АЗИЯ ЖАЗУШЫЛАРЫНЫҢ ФОРУМЫ: ақылдасайық, айтайық, талқылайық…
23.08.2019
955
0

Тұңғыш рет ұйымдастырылғалы отырған Азия жазушыларының форумы қарсаңында еліміздегі белгілі қаламгерлердің пікірін арнайы сұрақтар бойынша топтастырып беруді қолға алғанымыздан оқырман қауым хабардар. Алқалы жиын аясында Азия құрлығына аты мәшһүр қаламгерлер келіп, келелі кеңес құрмақшы. Бұл басқосу – ой бәсекесі, сөз майданы, ізгілік насихатшысы болмақ-дүр. Ендеше, Орталық Азия жазушылары, оның ішінде қазақ қаламгерлері нендей сүбелі пікір айтқаны жөн? Іс-шараны пайдаланып, біз өз әдебиетіміздің артықшылығы мен кемшілігін сарапқа сала аламыз ба? Руханиятымыздың бүгіні мен болашағы туралы толғансақ, әуелі қандай мәселелерді әңгіме өзегі етпегіміз ләзім? Бүгін тағы бір топ қаламгердің пікірін ортаға салып отырмыз.


«Қазақ әдебиетінің» сұрақтары:
1. «Азия елдері қаламгерлерінің І форумында» қандай мәселе қозғалғанын қалайсыз?
2. Форумда сөз тисе, қандай ұсыныс айтар едіңіз?
3. Азия кеңістігіндегі төл әдебиетіміздің алар орны туралы не ойлайсыз?
4. Қазақ әдебиетінің жетістігі неде, кемшілігі ше?
5. Әлем және қазақ әдебиетінің қандай ортақ проблемалары бар?


Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ:

«Төрткүл дүниеде қазақ поэзиясына тең келер құбылыс жоқ»

1. «Азия елдері қаламгер­лерінің I форумында» ең әуелі «Әдебиет әлемге керек пе?», «Әдебиет мемлекетке керек пе, мемлекет әдебиетке неліктен жеткілікті түрде көңіл бөлмей отыр?» деген мәселелер аясында ой қозғалу керек.

2. Әлем әдебиетінде қазақ поэзиясының алар орны ерекше. Шынымды айтсам, бүгінгі өркениетті елу елдің әдебиетінен де қазіргі қазақ поэзиясымен тайталаса алар бір  жұртты көре алмай отырмын.  Сонау эпостық жырлардан, жыраулар поэзиясынан бастап, бертіндегі Абай, Мағжан, Ілияс, Қасым, Мұқағалиға дейінгі аралықта қаншама жауһар дүниелер бар. Қазақ жырының әлеуеті өте зор, болмыс-бітімі де ерек. Соған қарамастан, қазақ жырының әлемдік кеңістікте бой көрсетуі өз дәрежесінде болмай тұр. Іргемізде көршілес жатқан орыстардың өзі Абайды аудара алмады. Абайды аудара алмағаннан кейін, Ілияс та, Мұқағали да, Қасым да өз дәрежесінде тәржімаланбағаны өз-өзінен белгілі ғой? Қазақ әдебиетінің озық үлгілерін әлем тілдеріне көркемдігі мен қасиетін сақтай отырып, өз деңгейінде аударуды ең негізгі мәселе ретінде қолға алу керек. Батыс әдебиеті жарнамасымен мықты болып отыр. Бізде ол жоқтың қасы…

3-4. Қазақ әдебиеті, әлем кеңістігі өз алдына, Азия жұртына да әлі толықтай танылып үлгермеді.Ұлттық әдебиетіміз осы күнге дейін біраз биікті алды, әрине. Алайда, насихаты жоқ! Осы Азия елдері форумын пайдаланып, әдебиеттің озық үлгілерін әлемге танытудың алғышарттарын жасауға болар еді. Бізде «Қасым бар, Мұқағали бар, Мұхтар Мағауин, Әбіш Кекілбай, Қабдеш Жұмаділ, Фариза,  Дулат Исабек бар, Рахымжан Отарбай бар!» – деп айтуымыз керек! Бір-бірімізді қызғанбай…. Өзімізді өзіміз мойындасақ, басқа ел де бізді  мойындайды!

5. Әлем әдебиетінің проб­лемасы осы жиында менсіз де айтыла жатар? Қазақ әдебие­тінің көкейкесті мәселесі оның насихатының төмендігі екенін айттық. Әлем қазақ қаламгер­лерінің әлі күнге дейін қаламақы да  алмайтынын естісе, ұяттың көкесі сол болар еді… Ұлы клас­си­калық туындыларымызды бізден басқа ешкім білмей отыр, мәселе – осында.


Жүкел ХАМАЙ, ақын:

«Әдеби менеджмент» қызметін жандандырукерек…»

1. 1979 жылы Уланбатыр қаласында өткен «Азия және Африка елдері жазушыларының форумына» қатысқан болатынмын. Бұл форум менің үлкен әдебиетке беттеуіме жол ашты. «Бейбітшілік» тақырыбында болған осы форумның шақыртуы, ондағы талқыланған мәселелер әлі күнге дейін есімде сақтаулы әрі ол естеліктер мен үшін өте қастерлі. Осы жиын қарсаңында Евгений Евтущенко, Жұбан Молдағалиев, Төлепберген Қайыпберген, Әзиз Несин сияқты ұлы тұлғаларды алғаш рет жүзбе-жүз көрудің сәті түсті. Олардың оқыған өлеңдері мен айтқан сөздері жастық жадымызға әбден сіңді… Содан кейін осындай ауқымды форум өтпеді-ау!?..
Жазу­шы­лар одағы Басқарма­сының қазіргі Төрағасы Ұлықбек Есдәулет – Горький мектебі мен Тверский көшесін шарлаған ұлыларды жадына сіңіріп өскен қаламгер ғой. Сонысынан да болар, сонау жылдардан кейін желісі үзілген әлемдік шараны батыл қолға алып отыр. Бұл игілікті ісі үшін, ол кісіге алғыс айтамыз, сәттілік тілейміз.
Ал, тақырыпқа келсек, қазір «бейбітшілік» ұраны ескіріп те кеткен сияқты. Экология да «жауыр тақырыпқа» айналды, одан гөрі, «Сен екеуіміз», «Біз осылай ойлаймыз»… деген секілді, өркениет шуылынан алшақ, ізденіс пен шығармашылыққа бағыттайтын тақырыптар молырақ ұпай жинайтындай көрінеді. Жалпы, ақындар мен жазушылар, шығармашылық адамдары – бір ананың балалары тәрізді ғой!
2. Поэзияның құдіреті туралы, сөздің киесі, түйсіктің болмысы туралы айтатын шығармын.

3. Біздің әдебиет Шығыс Азияға жете қойған жоқ. Бір ғана «Қараш-қараш оқиғасы», «Көксерек» шығармалыры әлемдік кеңістікте танылған болса, оқырмандар бүгін Акутагава, Ян, Муракамилерге табынбас еді. Біз соларға орта ғасырға дейін берген ұлылықтарымызды қайтарып ала алмай отырмыз. Қазақ ақын-жазушылары,  барынша, мол аударылып, кеңінен насихатталуы керек. Сонда ғана біздің кәріс сериалдарын жиі көретініміз секілді, олар да біздің Бейімбет, Оралхандарымызды бас көтермей оқитын болады.

4. Қазақ әдебиетінің жетістігі – орасан. Барды «бар» деп айтуымыз керек! Өзгені айтпағанда, Рахымжан мен М.Мағауинді, тіптен Дидар мен Дәуренді аударып, әлем оқырмандарына оқытшы, әдебиетіміздің биіктігін сонда сезінесің. Дәурен Қуаттың «Мүйіз тарақ» шығармасы менің аудармаммен моңғол тілінде жарық көріп, оқырманның ыстық ықыласына ие болды. Өткен күзде соны Мэнд-Оёоо дос «Азия прозасы» антологиясына енгізуге рұқсат алды. Осы орайда, әдебиетті үйлестіруші қызметі (менеджмент) қолға алынуы керек деп ойлаймын.

5. Ортақ проблема жоқ. Алшақтық,  қоғамдық санадан туындаған проблемалар бар. Біздің әдебиет, кітап нарығы әлі де сол коммунистік санамен өрістеп келеді. Нарықтық елдерде, мысалы, менде үйлестіруші, баспагер, үгіттеуші… сияқты менің бір өлеңімді мыңға балап, нарыққа өткізетін «кәмірсанттарым» болады, делік. Олар мені үстел­ге отырғанымнан бастап жарнамалайды. Бір өлеңім­нен кемінде мың доллар табыс табады. Бізде әдебиет – кәсіп емес, өнер қағидасы ретінде ұлықталады. Батыста, керісінше, әдебиетке өнер деп қана емес, кәсіп ретінде қарау белең алған. «Әде­биетті үйлестіруші» қызметі айтар­лықтай қолға алынса, қаламгерлердің жаза түсуіне, жазу арқылы адал пайдаға кенелуіне  жол ашылар еді. Сонда ғана бәріміз ортақ бір нәрсеге – әділеттілікке, адам­гер­шілікке, табиғилыққа, адами қасиетті қорғауға, ой-санамызды жетілдіріп, ақиқатқа жақындауға бар күшімізді салар едік.


Нұрғали ОРАЗ, жазушы:

«Бүкіл әлем әдебиетінде жұмбақ дағдарыс пайда болғандай…»

1. Әрине, ең алдымен, әдебиет туралы әңгіме болғанын қалар едім. Себебі, соңғы жылдары қандай да бір форум, жиын болмасын, саясатқа қарай бұрылып, бүгінгі күннің мәселелерін сөз еткен болып, көпшіліктің уақытын алғаннан басқа ешқандай пайдасы жоқ популизм алаңына айналып кететінін көріп жүрміз.
Ал, шындығында, адамзат тіршілігіндегі проблемалардың бәрі де мәңгілік сияқты. Кеше болған, бүгін бар, ертең де жалғаса береді.
Жалпы, қазір біздің ғана емес, бүкіл әлем әдебиетінде бір түсі­ніксіз, жұмбақ дағдарыс пайда болған секілді. Ұлылар кетіп, жыл­дан жылға ұсақталып бара жат­қандай күй кешудеміз.
Бұл – бірінші мыңжылдықпен бірге әдебиеттің тұтас бір дәуі­рінің аяқталып, екінші мыңжыл­дықтағы жаңа дәуірдің бастауында орын алған уақытша тыныштық болуы да мүмкін.
Қалай десек те, әлем әдебиеті бүкіл дүниені елең еткізетін жаңа бір шығарманы күтіп тұрғаны анық. Демек, жаңа форма, жаңаша стиль, өзгеше ой айту тәсілі қажет.
Бүгінгі постмодернизмдегі «бұл менің өз ойым, өз көзқа­ра­сым, түсінгіңіз келсе, түсініңіз, түсінбесеңіз, қойыңыз» дегендей өзімшіл принцип талғам таразысына татымайды.
Рас, қазір жұртты таңғалдыру қиын. «Ертең басқа планетадан қонақтар келеді, солармен бірге отырып шай ішіңіз», – десеңіз де, «Уақыт болса, көреміз», – деген жау­ап алуыңыз мүмкін.
Бұл не сонда? Самарқаулық па? Салқынқандылық па? Әлде бәрін көріп, біліп, көз жеткізіп қойғанбыз ба? Иә болмаса, мынау тіршіліктің мәңгі жалғаса беретін ескі проблемаларынан шаршадық па?.. (Қазақ әдебиетінің классигі Тәкен Әлімқұлов өзінің «Сары сыбызғы» атты әңгімесінде «Әді­лет орнамайтынына көзім жетті, дүнияда ет жейтұғын ауыз құры­май», – деген өлең жолдары кезде­седі. Қарапайым секілді көрін­генімен, қаны сорғалаған ақиқат екені анық).
Әдеби шығарманың қасиеті, әрине, көркемдігі мен терең­дігінде. Л.Толстой, М.Әуезов, Хэмин­гуэй, Ремарк, Акутагава, Маркес, Ш.Айтма­тов секілді классиктер­дің шығармалары ең алдымен көркемдігімен әлемнің ықыласына бөленгенін ұмытпа­ғанымыз жөн.
Бүгінгі әдебиет ақпараттық сарынға ауысып, журналистикаға ұқсап бара жатқандай әсер қалды­рады. Мопассаның «Томпы­шындағы» қыламықтаған ақша қардың суреті, Дулат Исабековтің «Қара қарғаның миы қайнайтын шаңқай түсі» секілді картиналарды кездестіру қиындап барады.

2. Білмеймін, өз басым, сөйле­генге қарағанда, тыңдағанды ұна­тамын. Шынымды айтсам, әде­биетті де сол үшін, жазу өнері болғандықтан жақсы көремін.
Үнсіз отырып, өзіңмен өзің сырласасың. Кей сәттерде көкіре­гіңдегі ой ғана емес, түпкі жұмбақ түйсігің де үн қатқандай болады.
Әдебиеттегі үлкен ұстаздары­мыздың бірі Ор-ағаң – Оралхан Бөкеев: «Үлкен істі үндемей жүріп бітірер болар» деген мақалды жиі айтушы еді.
Тегі, форумдағы айтылар ең басты ұсыныс та, тілек те сол – әдебиет әлемінің көптен бері бір жаңалық, яки, әлем оқырмандарын жалт қарататындай жаңа шығарма күтіп тұрғанын айту және сондай шығарма дүниеге келе қалса, бір-бірімізді хабардар ету болар деп ойлаймын.
Оның сыртындағы әдеби қарым-қатынас, аударма секілді өзекті мәселелер де соған лайықты өрістейтін шығар.
Кітапты жазу да, оқу да – ой еңбегі. Адамзат баласы үлде мен бүлдеге оранған сайын, сол еңбектен бас тартып, барынша енжар, еріншек, өзімшіл болып барады. Ендеше, оны қалай оятуға, қалай қызықтыруға болады?..
Х.Мураками, П.Коэльо, О.Па­мук секілді атышулы жазушы­лардың шығармаларын бүгінгі күннің классикасы деп айтуға бола ма? Айталық, Х.Муракамидің «Норвегия орманы» романындағы жапон жастарының бейәдеп қылық­тары мен ашық, бүкпесіз, бірақ, тағы да сол бейәдеп әңгіме­лері туралы не ойлайсыз? Бұл оқыр­манды қызықтырудың жаңа тәсілі ме?..
Міне, осындай тақырыптар туралы да ойласуға, пікірлесуге болатын секілді.

3. Әр ел өз әдебиетінің биігі мен тереңіне үңілуге тиісті. Себебі, ол – ұлттың қазынасы. Кешеден бүгінге, бүгіннен ертеңге қалатын рухани мұра. Ел тағдырымен, ел тарихымен тамырлас өнер.
Сондықтан біз қазақ әдебие­тінің Азияда ғана емес, әлемдік кеңістікте де биік екен­дігіне күмән келтірмеуіміз қажет. Ал оның сол биігі мен тереңдігін көрсете алмай, таныта алмай жүрсек, ол әдеби сынның ғана емес, еліміздің, мемлекетіміздің әлсіздігі болмақ.
Осы ретте спорттағы жетістік – бір сәттік, өнердегі жетістік мәңгілік екенін еске салып өту артық бола қоймас.

4. Қазақ әдебиетінен Ұлы даланың тынысы сезіледі. Таза ауа жұтып, жусан иісін иіскеп, мөлдір бұлақтан су ішкен жанның ағзасы қалай тазарса, төл классикамызды оқыған оқырманның да жандүниесі солай тазарады.
Ал кемшілігі ретінде қала тақы­рыбына аз қалам тартылатын­дығы айтылып жүр. Бірақ, қала дегеніңіз, Ұлы даладағы түйме­дей ғана бір нүкте, шектеулі кеңіс­тік емес пе. Айталық, Дулат Исабе­ковтің «Қарғын» романы қала тақырыбына арналған десек, оның бәсін төмендеткендей болмаймыз ба…

5. Таяуда қазақ жазушылары­ның әңгімесін француз тіліне аударған тәржімашымен әңгіме­лесіп қалып едім. Санкт Петербургте білім алған, орыс тілін тәп-тәуір меңгерген француз жігі­ті екен. Мамандығы – инженер. Орыс классиктерінің шығар­маларына деген құрметі ерекше. «Дегенмен мамандығыңыз әде­биет­тен алыстау екен», – деп қал­жың­дағанымда, ол: «Жас кезім­де әке-шешем «ол нан тауып жейтін кәсіп емес», – деп, филология факультетіне баруыма қарсы болды», – деп салмақты жауап берді.
Франция туралы түсінігім тым-тым биікте қалқып жүретін менің көзім бақырайып кетті. Демек, қай елде болмасын, халықтың әдебиетке деген көзқарасы бірдей секілді. Біз классик жазушылардың қалай бай-қуатты болғанын үнемі ұмытып кете береді екенбіз.
Д.Лондонның «Мартин Иден» романын көркем шығар­ма десек, Г.Маркестің «Жүз жыл­дық жалғыздық» романы­ның қолжазбасын пошта­мен жіберуге ақша таппай қиналғанын естен шығар­ма­уымыз қажет екен. Менің­ше, барлық елдердің әдебиет­шілеріне тән бұл проблема – әдебиеттің де проблемасы.
Ал жазуға қатысты пробле­ма болуы мүмкін емес. Кім қандай тақырыпты таңдайды, қандай форма ойлап табады, қандай стильмен баяндайды, ол – өзінің еркінде.


Дидар АМАНТАЙ, жазушы:

«Біз кітапты емес, кітап бізді құтқаруы тиіс»

1. Бүкіл әлемдік шеңберде, демек, жалпы адамзаттық деңгейде кітап насихатын өрістету туралы мәселе қозғар едім. БҰҰ жекелеген мемлекеттермен тізе қосып, біріге отырып, кісілік қасиеттерді оқырман бойына сіңіру мақсатында, ізгілік үстемдігін орнату жолында, адамзат ақыл-ойы үшін күрес жүргізуі тиіс. Бұл күрестің табысты жолы – кітап насихатын күшейту, одан басқа тиімді амал-айла жоқ. Кітаптың атқаратын қызметі көп, сондықтан оның ықпалын арттыра түсу қажет.
Біз кітапты емес, кітап бізді құтқаруы тиіс!

2. БҰҰ жанынан немесе ЮНЕСКО аясында КІТАП НАСИХАТЫ ИНСТИТУТЫ құры­луы керек және оның әр елде филиалдары ашылғаны жөн.

3. Азия кеңістігінде қазақ әдебиеті алдыңғы орындардың бірінде тұр. Бірақ бұл туралы ешкім білмейді, себебі еларалық байланыстар үзілді, насихат азайды. Әркім өзімен-өзі, оңаша қалды. Бір-бірімен араласы жоқ, қоңсы отырған азиялық халықтар қалай дамып, қандай табыстарға қол жеткізді, көршілеріне беймәлім.
Иврит және идиш тілдерінде қатар жазған Шмуэль Йозеф Агнон деген йаһудей қаламгері бар, Галицияда туғанымен, өмір бойы әл-Құдыста (Jerusalem немесе Yerushalayim) тұрған. Еңбек еткен. Ұлы шығармаларын – алып діндердің отанына айналған, пайғамбарлар мекені болған – осы киелі һәм көне шаһарда жазған. Кейінгі, бейбітшілік нығайған жылдары, жергілікті билік жаңа аудан салғанда, жаңа көшеге асфальт төсегенде, Агнонның үйі жаңадан түсіп жатқан күре жолға кесе-көлденең келіп қалыпты. Қирату керек, басқа амал жоқ, деп ойлапты құрылысшылар. Сонда, қала әкіміне хабар жеткенде, басшылық ойланбастан дереу жолды бұрғызып, магистраль қарт жазушының үйін айналып өткен екен. Тіпті, қабырғасына «Тыныштық сақтаңыздар, Агнон жұмыс істеп жатыр» деген тақта ілдіріп қойыпты.

4. Біздің әдебиет – табысты әдебиет. Же­тістігі – бір ғасырда басқа жазба әдебиет­терін басып озды, кемшілігі – басып озған әдебиеттердің кемшілігін де өз бойына сіңіріп алды.

5. Кітап саудасының өсуі, оқырманның аза­юы, жазушының көбеюі, салдары – көркем әдебиет түсінігінің күйреуі, мәтіндердің бәсе­ке­де аудио-видео-шығармалардан күйрей же­ңілуі.
Кітаптың тағдыры адамзат ниетіне байланысты. Ол – қоғам барометрі. Руханият өлшемі. Қоғам ниет-пейілін білдіреді. Жақсы ниет болса, көркем сөз де тіріледі. Кітап – қасиетімен, қадірімен ешкім де, ештеңе де таласа алмайтын анық өнердің түрі.

Әзірлеген Мөлдір РАЙЫМБЕКОВА

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір