Ғибратты хикаят
Ара мен шыбынның айырмашылығы неде? Екеуінің де қанаты бар, екеуі де ұшып-қонады. Айырмашылығы біреу-ақ: ара гүлге қонады, шыбын ше? Қоқысқа.
Қияңқыдан қыңбайтын, майыспайтын, сынбайтын сардар сықақшы Ғаббас Қабышұлы ағамның «Көңіл көгінде» атты көлемі 430 беттік естелік кітабын оқып шыққанымда өзімді ара секілді сезіндім. Нәр алдым. Қуатты да шуақты сезім тұла бойыма тұнғандай әсерге бөлендім. Айтылмаған ақиқат. Таным. Тағылым. Парасат. Пайым. Көңіліңізді көкке көтереді. Бұл кітап естелік емес, ғибратты хикаят. Сонау студент кезінен кездесіп, сыр шертіскен таудай тұлғалардың айтқан әңгімелері бүгінгі ұрпақ үшін көмбедегі алтынды аршып алғандай. Атамұраның артына қалдырған қазынасын жинап бергендей. Аты аңызға айналған Сәбит Мұқановтан бастап Ғабиден Мұстафин, Бауыржан Момышұлы, Қасым Қайсенов, Рахымжан Қошқарбаев, Ілияс Есенберлин, Өзбекәлі Жәнібеков, Әнуар Әлімжанов, Әзілхан Нұршайықов, Асқар Тоқмағамбетов, Ебіней Бөкетов, Мәриям Хакімжанова, Ғафу Қайырбеков, Қуандық Шаңғытбаев, Шона Смаханұлы, Оспанхан Әубәкіров, Сәкен Жүнісов, Сағи Жиенбаев, Тұманбай Молдағалиев, Қадыр Мырза-Әлі, Мұқағали Мақатаев, Жұмекен Нәжімеденов, Шәмші Қалдаяқов, Оралхан Бөкеев, Заманбек Нұрқаділов, Алтынбек Сәрсенбаев… Тізе берсе, тіпті көп, жүзге жуық мүйізі қарағайдай қаламгер мен қайта тумас қайраткерлер туралы естелік-эсселері мен толғаныс топшылаулары – ғибратқа толы хикаят.
Әуелгі әңгімені жаныма жақын жанрдан бастайын. Сатира туралы талай ғұламалардың пікірлерін білем. Бірақ, о заманда бұ заман, «кәдімгі Сәбең» – Сәбит Мұқановтың жауынгер жанр жөніндегі топшылауын оқымаппын. Естіген де емеспін. Әйтсе де, бар екен. Қайда?
«Көңіл көгінде». Ғаббас аға жігіт шағында Сәбеңмен танысып, сатирамен әуестенетінін білгенде: «Дұры-ы-е-ес, – депті, – бірақ бұл өзі өте қиын, өте ауыр, жауапты жанр. Оны оқығанды осы бәріміз жақсы көреміз, сөйте тұрып оны сыйламаймыз. Біздің әдеби сын дейтініміз бұл сатираның ауылына аяқ баспайды, одан үркіп жүреді, байқайсың ба? Сатира – біздің қоғамымызға кеше де керек болған, бүгін де, ертең де өте керек жанр. Сондықтан жазу керек, жазыңдар, қорғанбаңдар. Сыйламайтындар, түсінбейтіндер – сатираны жеңіл-желпі күлкі деп ұғынатындар. Мен кешегі Бейімбеттің, Сәйділдің, бүгінгі Асқардың, Садықбектің, Оспанханның кейбір өлең-әңгіме, сықақтарын қайсыбір жазушыларымыздың қалың романдарына айырбастамас едім».
Ұйымдасқан қылмыс пен сыбайлас жемқорлық, аярлық, ашкөздік, алақолдық, парақорлық дендеген бүгінгі заманда сатирамыздың қауқары қандай? Құлақ асқан кім бар? Бүлінгенді бүтіндейтін семсер сөздің қуаты билікке керек пе? Құлақ бар, құлық жоқ. Сатирадай қаһарлы қаруды қолынан түсірмей жүрген жауынгер жанрдың «командирі» Ғаббас ағаның қайсарлығы кімге болса да өнеге-үлгі. Бар нәрсені бағалай білеміз бе? Ағаларды ағалай білеміз бе? Баяғының адамдарында іштарлықтан гөрі құштарлық басым еді. Орта Азия мен кешегі Кеңес Одағында Сәбеңді күллі оқырман төбесіне көтерген. Өзбектің атақты қаламгері Ғафур Ғұлам шетелдік әріптестеріне Сәбең туралы айта отырып «Маған хат-телеграмма салсаңдар: «Өзбекстан. Ғафур Ғұламға» деңдер. Ал Сәбеңе хат-телеграмма салсаңдар: «Совет Одағы. Сәбит Мұқановқа» десеңдер, жетіп жатыр!» – деген екен. Міне, өнеге! Міне, ғибратты әңгіме!
Ғаббас аға КСРО Әдеби қоры Қазақ бөлімшесіне директор болып тағайындалғанда, атақты жазушы Ғабиден Мұстафин жұмыс бөлмесіне ойда-жоқта кіріп келеді. Не шаруа? Әрісі Мәскеу, берісі Қырымдағы шипажайға жолдама керек пе? Әлде қаржылай көмек? Тіпті де олай емес, ешқандай бұйымтайы жоқ, тек бір ғана тілек білдірейін деп келген екен. «Әдеби қор – көптің көзі қадала беретін жер, аттылы да, жаяу да іздейтін өткел. Ақша жүрген жерде әзәзіл жүреді, албасты да жүреді, ең қиыны – сол. Әзәзіл мен албасты, егер адам сақтанбаса, абай болмаса, іштен де сырттан да шалады. Алтын көрген періштенің кебін құшқан талайды өкіндірген. Сен, қалқам, сақтана біл, абайлай біл, күнбе-күнгі ісіңе күнбе-күн қырағы бол, адал бол, әділ бол. Үйсіз, күйсіз жүрген жастар мен жас талаптарға қолыңнан келгенінше қарайлас», – дейді.
Жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың аузынан шыққан ағыл-тегіл өлеңді қағазға түсіріп қаттап отыратын Әбділда Тәжібаев, Қасым Тоғызақов, Тайыр Жароков, Ғали Орманов секілді хатшылары болған. Жәкеңмен бірге өткізген жылдарынан сыр ақтарған Ғали ағаның естеліктері де – тәлімді дүние.
Жәкең көзінше көпшік қойып, қолпаштағанды жаратпайды екен. Айналасындағылардың ағат қылығын әдемі мысқылмен әжуалап, олардың мінездеріне сай ат қойғыш екен. Ғалекең сол қырын да айтыпты.
«Кенен ақынға: «Басың тұз түйген келсаптың басындай бозала боп кетіпті ғой», – десе, Есдәулет ақынға: «Суықтөбенің суыр аңдыған қоңыр ала бүркітіндей қопайып қайдан келдің?» – депті. Баласы Аққұлды «Іңірде ұшатын қара қоңыздай дарылдағым» дейтін».
Аузы дуалы ата-бабаларымыздың атқойғыштық дәстүрін бүгінгі ұрпақ жалғастырып жүр ме? Әй, қайдам…
Ақын, драматург, аудармашы Қуандық Шаңғытбаев кіммен кездессе де «Өй, Тахауи» деп әзілге жығып сөйлейтін әдеті бар-тын. Неге? Тахауи Ахтановпен түйдей құрдас, дос. Сол Қуандық ағамыз әдебиет, өнер саласы бойынша Мемлекеттік сыйлыққа ұсынатын комиссия мүшелігінен бір жылдан соң бас тартыпты. Себебі ме? Лауреаттықтан үміткер бір жазушы «Маған дауыс беріңіз!»деп табалдырығын тоздырады. Жай келмейді. Қолында – дорба. Ішінде – қазы-қарта, коньяк, шампан… Дауыс беруге ыңғайлаған «жөн-жоралғысын» өзіне қайтарып, арқалатып жібереді. Оған дауыс берген бе? Жоқ, бермеген. Соның өзінде сол жазушы Мемсыйлықты алған. «Бағанағыдай кезбелер алмай қоймайды деп естіген едім, рас екен», – депті Қуан аға, өзімен мінездес Ғаббас інісіне. «Кезбенің» кім екенін сезгіңіз келсе, ғибратты хикаятқа көз жүгіртіңіз.
Заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовті 1953 жылдың көктемінде замандастары «феодалшыл», «буржуазияшыл», «кертартпа», «ұлтшыл» деп албаты айыптауымен қуғынға ұшырағанда, Мемлекеттік Қауіпсіздік Комитеті құра бастаған қақпанға түсірмей, құтқарып, Мәскеудегі достарына жасырын аттандырып жіберген жанкешті жазушы кім? Әнуар Әлімжанов. Қалай? КГБ жүйесінде орта дәрежелі қызмет істейтін ағасы Абдолламен алдын-ала келісіп, Мұхтар Әуезовке тұтқындалу қаупі төнуі мүмкін екенін ескертіп, құлағын түре жүруді тапсырады. Содан бір күні ағасы келіп, Мұхаңның ертең тұтқындалатынын хабарлайды. Мұхаң сыңаржақ сынға жем бола бастағанда-ақ ұстазын құтқару жолдарын іздеуге құпия кіріскен Әнуар сұмдықты Мұхаңа шебер жеткізіп, сендіре біледі де, ағасы арқылы КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты Қалибек Қуанышбаевтың атына авиабилет алып, Мәскеудегі сырлас досы Александр Фадеевке аман-есен аттандырады. Қақпан құрғандар қапы қалады. Мұқаңның Мәскеуде екенін сонда жүрген драматург-жазушы Әлжаппар Әбішев естіп, іздеп барып, сәлем береді. «Мен үшін басын балтаның астына тосқан Әнуардың адамзаттығына – өлсем топырағым риза. Егер ол қашып кетудің алуан түрлі айласын таппаса, мен қазір Мәскеудің мынандай төрінде емес, Алматыдағы түрмелердің бірінің түбінде отырар едім», – депті Мұхаң, шәкіртіне ризашылығын танытып.
Мәскеуде ұйымдастырылған «Жас тұлпар» бірлестігінің Алматыға келген тобын – ұлт мүддесін көздеген ойлы жастарды әсіресаясатшылардан батыл қорғаған кім? Әнуар Әлімжанов. Мұстафа саяси ақталмай тұрған кездің өзінде «Қазақ әдебиеті» газетіне «Мұстафа Шоқаев… Ол кім?» деген көлемді, дәлелді мақала шығарып, оны ақтау туралы ОК-ның алдына батыл талап қойған кім? Әнуар Әлімжанов. Сондай-ақ Сәкен Сейфуллиннің, Бейімбет Майлиннің бірнеше әңгімесін, әсіресе, «Шұғаның белгісін» орыс тіліне тұңғыш аударған Әлекең екенін білеміз бе? Әлемге әйгілі ғұлама Әбу Насыр әл-Фараби бабамыздың бүгінгі бейнесін шетелден тауып әкелген де – Әнекең екен.
Мектеп бітіруші қазақ жастарын мал соңына салып қоюды көздеген Мәскеудің үндеу-ұрандарын құптамай, жеткіншектеріміздің өздері қалаған жоғары оқу орындарына барып, техникалық мамандық алуы – ертеңгі күннің талабы екенін «Правда», «Литературная газета» беттерінде алғаш айтқан да – Әнекең. Азия және Африка жазушыларының 1973 жылғы қыркүйекте Алматыда өткен бесінші конференциясын ұйымдастырған да – Әнекең. Кезінде Мұхтар Әуезов: «Егер І Петр Еуропаға терезе тескен болса, Әнуар Әлімжанов тұтас ашты!» – деген екен. Көреген ұстаз шәкіртінің кеудесіндегі шуақты сәулені сезген ғой.
…Сатиралық тілмен тұздықталған саяси астары бар сан алуан хикаят та шаш етектен. Үңілесіз. Үңілесіз де, кейбір жәйттерден түңілесіз. Аты-жөні әйгілі бір саясаткер інісі 2003 жылы қыста ғарышкер Тоқтар Әубәкіров екеуі Алматы облысындағы Сөгеті елдімекенінің маңында бүркітпен аң аулағандарын, сол маңда тұратын бір бүркітші қарттың үйінде мейман болғандарын, қарттың Тоқтарға «Сен де көкте самғаған қырансың ғой!» деп мақтаныш сезіміне бөлене бүркіт сыйлағанын айтыпты. Саясаткер інісі тұғырда бір бүркіттің мыжырайып отырғанын байқапты. Сөйтсе, ол бүркіт бірде түлкіге сәтсіз түсіп, топшысы сынған екен. Бірақ кейін жарақаты жазылса да, аңға беттемейтін, тіпті ұшудан қорқатын болыпты. «Байғұс-ай, кәдімгі үй құсына айналыпты. «Бүркіт те киелі құс қой» деп аяп, қанатынан сипап, «Мұң бар ма екен?» деп оның көзіне үңілдім. Көзінде мұңның елесі де жоқ екен. Үйдегі үйрек пен тауық секілденіп, қолыңа дәмете қарайды. Сол бүркіттің міскін кейпі көз алдымнан кетер емес», – депті. Сабауқамшылы саясаткер атанып, кейінірек шапалақ жегеннен шоколаджегішке айналған бір ақын ағасын меңзепті. Саясаткер інісі кім? Білгіңіз келсе, «Көңіл көгінде» тайға таңба басқандай жазулы. Парақтаңыз.
Ғаббас аға 1977 жылы қаңтар айында Мағжан Жұмабаевтың жұбайы Зылиха апаймен танысады. Қазақ әдеби қорының директоры кезі. «Қайтыс болған жазушылардың отбасы мүшелеріне жәрдем» дейтін бапқа сәйкес, жыл сайын бір мәрте, екі мәрте ақшалай көмек көрсетеді. Бір жарым бөлмелік пәтерін Министрлер Кеңесінің төрағасы Жұмабек Тәшенов бергізген екен – нағыз ерлік, қамқорлық! Мағжан ағаның ақталмаған заманы ғой.
Ғабекең Мағжанның артында қалған архивін ақтарып, қолжазба, өлеңдерін түгендеп алады да, мәшеңкеге төрт дана етіп бастырады. Сосын сол шығармаларын баспаханамен келісіп, жасырын басқан екі томдық сегіз кітапты шығарады да, Зылиха апайға апарып тапсырады. Күндердің күнінде құпиясы ашылып, тәркілене қалса деген сақтықпен екітомдықтың біреуін апайға қалдырады да, біреуін Әнуарға беріп, біреуін өзі алады. Ал соңғы данасының тағдыры «қызық», оны да жинақтан оқып біле аласыздар.
Қазақ әдебиетінде тұңғыш сатиралық роман жазған Садықбек Адамбеков жасы ұлғайған шағында сырқаттанып, өзі туып-өскен Арыс қаласына қоныс аударып, сексенге келгенше сонда он жылдай ғұмыр кешкені белгілі. Ғабекеңнің «Жалғыз келіп өмірге, жалғыз кетіп барамын» деп мұң шаққан Сәкеңмен қаншама хат жазысып, хат алысқаны – бір ғибрат. Оңтүстіктің Арыс қаласынан 1995 жылы маусымның 24-і күні жолдаған алғашқы хатының соңғы сөйлемі былай аяқталады: «…Әдебиет әлеміне от ұстап келіп едім, отқа оранып өлетініме кәміл сенетін шығарсың. Менің айтар өкпе-назым жоқ. Құдайдың салғанын көріп жатырмын. Арыс азаматтарының арқасында жоқшылық көріп, жалғыздық көріп жатқаным жоқ. Бірақ мына «шылбыр сүйреткен» пасық ауру арыма да, намысыма да тиіп, көз алдым күңгірт тарта береді…» Дертке ұшыраған ағасының хал-ахуалын хат арқылы сұрап, жанына жалау болған Ғабекең қаншама сауап жинағанын біз біле береміз бе?
Сәкең араларынан қыл өтпейтін достары – Сырбай Мәуленов, Тахауи Ахтанов, Жұбан Молдағалиев дүниеден озғанда қалай күніренгенін жазыпты. «Жұбан болып тудың да, Махамбет болып өлдің сен». Өзіне тоқтау салыпты. «…Сырбай қазасы мені сансыратып кетті, қанжылатып кетті. Жалғыз қалғанымды сонда ғана сездім. Мені үрей басты!» – деп, жоқтау өлеңін «Қазақ әдебиетіне» жолдаған. Ал Тахауиға арнауында:
…Жалғыз түп қана тал едің,
Кеттің орман өсіріп,
Сол орманға ел көшіріп,
Мен үйімді жыға бастадым,
Ошақтың отын өшіріп, – депті.
Аза бойың қаза болардай жыр жолынан үзінді ғой бұл. Бейнелі сөзбен бедерлеп, «Беу, дүниені!» жоқтаудың үлгісі осындай-ақ болар.
Табиғаты тылсым Жұмекен Нәжімеденовпен араласқандардың бәрі «жібек мінезді жігіт еді» дейді. Ғаббас аға ше? «Өзі ақын, өзі домбырашы-күйші болса, Тәңірі Адам, Азамат етіп жаратса, ақыл-парасаты мол Жұмекең қалай ғана жібек мінезді болмасын?!» – дейді. Жаратылысы солай. Ішек-сілеңді қатырар анекдот естігеннің өзінде, ептеп езу тартқаны болмаса, күлмейді екен. «Айғырша арқырап күлмеген соң жігіттің айызы қанушы ма еді, осы сен қашан дұрыстап күлесің?» – десе, Жұмекен: «Ауыз шіркінімді барынша ашып күлсем, шолақ тілімнің қабынаты бар», – депті. Сонда Шәмші Қалдаяқов: «Мұның бір өлеңі бар, қалай еді, әлгі… «Америкада түс көрсең де, төленетін ақы бар» ғой, ә? Жұмекенге жөндеп күлу үшін ақы төлеу керек!» – деп қуақыланса керек. «Кей күні – ішің, кей күні – ісің сатылар, Америкада түс көрсең де – төленетін ақы бар» деп басталатын өлеңі ғой? – дейді Ғаббас аға. Шәмші мәз бола күлді. Жұмекен жымиды».
Иә, Жұмекен жай ғана жымиятын. Қарқылдап күлмейтін. Неге? «Бұтақтарың – биікте, тамырларың – тереңде… Бомбалар қоймасындай көкірегімді күні-түн күзетемін» деп жиі толғанатын (оның жүрек сырқаты бар еді) дара ақынның езуіне күлкі құрғыр үйіріле қоймаған:
Адасады ақша бұлт,
Ақ шың тауып қонбаса.
Бұлтта тұрған түк те жоқ,
Адасқаны болмаса.
Терең дейміз қара су,
Қара емес-ақ ол да аса.
Суда тұрған түк те жоқ,
Тереңдігі болмаса…
…Егде ақын-жазушы ағаларымыздың адамгершілікпен көмкерілген сырларын тыңдай бергің, Жұмекеннің, Қадырдың, Тұманбайдың, Сәкеннің, Тоқтарбектің… сұлу жырларын, Оспанәлінің, Оспанханның, Тоқтарханның, Қажытайдың… ажарлы әзіл-сықақ әңгімелерін оқи түскің келеді. Жайдары жаздың тұнық түнінде көгілдір аспан әлеміндегі жарқыраған жұлдыздарды тамашалағымыз келетіндей. Сондай сезімге бөленгісі келген жандар Ғаббас ағаның ғибратты хикаяттарын парақтасын.
Көпен ӘМІРБЕК