ЖЕР БЕТІНІҢ ҰЯТЫ БАР СӨЗДЕРІ
23.08.2019
946
0

Көкбөрі МҮБАРАК

***

Әлемнің ең маңызды жоспарлары еш уақытта қағаз бетіне түсіп көрген жоқ. Ең ұлы жоспарлар көпшілік алдында талқыланбайды, мақала болып жарияланбайды. Бір дастарқанда отырған үш өрен жүйріктің өздері қалаған саланы немесе елді билеп алуына болады.

***

Адамдар сескенуге тиісті болса, жұртқа аян қаһарлы жандардан емес, түбінде қаһарлы болу мүмкіндігі бар адамдардан сескенгені абзалырақ. Көз алдындағы қаһарлы, айбатты жанның айбар өлшемі сізге анық, ал, рухы таза, іші шерлі жас өркеннің қалыптасқалы тұрған қаһарының өлшемі адам айтса – сенгісіз болуы мүмкін. Әлемді қиратушылар – жүрегі жаралы ұрпақтардан тұрады.

***

Көз үйренген беделділерден емес, болашақта шынайы тұлға болып қалыптасу мүмкіндігі басым, елеусіз жандар сіздің достық шеңберіңізде орныққан кезде барып, сіз келесі қоғамды ұқыптылықпен реттей аласыз.

***

Негізгі қолшоқпарлар мен сатқындар көбінесе әдебиетшілер мен қатыгез қару-жарақ білгірлерінен ұйымдастырылады.
Музыканттар көбінесе тез айтаққа түсу мүмкіндігінде болғанымен, ең сәтті шпиондардың қатарында бола алмайды.

***

Қиялдағы сарайшық – нағыз ұлттық нақыштағы қала емес.
Сарайшықтың өте керемет қала болғаны, нулы-шулы, әшекейлі мешітке толы болғаны, жарқыраған мұнараның көптігінен көзді ашып қарау қиын болғаны айқын. Жайық маңындағы дала – бекінуге қолайсыз, шөлді, жазық өңірлер. Сол үшін өзен ағысын пайдаланып қорғануға ұрымтал тұстан салынған бұл қала мәдениет пен сауданың, қауіпсіздіктің өз кезіндегі кепілі болды. Қалада су құбырлары мен жылу құбыры болды, рахат!
У немесе асқазанға артық қышқыл қосатын сусындықтар құйылса, өңі өзгеріп шыға келетін ыдыс­тары болды. Бұл – аса бір хикмет те емес, жарғанат пен тышқанның ұясынан алынған сұйықтықпен иленіп жасалды.
Хан ордасының өзенге тірелген наушасында судың астымен жалғасатын «сусарай» деп аталатын шағын бөлмелер орналасты. Оның суға қараған ауызында ДЕУЕК орнатылды. Деуек, бұл – атан құндыздар аузына тістеп жүретін, су астын жарық қылатын шамшырақ, асыл тас. Бозғылт күлгін деуек, қара деуек, шұбар де­уек, жолақты деуек сусарайдың көркі еді. Шамшыраққа үймелеген шортан біткенді аулап ойнап, еріккен хан ұлдары ермекке тойды.
Айшықталған зерлі арқандай алтын айшық темірлерді мұнаралардың ұшынан бір-біріне жалғап іліп тастады. Ай бейнеленген мұсылмандық айшықтар қым-қиғаш шоқиып тұрды.
Шағын аққу көлшігі жасалып, оған су диірмен орнатылды. Ол көлшікке шекер себілді. Хан қызы сол жерде ойнап жүріп, көп өтпей тіл-сұқ тиіп қаза болған. Қаланың түсі – қызыл да күлгін шұбар ала еді. Күмбездер солай боялды. Бірақ қаланың құрылысы сол кездегі Еуропаның алғашқы қалаларының, мұсылман елдері сарайларының, Үндістан қалаларының әсем ғимараттарының үлгісімен салынған. Негізінен, көшірме әсем көріністегі нақыштардың ең айтулысы еді. Нағыз көшпенділердің өрнегімен салынған қала емес. Мұңайтатын жері де бар осындай. Сарайшық десе, ойда болатын бір нәрсе – қаланың бар өрнегін ұлттық әлемнен ғана іздемей, Мысыр мен Италияға дейінгі жіңішке жиекке орналасқан қалаларды, Венгрияны, Мәскеуді зерттеп, ақырындап қалпына келтіруге болады.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір