек, ыңыранған дыбыс шығара бастады.

Әйел селк ете қалды. Үнемі осылай сескенеді. Бес жыл өтті, сонда да өз перзентінің түріне еш үйренбей-ақ қойды. Үйіне кірген сайын, осылай бойын беймәлім бір қорқыныш билеп алады. 

Пәлтөсін шешпестен әйел дәлізге шықты да, ылдым-жылдым қимылдап, жылы су құйылған легенді алып кірді, баласын ішіне отырғызған бойда отқа ботқасы бар кәстрөлді қойып та үлгерді. Сол үйреншікті қимылымен әйел баласын шомылдыра бастады, көзінен аққан ыстық жас су толған легенге сорғалады кеп, сорғалады кеп… Е, Жаратқан, әр күн сайын анасының көз жасына суарылған суға ғайыптан құдіреттің қасиеті дарып, сәбиі дертінен сауығып кетсеші!? Тәй-тәй басып, былдырлап сөйлеп кетсе ғой, шіркін… Бірақ, өкінішті, ғайыптан ешнәрсе бола қоймады. Кемтар баласының санасы құдды бір қараңғы түнек әлемнен шығар жолды таба алмай адасып, мына дүниеге жете алмай қалғандай…

Босанғаннан кейін оны бәрі көндіруге тырысты – дәрігерлер де, туыстары да бірауыздан ақыл айтты: «Тастап кет. Ол енді ешқашан сауығып кетпейді. Қиналып қайтесің, өміріңді зая етесің ғой!» Ешкімді тыңдаған жоқ. «Өзегіңді жарып шыққан балаңды қалай тастап кетуге болады?» – деп ойлады сол кезде. «Бауыр етің емес пе?..». Перзентханадан шыққанда ауылдан анасы келді. Ерте жесір қалып, өмірдің тауқыметін өзі де бір кісідей тартқан ол нәрестені көріп зар жылап қоя берді: «Сорлым-ау, өзің  болсаң – жалғызсың, балаң – мүгедек, оны қалай, қайтіп бақпақсың енді?» Иә, мұндай ауыр сөзді есту оңай болған жоқ. Бірақ, сол кезде де қасқайып тұрған болатын: «Әр бала өз несібесімен туады емес пе, әйтеуір ел ішінде торғай өлмес» деген ойға нық бекінген… 

Енді қазір олай ойламайды. Торғай өлмейтін де шығар, бірақ адам оңай-ақ… Өлгенде қандай! Әне, өткен аптада бұлар тұратын үйдің үшінші қабатынан жалғыз басты қария өз жанын өзі қиып, ажал құшты емес пе? Әбден шарасы таусылған-ау, шамасы. Соңғы кезде бейшара шалды қоқыс жәшіктері жанынан жиі көретін, нан қалдығы мен картоп қабығын жинап жүретін…

Еһ, не деген ақымақ еді, титтей де ақылы болсайшы! Сол кезде дәрігерлер мен туған анасын тыңдағанда ғой… Дегенмен олардың дұрыс айтқанын көп ұзамай-ақ түсінді, тіпті сәбиін кез келген балалар үйіне тапсырмақшы да болды. Бірақ барған жері оны есіктен-ақ қайтара берді: «Ә-әй, жарқыным, науқас баладан құтылғың келсе, балалар үйі бастығының аузын майлауың қажет». Аузын майлайтын ақшаны бұл қайдан алсын? Өзі күнін  әупірімдеп әрең көріп жүр, бар табысы – ауру баланың жәрдемақысы. Жұмыс іздеп жүргеніне де жарты жылдың жүзі болды. Бармаған жері, тоздырмаған табалдырығы жоқ. Қайда барса да, кішкене баласы барын айтса болды, одан әрі сөзге келіп жатпай, есіктен қайтарады.

Былқ-сылқ еткен әлжуаз баласын алдына алып, әйел ботқа жегізе бастады. Қою ботқаның жартысы баланың тамағына кетсе, қалғаны кері шығып, езуінен иегіне ағады.

…Ол баласын отызға таяғанда дүниеге әкелді. Жалғыз қалудан қорықты ма, әйтеуір қартайғанда баланың сүйеніш боларына сенді. Өзі ажарлы болса да, жігіттер бұған онша көп көңіл бөлмейтін: сырт көзге салқынқанды боп көрінгеннен бе, әлде көзінен байқалатын байсалдылықтан ба… Жігіттерге көбіне некеге дейін уақыт өткізуге ыңғайлы қылықты әрі жеңілтек қыздар ұнайды. Үйленетін кезде ғана салмақты, тәкаппар қыздарды іздейді. Бірақ жақын қарым-қатынас пен бірге өткізген түндерден кейін жігіттер бұл қылмыңдаған қыздарға қалай бауыр басып, үйленіп алғандарын өздері де білмей қалатын сияқты…

Сол күні құрбысының туған күні еді. Дастарқанды жайнатып қойған. Күні бойы «қысқы» салат, тұздалған балық салаты, винегрет жасап, кеспе дайындап әуре болды; үстелдің қақ ортасында арақ-шарап шөлмектері самсап тұр. Қонақтардың бірі – ұзын қара шашты, қаба сақалды жігіт, бокалдарға аққайнардан құйып, әлдене деп тілек айтып жатыр. Кейін білсе, Қазан шаһарының төңірегіндегі ауруханалардың бірінде бас дәрігер екен.

– Лондон мен Париждің үздік үйлерінен кем түспейді!

Жігіт қауға сақалының арасындағы апандай аузына винегретті апарыа жатып, ащы дауыспен шаңқ-шаңқ етіп сөйледі. Кейін сәл қызыңқыраса керек, орнынан тағы атып тұрып айқай салды:

– Ұлт үшін! Тұрып ішеміз!

Құрбысының танысы – түрі қуқыл тартқан сары шашты жігіт әйелдердің құрметіне тілек айтқысы келіп еді, әлгі сақалды сөзін шорт бөлді: «Әй, арақ болса болды – әйелдің бәрі сұлу». Қыздар оның әзілінің төркінін түсіне қоймаса да, сықылықтап күле берді.

– Неге ішқұса болып, сарғайып отырсың?

Құрбысы бұған кенеттен шүйіле қалды. – Қане, ал, іш!

– Соны айтам, бізден бөлектенудің қажеті жоқ! – деді сақалды, құрбысының сөзін қағып алып, қапталдаса кетіп. Бәрі жабылып, қоярда-қоймай, бір рөмке арақты ақыр аяғында ішкізіп тынды.

Сол-ақ екен, «әлем түрленіп» кеткендей көрінді. Өз-өзінен күлкісі келіп, қуаныш, шаттық сезімі көкірегін кернеп ала жөнелді. Үстел басындағы мастардың аузынан шыққан әр мылжың сөзі – тауып айтылғандай, әрбір әзіл-қалжыңы – даналықтай көрінді.

Кеш аяқталған кезде, сақалды жігіт бөлмесіне дейін шығарып салатын болды. Арасында теңселіп, байқаусызда оның иығына сүйеніп, «Мына қолдарды көрдің бе? Алтын қолдар… Татарстаннан мен сияқты дәрігерді тауып көрші…», – деп көпіре мақтанумен әлек. Бөлмеге кіргенде түюлі жұдырықтарын жоғары көтеріп, «Азаттық!» – деп айғай салғаны әлі есінде.

Қыз оның кеудесінен итермеді. Қуып қайтсін, сөйтіп, жалғыздықтың  күйінішті жалынына өртенген тәнімен еркектің тер сасыған қойнына тығылып таңды атырды. Таң атқанда үйіне жиналған сақалды:

– Татарлар көбірек тууы керек, әйтпесе, орыстар қаптап кетті! – деп, мұрнының астынан мыңқылдап, қоштасқан сыңай танытты. Содан қайтып қарасын көрсеткен жоқ. Ай-күні жеткенде перзентханаға құрбысы шығарып салды.

Ымырт жабылды. Терезенің сыртында қырқылған мәжнүн талдың сұлбасы қараяды. Қанаты кесілген құсқа ұқсайды, аспанға ұмтылып, өзінің әлсіздігіне қапаланып шырылдаған бейшара құсқа… Әйел қолын созып, аласа шкафтың үстінде тұрған шағын қағаз қорапшаны алды. Таңертең құрбысы әкеліп кеткен…

Құрбысының жолы болып, аман-есен күйеуге шықты, үш бөлмелі пәтерде уайым-қайғысыз өмір кешуде, екі баласы бар. Бүгін асығыс екен, сондықтан шешінбеді, тек қымбат ішігінің алдын аша салды. «Уақытым жоқ, қонаққа бара жатырмын. Мынау – ампула. О-ой, осының өзін жең ұшынан жалғасып жатып, әрең таптым. Бір рет салсаң – жеткілікті. Қырсықпа, бәрібір адам болмайды. Өзіңді неге қинайсың?.. Қайта игі іс жасағалы отырсың – бейкүнә періште емес пе, жаны тіке пейішке барады… Екеуің де бұл азаптан құтыласыңдар… Тек, аузыңа құм құйсаң болғаны, кемтар баланың неден өлгенін ешкім қазбалап жатпас. Сен үшін тырысып жүрмін, ақымақ қатын…». Бөлмеде қымбат әтірдің жұпар иісін аңқытқан құрбысы асығыс шығып кете барды.

Олар бұл жайында осыған дейін көп сөйлескен. Ол, тіпті түс те көрді. Сәбиге қанат бітіп, аспанда періштелермен самғап жүр-мыс. Айналада сандуғаштар сайрап, бұлақтар сылдырап, ағаштардан жеміс-жидек ағыл-тегіл төгіліп жатыр. Нағыз жұмақ!.. Ол жақта баланың жаны байыз табатыны анық. Тәңірі, ақырында, мына фәниде кенде еткенінің бәрінің есесін толтырмақ…

Дәріні еккенде бала қыңқ етпеді. Ауырғанын мүлде сезбесе керек. Тек, неге екені белгісіз, саусағы жоқ мұқыл кішкене қолдарын анасына қарай соза берді…

Жарықты қоспай, әйел түнек қармаған терезеге телміріп, ұзақ қарады.

…Алдыңғы күні ол училищеде бірге оқыған танысын көріп қалды. Жақын маңда тұратынын естіген жігіт қонаққа сұрана бастады. Елпектеп жүріп дүкеннен шарап, шоколад және басқа да осындайда қажет ас-ауқат ала бастады. Сәл қызу екен, әйелден дәмелі екені анық. Дүкенге де кезінде бірге оқыған қызды кездестіргеніне қуанғанынан жүгірмеген шығар. Баяғыда бұл қызды көзіне де ілмеуші еді ғой.

Ол құлыптың тесігіне кілтін сала алмай әуреленіп, біраз тұрып қалды. Жанындағы жігіт сабырсыздана тыпыршиды. Қызық, кішкене баласы барын естігенде тіпті қуанып кеткен сыңай танытты. Алайда ішке кірген соң, көрген ауыр көріністі ұзартуға дәрмені жетпеді оның… Дастарқан басында біраз отырып, әр нәрсенің басын бір шалып, әңгімесін жарастыра алмаған қонақ бөтелкесін бітірмей-ақ кетуге асықты. Қоштасарда тағы келетінін қайта-қайта айтып әуре болды. Дегенмен енді қайтып бұл үйдің табалдырығын аттап баспайтынын екеуі де жақсы түсінді.

Өмірінің аяғына дейін өзіне демеу болатын еркектің ешқашан  болмайтынына оның көзі әлдеқашан жеткен. Айтпақшы, бір кездері шілбиген бір әзірбайжан келіп жүрді. Әзірбайжан-армян қақтығысы аймағынан қашып келіпті. Жергілікті қыздар істейтін екі дүңгіршектің қожайыны болатын, күн сайын таңертең сауда орындарына жеміс таратады. Қолы ашық әзірбайжан ойнасына  сәл бұзылып,  бүліне бастаған жемістерді молынан әкеледі. Бейшара баладан да жиіркенбейтін. Бірақ… соңғы кезде ол да қарасын батырып, ізін суытты.

…Кереуеттен әлдеқандай жат дыбыстар шыға бастады, енді бөлме ішіндегі жым-жырт тыныштық айқын сезілгендей. Жан түршіктірерлік өлі тыныштық… Тамағына тас тығылғандай, аласұрған сезім билеген әйел орнынан ұшып тұрып, есінен адасқандай есірік күйде есікке тұра ұмтылды.

Көше көктем тынысына малынған, қар да түгел еріген. Тек қана үйлердің тасасында күн нұрын көрмеген сүр қардың қалдықтары жатыр.

Әйел басы ауған жаққа безіп барады – қараңғы көшелер, қорқынышты аулалармен… Тіпті бұзақы жасөспірімдердің артынан айтқан бейәдеп сөздері де оны селт еткізбеді.

Қаланы кезіп ұзақ жүріп, ақыры үйіне оралғанда, жатақхананың есігі жабылыпты. Әйел есікті ұзақ уақыт қаққаннан соң ғана, арғы жақтан аяғын сүйрете басқан вахтер әрең жауап қатты. Кемпір күңкілдеп жүріп есікті ашып, кіріп келген әйелге жиіркенішпен қарап, теріс айналды: «Осы салдақылар-ақ жатпайды екен, әйтеуір…».

Әйел оған жауап берместен, екінші қабатқа алқын-жұлқын жүгіріп шықты. Бөлмеге атып кіріп, дереу жарықты шырт еткізіп қосты да, көзін қарықтырған сәуледен бір сәтке сілейіп тұрып қалды. Көзі үйренген бойда аузынан жалын ата аһ ұрды. «Бота-а-м, менің…» Баласы кереуеттің жиегін қолдарымен ұстап, анасына күлімдеп қарап тұр, дірілдеген еріндерін икемдеп, өміріндегі ең алғашқы сөзін айтуға тырысқандай. «А-н-а!..»

Өмірінің бар мәні болған бауыр еті баласына қолын созған қалпында әйел терезеге қарай ентелей ұмтылды. Ол жақта – терезенің арғы жағында – ғажайып, ұшы-қиырсыз әлем жатыр…

1998 ж

Татар тілінен аударған Гүлнұр ҚЫРАНБАЙҚЫЗЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір