АРЫСЫМ, СЕНДЕ ҚАЛДЫРҒАМ…
19.08.2019
895
0

Бекен ӘБДІРАЗАҚОВ

Арыс – қазақтың ән мен жырына арқау болған өңір. Арыс десе, тұтас жұрттың есіне қайсар рухты қарапайым халық оралады. Қазір бүкіл ел болып, Арыс қаласының қайта қалпына келуіне назар аударып отыр.
Саналы ғұмырын туған жері – Арысын жырлаумен өткізген Бекен Әбдіразақовтың Арыс туралы тұмадай тұнық лирикаларының бір парасын ұсынып отырмыз. Ақынның жырларынан қаланың әдеби портретін, ондағы тұрғындардың беймарал өмірін көре аласыз.

* * *

Арысым, ардақ өлкем кіндік кескен,
Көрдің ғой талай-талай түндікті өшкен.
Ажалдан арашалар амал жалғыз –
Бақыттың басы – жұптым,
бірлік дескен!

Ат ізін салмап едім көптен бері,
Кеудеме қонғандай кеп көктен енді.
Күн-түні сенделемін шақырғандай,
Сәбидің жұпарындай көктемдерің!

Отырмын арманнан да мақұрым боп,
Жанымды аялайтын жақыным жоқ.
Арысым, сені мәңгі сағынатын
Қалайын қасіретті ақының боп!

АРЫСТЫҢ АЙЛЫ ТҮНІ

Түндер, түндер, айлы түндер,
Арысымды құшақтаған.
Түндер, түндер, айлы түндер,
Қандай қымбат, бұ шақ маған!

Күміс түнің, о, Арысым,
Махаббаттың бесігі ме?
Арманның ең жоғарысын,
Бөліп берген несібеме.

Бүгін де түн – сүттей жарық,
Төге түсші нұрыңды, Ай!
Тал түбінде күтпейді анық,
Бала жүрек бұрынғыдай!

Елеңдеймін сонда да мен,
Таныс көше, таныс парк.
Жүрек жырын толғаған ем,
Жарық жерден алыс барып.

Түндер, түндер, айлы түндер,
Жас жүректі аймалаған!
Құшақтарын жайды гүлдер,
Кім қалды екен жайнамаған!

О, туған жер, кешір мені,
Сүйсем-дағы мың қызыңды.
Жарым – Сырдың өсіргені,
Сонан таптым жұлдызымды!

* * *

Арысым, сенде қалдырғам
Балалық шақты – бал күнді.
Пойызда шықтың алдымнан,
Жүрегім танып талпынды.

Жүрегім танып талпынды,
Кетер ем кезіп көшеңді.
Саусақпен санар әр күнді,
Жолаушы жайы осы енді.

Жаныма жылы сыр айтып,
Әрбір үй, әрбір бұрышың,
Туған жер, мені мұңайтттың,
Жолаушы болған құрысын.

АРЫС ТУРАЛЫ
І.

«Қайда тудың?» – дегенде,
Сені атаймын, Арысым.
«Суды сатып берем де», –
дейді-ау сонда танысың!

Қызарамын дыз етіп,
(Намыс, шіркін, жаман ғой)
Жүрсе-дағы жүз өтіп,
Байқамаған адам ғой!

Көкшетауда болдым мен,
Жер сұлуы – сол екен!
Алатауға қондым мен, –
Ел сұлуы мол екен!

Бірақ, Арыс, сенен де
Төгіліп тұр өрен жыр.
Сонау шағын төбеңде
Желдей жортып өлең жүр.

ІІ.

Байқамайды-ау, шынында,
Жолаушылап өткендер.
Шаңы менен құмында
Болатынын көктемдер.

«Тандыры бір кепкен жер», –
деп ойлар көп өткендер.
Жоқ, жолдастар, жалған бұл!
Бақша да бар, су да мол.
Кеудемізде – толған нұр,
Бұрқырады, тулады ол!

Асқақ арман, жаз арман,
Жүрегімде теңіз бар.
Іздемеймін базардан,
Арысыммен егіз бұл!

Пойыздардан будақтап,
Түтін шықса, аспанға,
Өлең жазам шумақтап,
Шаруам жоқ басқада!

Шойын жолды аралап,
Өктем жүзді іздеймін!
Жүрегімді жаралап,
Кеткен қызды іздеймін!

Мен білетін бір нәрсе:
Шойын жолда – шойын қол!
Көкірегіме жыр келсе,
Соны әндетем, ойым – сол!

АРЫС

Ашуға кейде булығып,
Арнаңа сыймай көпірсең,
Жағаңды айқай-шулы қып,
Ылайлап, жуып өтуші ең.

Мөлдіреп кейде тұп-тұнық
Бетінде майда толқының,
Сырғанап ағып, көп тұйық
Сыр бүгетін сол түрің.

Білуге терең сырыңды
Болмадым онда құштарлы.
Айтайын сезген шынымды:
Бойыңда жойқын күш бар-ды!

Жағаңнан түлеп, білім деп,
Жол тарттым алыс қалаға.
Сол шақта мұңмен күбірлеп,
Ой салдың маған – балаңа!

Алқабың аппақ алтынға
Оранып жатыр, Арысым!
Бере бер бәрін халқыма,
Еңбектен елім танысын!

Сағынып келдім шуыңды,
Қойныңа, Арыс, бойлайын!
Құшайын мөлдір суыңды,
Шортанша жүзіп, ойнайын!

ҚОШТАСУ

Туған жерге ат ізін салмағалы,
Арысымнан қан шөлім қанбағалы,
Талай көктем төбемнен қиқу сапты-ау,
Сағыныштың ауырлап салмағы әрі.

Балқаш елі,
Іленің жағасынан,
Жыңғыл жиде гүлінен жаңа ашылған,
Арысымның аңқыған иісін танып,
Қайтып барам,
қайтақандай нағашымнан.


Қайсар Қауымбек

ДҮЛДҮЛ

Айдаһар еді – тегім.
Туып ем
Арғымақтардан қайырған.
Шұрқырай шығып теңіз түбінен,
Ай астында ғана жайылғам.
 
Жұтына кетсем, желіге байлап,
Кекілім сүйген көк аспан.
Құтыра кетсем, бөрімен ойнап,
Жеткізбей жүйткіп бел асқам.
 
О, Қамбар атам, Құлагер бабам,
Қайдасың ағам – Көкмойнақ.
Қақпайлап ұрып, мына кер заман,
Барады бізді отқа айдап.
 
Төбемнен бүгін күшіген ұлып,
Қансырап қалған құлын ем.
Төбел жұлдызың түсіме кіріп,
Кісінеп шығам түнімен.
 
Табайын қайдан сенсіз бағымды,
Қалдырдың ба енді жұртқа иен,
Қырық үш күндік кемшін бабымды,
Қымызбен жазған Құртқа-ием!
 
Сірі табаның жолдарды қажап,
«Сенімен жаным егіз», – деп.
Сен тірі болсаң, Қобыланды-қазақ,
Келерсің бір күн мені іздеп!
Табарсың бір күн мені іздеп…

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір