Алыптар шоғырының айбоздары
03.09.2019
1699
0

ҚАРҚАРАЛЫДА АЛАШ АРЫСТАРЫНА ЕСКЕРТКІШ ҚОЙЫЛДЫ

Алаштың үш арысы – Әлихан Бөкейханұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Әлімхан Ермековке Қарағанды облысы Қарқаралы қаласының төрінен ескерткіш орнатылды. Олар «түн ұйықтамаған, күн отырмаған», «күннен туған, гүннен туған» халықтың арқа сүйер көсемдері еді.

Олар елін бодандықтан, империяның құрсауынан босатуды көксеген, Қазақ Жерінің шекарасын бекіту үшін Ленинмен сөз таластырып, ой жарыстырған, ұлт қамы үшін өз өмірлерін құрбан етуден еш тайсақтамаған арда мінез азаматтар еді, ел ағалары еді… Міне, сол алыптар шоғырының айбоздарына Арқа төсінен келісті ескерткіш тұрғызып, барша қазақ баласы сүйіншілеп, қуанып жатыр.
Бұл ескерткіш Қарағандының қақ төрінен, Нұр-Сұлтанның миуалы бақтарының бірінен орнатылғанда, алаш баласының айбыны асып, алапасы арта түсер де еді-ау… Бас қаладан көптен бері айтылып жүрген «Алаш арыстарының композициясы» орнатылар деген үмітіміз бар. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың маңындағы алашшыл азаматтар бұл істі уақыт созбай қолға алар деп үміттенеміз.

Алаш қайраткерлерінің кесек тұлғалары сомдалған ескерткіштің ашылу салтанатына алыс-жақыннан зиялы қауым өкілдері арнайы қатысты. Ескерткіштің жобасын қағаз бетіне алғаш түсірген – суретші Сәкен Дәулетбаев, мүсіншілер – Талғат Байоразов пен Кенжебек Қошантаев. Қоладан құйылған ескерткіштің биіктігі – 3,15 м, салмағы – 2 тонна.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір