Махаббаттан мемуар маздатқан министр
03.09.2019
835
0

…Сәуір айы түгесілуге таяған шақ. Алда жан жадыратар мамырдың жаймашуақ шақтары. Жүрек сырқатымен Әзілхан Нұршайықов министрлер кеңесіне қарасты орталық ауруханада жатқан. Кешкі аста көрші үстелге жайғасқан ерлі-зайыпты таныстарына көзі түсті. Ұзақ жылдар білім министрлігін басқарып, зейнетке шыққан мемлекет һәм қоғам қайраткері Тұрғанбек Қатаұлы қосағы Базаргүлмен отыр.

Амандық-саулықтан соң:
– Әзілхан, қолың бос болса біздің палатаға кел, ақылдасатын әңгіме бар, – деді Тұрекең.
Әзағаң бірер сағаттан соң 16-палатаның есігін тықылдатты.
– Келіңіз, төрлетіңіз, – деп, Базаргүл әп-сәтте шай қойды.
Шәй үстінде Тұрекең әңгімесін бастап кетті:
– Анау папканың ішінде естеліктерім жатыр. Әрісі саясаткер, Ұлыбританияның премьер-министрі Черчилль, маршалдар Жуков, Рокоссовский, берісі батыр ағаларымыз Бауыржан, Мәліктердің естеліктері, сенің Қалима келін жәйлі жазған «Мәңгілік махаббат жыры» шығар­маң маған ой салды. Біз фәнидің қонағы емеспіз бе? Өмірдің көбін жасап, азы қалды ғой. Мемуарым соғыс кезін емес, соңғы ширек ғасырды қамтиды. Мен басқарған министрліктің қиын кездердегі аса жауапты қам-қарекеті айтылады. Шау тартқан шағымда Құдай қосқан Базаргүл – «Бәшен» жеңгең екеуміздің жан сырымыз шертілмек, – деп Тұрекең күлімсірей қарап қойды.
– Жөн екен. Басталған істі тастамай жалғастыра беруіңізге тілектеспін, – деді Әзілхан.

* * *

…2003 жылы 20 баспатабаққа жуық Тұрғанбек Қатаұлының мемуары әл-Фараби атындағы қазақ Ұлттық университетінің баспаханасынан жарыққа шықты. Кітапта Желтоқсан оқиғасы кезінде министр болған Тұрғанбек Қатаұлын жазықсыз жазғырып, титықтатқан тағдыр тақпызеті, министрліктің қым-қиғаш жұмысы, міндеттері, ректорлар жайы, кадр мәселесі, студенттер өмірі, оқу-тәрбие ісі, өзге де толып жатқан көкейкесті мәселелер лек-легімен суреттеледі. Мұ­ның сыртында кісі қабылдау, олардың өтініштерін ескеріп, ұсыныстарына құлақ асу өз алдына бір төбе.
Естелікте өнер тарландарынан Серке Қожамқұлов, Бибігүл Төлегенова, Ермек Серкебаев; жазушылардан Сафуан Шәймерденов, Олжас Сүлейменов, Тұманбай Молдағалиев, Фариза Оңғарсыноваларды; екі мәрте Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаев, өзге де толып жатқан адамдарды қабылдап, бәрінің де көңілінен шығып, өтініштерін орындап отырғанын айрықша сөз етеді.

* * *

Түн ұйқысын төрт бөліп, жұмысын тап-тұйнақтай орындамай тынбайтын Тұрекең біраз уақытын отбасына, бала тәрбиесіне де арнаған. Ал өмірінің түсі ауған шағында серік болған Базаргүлге деген сезімі ерекше нәзік, ғажайып оқиғаға толы. Кітаптағы Тұран атты азамат Тұрекеңнің прототипі екені бесенеден белгілі. Ал Базаргүлі – Бәшен. Жас айырмасына қарамастан, Бәшеннің өзіне деген сүйіспеншілігін автор былай суреттейді:
«…Көз салғандар, соңымнан салпақтап жүргендер жетерлік болатын. Әйтсе де, дәл саған дейін асау да қызыл сезімнің тиегі ағытылмаған еді. Соны маздата қаулатып, естен тандырған сенсің, Тұран. Арман-тілегім, бар бақытым мен болашағым бір өзіңе байланысты болғанын енді ғана сезгендеймін. Сені ойласам, өзімді қоярға жер таба алмаймын. Махаббат атты ыстық сезім шоғына өртеніп барамын»… (60-бет)
Ал Тұранның Бәшеніне деген махаббаты тіпті ерекше. Ол Кисловодскідегі одақтық министрлер кеңесіне қарасты «Красные камни» аталатын санаторийде тынығып жатқанда Базаргүлден Сочиға баратыны жайлы оқыс телеграмма келеді. Тұран қалған он бес күнін тастай салып, Бәшенін қарсы алу үшін жалма-жан Адлерге, ұшақ алаңына ұмтылады. Түні бойы көзі ілінбейді. Қарсы алдында Бәшені – Әдемі. Оның өзгеге ұқсамайтын бейнесі. Көрікті келбетін көргенше тағат таппайды. Сочи қаласынан жалға үй алып, демалысын Әдемісімен бірге жалғастырады. Автор осы көріністерді айрықша тебіреніспен, толқу сезімімен суреттейді.

* * *

Тұрекең өзі білетін, көзін көріп, сөзін естіген республиканың байырғы басшылары туралы да ақиқатты айғақтар келтіреді. Қонаевтан бұрын Қазақстанды басқарған Жұмабай Шаяхметов хақында да жазған. Сол кездері Орталық Комитетте өзі де қызмет атқарған шақтарын есіне түсіреді.
«…Елуінші жылдары Жұмабай Шаяхметов бірінші хатшы еді. Орта бойлы кісі болатын. Кезінде гимназияда оқыған. Орысша сауатты. Беделді басшы болды. Ол кезде кешкі қызмет деген болатын. Сталин түнгі сағат 12-де (бізше сағат түнгі 3:00) Кремльден Кунцеваға қайтатын көрінеді. 1954 жылы республика басшылығына П.К.Пономаренко, Л.И.Брежнев келді. Шаяхметовты қызметтен босатып, Оңтүстік Қазақстан обкомының бірінші хатшылығына жіберді. Тұран ол кезде осы обкомда бөлім меңгерушісі болатын.
Кешікпей обком пленумы шақырылды. Орталық Комитеттің екінші хатшысы Л.И.Брежнев Жұмабай Шаяхметовты қатты сынға алып, орнынан босатты.
– Мен ауыр науқаспын, адамды аяу қайда? Ай жоқ, шәй жоқ, осылай қорлауға бола ма! – деп Шаяхметов ашуын жасырмай айтып салды.
…Жұмабай 16 жыл Қазақстанды жанын сала басқарды. Ол сұрапыл соғыс кезінде де, одан кейін де қызмет істеген көрнекті қайраткер еді. Адал да шыншыл азамат болатұғын. Жұмыстан алынған соң Мәскеуге емделуге кетті. Үй-мүлкі, тіпті төсегі де жоқ, поспредтің босағасында жылға жуық жатты. Мұны республика басшысын қасақана қорлау, оның елін сыйламау деп түсінбеске шара жоқ»…

* * *

Қазақ әдебиетінің негізін қалаушылар­дың бірі – Сәбит Мұқановтың 70 жылды­ғына қатысқанда Тұрекең құттықтап сөз сөйлеген-ді.
– Сәбеңнің «Сұлушашы» мен «Жұмбақ жалауын» жастығымыздың астына жастанып жатып оқыған едік. Осындай ғаламат жазушыға бестармақ жұлдызды алып беру керек еді, амал қанша, қолдап қолқа салушылар болмаса не демексіз? – деп өкпе-назын да ашық айтқан-ды.
…Көп ұзамай, екі жылдан соң, Сәбит Мұқанов бақиға озды.

* * *

Желтоқсан оқиғасынан кейін мамыр айында Тұрекеңді Кеңес ауданының бюросына шақырады. Бюро мүшелерінің түстері – түнерген бұлттай суық.
– Партбилетіңізді тапсырыңыз, сіз партиядан шығарылдыңыз! – деп сазарды, терісіне сыймай тесіле қараған Тельнов деген хатшысы.
– Бұлардың қазақ студенттері орыс кезекшісін тепкілеп өлтірген, – деп тепсінді екіншісі.
– Қатаев Халық шаруашы­лығы институтының ректоры Рудневті орнынан заңсыз босатты, – деді үшіншісі.
Тұрекең тайсалған жоқ.
– Руднев Кавказдан келген абиту­риент­терді жоғарғы оқу орнына заңсыз қабылдағаны үшін орнынан босады, – деді Қатаев қаймықпай. Содан соң, жалақорлардың қалған жалаларына да жауап берді. Кеңестік кезеңнің кесірлі кезіндегі орыс шовинистерінің ожар қылығын тайсалмай беттеріне басып өктем сөйледі.

* * *

«Дәуір» атты кітабын Тұрекең Әзілхан Нұршайықовқа қолтаңбасымен сыйға тартты. Арада апта өтісімен Әзағаң Тұрекеңе телефон соқты. Есен-саулық сұрасқаннан кейінгі сөз мемуар төңірегіне ойысты.
– Кітапты оқыдың ба? – деді Тұрекең.
– Оқығанда қандай! – деді Әзағаң.
– Қалай екен, мен жазушы емеспін ғой?
– Бәлі, Тұреке, мемуарыңыз сәтті жазылған, құтты болсын! Министрлер мұндай кітап тудыра берсе, ғажап болар еді. Сөз орайы келгенде айтайын, ертеректе Қаныш Имантайұлының баритон даусымен әндеткен «Бүркітбайын» тыңдаған Ахмет Жұбанов: «Қанеке, егер сіз вокалға барсаңыз Үлкен театрда Борис Годунов рөлін ойнар едіңіз», – дегені есімде қалыпты. Қара сөз де, қара өлең де жазғаныңызға қарап, егер қаламгер болғаныңызда бізді қалпақтай түсіретін түріңізді байқадым, – деп күлді Әзағаң.
Көп ұзамай Тұрекең бақилық болды. Бірақ, сегіз қырлы, бір сырлы тарлан тұл­ғаның тебірене жазған мемуары – соңғы ширек ғасырының айнасындай. Биыл көрнекті тұлғаның 100 жылдығы екен.
Министр боп қомақты істер
қоздаттың.
Махаббаттан мемуар да маздаттың.
Қасиетіңді қимай қалған қосағың –
Бәкешіңді ботадайын боздаттың.
Тәлкек тағдыр – тұнып тұрған жыр екен,
Саласы мол сайрап жатқан сыр екен.
Бір ғасырдың ғақлиясын шерткендей
Тұр, асылым, тарлан тұлға Тұрекем!

Мыңбай РӘШ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір