Нығайған қарым-қатынас
«Шетелде тұратын қазақ диаспорасының өкілдерін қазақстандық қоғаммен ақпараттық жұмыс жүргізу үшін жұмылдыру» атты жоба бойынша шетелде тұратын қазақ диаспора өкілдері Қазақстан қалаларында жергілікті халықпен кездесулер өткізуде.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысымен Халықаралық «Жанашыр» қоғамдық қоры ұйымдастырған бұл жобаның негізгі мақсаты – шетелде тұратын қазақтармен қарым-қатынасты нығайту. Жобаның ақпараттық топ құрамында: Каюм Кесижи (Германия), Ерол Шұғайып (Германия), Абдулсамет Алтай (Франция), Бешир Жаналтай (Ұлыбритания), Құндыз Бахатрысбай (Моңғолия), Емре Унлы (Түркия), Жарқын Өтешова (Ресей), Арай Умитаева (Ресей), Батыр Хамзаұлы (Түркия), Айкен Солонен (Финляндия), Сүлеймен Шадкам (Германия), Салтанат Өмірәлі (Қытай), Гүл-Лайла Абдулжалелқызы (Ауғанстан), Зияхак Абдулжалелұлы (Ауғанстан), Ислам Жеменей (Иран), Харун Худаяр (Сауд Аравиясы) бар. 2015 жылғы 29 қыркүйек пен 10 қазан аралығында ақпараттық топ мүшелері Алматы, Қызылорда, Түркістан, Кентау, Тараз қалаларына іссапармен барып, жергілікті халықпен кездеседі, онда шетелде тұратын қазақ диаспорасының тыныс-тіршілігі, Атажұртпен қарым-қатынасы, қазақ тіліне, салт-дәстүріне, діні мен діліне қатысты өзекті мәселелер қозғап, пікір алмасады.
Әр елдерден келген қандастарымыз алғашқы жұмыс күнінде «Мәңгілік елдің ұлы тарихы» атты «Дөңгелек үстелде» қазақ зиялы қауымы өкілдерімен жүздесті. Ақпараттық топ мүшелерімен «Қазақ әдебиеті», «Егемен Қазақстан», «Айқын», «Түркістан» газеттерінің, «Қазақ газеттері» ЖШС редакцияларымен, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Абай атындағы ҚазМПУ, Ясауи атындағы Қазақ-түрік университеті, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті студенттерімен кездесу кештері және Кентау қаласында «Қазақ хандығының тарихы мен «Мәңгілік ел» идеясының сабақтастығы мен маңыздылығы» атты Қазақ хандығы құрылуының 550 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция, сонымен қатар, Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған Таразда өтетін шараларға қатысу жоспарланған.