Заман талабына жаңа қадам
10.09.2019
1010
0

Президент Жолда­уына орай

Ұлықбек Есдәулет,
ақын, Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының Төрағасы

Өзінің алғашқы Жолда­уында: «Мен халыққа берген уәделерімді міндетті түрде орындаймын», – деген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жұрттың көкейінде жүрген, қордаланған біраз мәселелерді қозғады және оларды шешу жолдарын ұсынды деп ойлаймын. Жолдаудың негізгі өзегінен мемлекет басшысының заман талабына сай зайырлы мемлекет құруға қадам басуға бетбұрысы бірден байқалды.

«Еліміздің қоғамдық-саяси өмірін жаңғыртпай, табысты экономикалық реформаларды іске асыру мүмкін емес. Бұл – біздің ұстанатын басты қағи­датымыз», – деген ол «Күшті Прези­дент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласын ұсына отырып, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру – бәрімізге ортақ міндет екенін айтып, сөзін түйіндеді.
Жақында құрылып, жұмыс істей бастаған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі халықпен тығыз байланыс орнатуды, қоғамдық диалог пен ашықтықты, адам­дардың мұң-мұқтажына жедел назар аударуды басты бағытына айналдыра білсе – осы тұжы­рымдаманы іске асыруға мұрын­дық болуға тиісті бірден бір тетікке айналар еді.
Жолдауда көдедей көп шенеу­ніктер мен ұлттық компаниялар санын біртіндеп азайтып, бес жылда 25 пайызға қыс­қарту, қазақ тілінің мемле­кет­тік тіл ретіндегі рөлін кү­шей­тіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналдыру, ғұламамыз әл-Фарабидің 1150 жылдық, ұлы ойшыл ақынымыз Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойларын лайықты әрі ысырапсыз атап өту, Алтын Орданың 750 жылдығын төл тарихымызға, мәдениетіміз бен табиғатымызға әлем назарын аудартарлықтай деңгейде өткізу туралы байламдары көңілге қонды.
Біздің бәрімізді толған­дырып жүрген жер мәселесіне арнайы тоқталып: «Мемлекет басшысы ретінде тағы да мәлімдеймін: жеріміз шетелдік­терге сатылмайды. Оған жол берілмейді!» – деп кесіп айтқаны көкейдегі үлкен түйткілге нүкте қойғандай болды.
Алты Алаштың тамыры – ауылда. Ауыл – біздің әдет-ғұрып, салт-санамыздың, ұлт­тық өрке­ние­тіміздің қайнар көзі, уызды ұясы.
Ауылдың уығы құлап, кере­гесі қисайса – біздің қабыр­ғамыз қайысады. Сондықтан да Президенттің өз Жолдауында:
«Үкіметке «Ауыл – Ел бесігі» жобасын жүзеге асыру үшін биыл бөлінген 30 миллиард тең­геге қосымша алдағы үш жыл ішінде 90 миллиард теңге бөлуді тапсырамын», – дегені, сонымен қатар ауылдық жерлерде жақсы жолдар салып, ауыл халқын ауыз су және газбен, қоғамдық көліктермен қамтамасыз ету сияқты көкейкесті мәселелерді шешумен бірге, мектеп, аурухана, спорт алаңдарын салуға және жөндеуге қаржы бөлетіні көңілден шықты.
Жолдауда қазіргі мектеп оқулықтары сапасының төмен­дігіне назар аударып, оқу­шы­ларды сапалы оқулықтар­мен қамтамасыз етуге Білім және ғы­лым министрлігін тікелей мін­деттеуі де көптің күткен шешімі дер едім.
Сондай-ақ, бұған дейін билік­тің көзінен қаға берісте, тыс­қары қалып келген мәдениет қыз­меткерлерін қолдау мәселе­сіне бұл Жолдауда баса назар аударылды. Ең алдымен, кітапхана, музей, театр қызметкерлерінің жалақысын көбейту және сол арқылы жас мамандардың жеңілдігі бар тұрғын үй бағдарламаларына қатысуын қамтамасыз етуді қолға алуы да өте орынды.
Мемлекет басшысының алдағы жылдан бастап, көп балалы және мүгедек балалар тәрбиелеп отырған отбасыларды баспанамен қамту, шын мәніндегі жәр­дем мен қолдауға зәру, кө­мекке мұқтаж жандарға ғана жедел қолдау көрсету мақсатында: «Кезек­те тұрған аз қамтылған көп балалы отбасыларға баспана беру мәселесін үш жыл ішінде шешу керек!» – деп, Үкіметке тікелей тапсырма беруі көп жайды аңғартады.
Жолдаудағы әлеуметтік салаға қосымша қаржы бөлгізу, шағын бизнесті салықтан босату, үш жылға дейін тексеруден құтқару, бейбіт жиын өткізуге рұқсат беру, ұлттық қорды тиімді пайдалану, қарапайым адамдардың зейнетақы қорын­дағы қаржысын өздері пайдалануына мүмкіндік беру туралы айтқандары да көпшілік көңілінде жүрген жайлардың шешімі іспетті.
Қысқасы, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жол­дау­дағы тұжырымдары еліміздің бүгіні мен болашағы үшін ізгілікті де игілікті бағыт­тар ұсынуымен құнды екені анық. Енді бұл тапсырмаларды іске асыру және орындалуын қадағалау – атқарушы орындарға сын.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір