Шоқанның досы
Өткен ғасырда қазақ елін, жерін аралап, оның фольклоры мен этнографиясын жинап, жарыққа шығарған әрі ғылыми тұрғыда зерттеген ғалымдардың ішінде Г.Н.Потанин есімі үлкен құрметпен аталуы тиіс. Г.Н.Потаниннің әкесі Н.И.Потанин Сібірлік крепостной (басыбайлы) казак, Омбыдағы әскери училищені тәмамдаған соң қазақ даласында қызмет атқарған. 1829 жылы Николай Потанин Қоқанға ханның елшісіне жол бастаушы болып барған. Жас офицер өзіне берілген тапсырманы ойдағыдай орындап шығады. Оның Қоқанға сапар туралы жазбалары мәліметінің көптігімен әрі жақсы жазылуымен өзіне жұрттың назарын аудартады. Григорий Потаниннің бір замандасы оның әкесін еске алып, былай дейді: «Беретін мәліметтері мен жүзеге асқандығы арқасында хорунжий Н.И.Потаниннің Қоқанға барған сапары осы күнге дейін ғылыми маңызын жоғалтқан жоқ. Россияға қосылғанға дейін қазақ сахарасы мен Орта Азия хандықтары жайындағы біздің аз ғана тарихи-географиялық білімімізге ол қазірдің өзінде де бағалы үлес болып саналады».
Ол 1835 жылдың 22 қыркүйегінде Баянауыл округіне қарайтын Ямышево поселкесінде Николай Ильич Потанин деген есауылдың отбасында дүниеге келген. Григорий Николаевич Потаниннің балалық шағы қазақ жерінде, қазақ арасында өтіп, ол жастайынан осы халықтың тұрмысымен, тіршілігімен таныс болып өсті. Он жасқа толғанда ата-анасы Григорийді Омбыдағы Кадет корпусына оқуға береді. Осы оқу ордасы қабырғасында ол Шоқан Уәлихановпен танысып, онымен достасып кетеді. Екеуі болашақ туралы бірге армандап, тарих, география пәндеріне қатты ден қояды, белгісіз елдерге саяхат жасауды ойлап, қиялдайды. Кадет корпусында болашақ офицерге қазақ даласының географиясы туралы программадан тыс деректер мен мәліметтер берілетін, өйткені, олардың әскери қызметі, негізінен, Қазақстанда өтетін еді. Потанин кейінтінде былай деп жазды: «…Қазақ даласы туралы корпуста алған менің географиялық білімім басқа жерлер жайындағыдан әлдеқайда артық еді».
Алайда, Потанин үшін ғылым жолына түсу оңай болған жоқ, Кадет корпусынан кейін ол 25 жыл бойы казак станциясының офицері болып қызмет атқаруға тиіс еді. Бірақ корпуста оқып жүрген кезде-ақ өзінің әскери мансапқа ынтықтығы жоқ екенін сезіп, бар мүмкіндігін Петербург университетіне оқуға түсуге жұмсамақ болады. Ал университетке түсу үшін, әрине, ұзақ жылдар қажет еді.
Кадет корпусын бітіргеннен кейін Григорий Потанин Іле өлкесінде, Алтайда, Омбыда әскери қызметте болды. Қай жерге барса да Потанин сондағы ел-жұрт өміріне, табиғатқа ерекше көңіл бөліп, фольклор үлгілерін жазып алып жүрді, гербарий жинады. Дегенмен, ғылыми зерттеу жүргізуге білімінің аздығын сезген офицер 1859 жылы отставкаға шығады да, Петербург университетінің физика-математика факультетіне қарайтын табиғаттану бөліміне ерікті студент-тыңдаушы болады.
Университетте оқыған жылдар Потанин үшін өте жемісті болды. Мұнда оның саяси-қоғамдық көзқарасы қалыптасты. Бұл кезеңде Россияда крепостниктік право жойылуына байланысты қоғамдық қозғалыс етек алған болатын. Осы тұста Г.Н.Потанин мен оның М.М.Ядринцев, Ф.Н.Усов, С.С.Шашков, Н.И.Наумов сияқты достары үйірме ашып, оған Сібірден шыққан студенттерді тартады. Сібірлік студенттер туған өлкесіне қызмет етуді өздерінің басты мақсаты деп білген. Сол уақытты есіне алып, оқымысты кейін: «…алпысыншы жылдары жалпы орыстың патриотизмі жергілікті, өлкелік және басқа ұлттық патриотизмді жоққа шығарған жоқ. Әрі жеке патриотизм екеуі де бір адамның ішінде қатар өмір сүріп
жатты», – деп жазды. Тегінде, Потанин сол кездің өзінде саяси-қоғамдық тұрғыдан алып қарағанда мәдени-ағартушылық реформалар жасау идеясын ұстанған. Ол өзінің публицистикалық еңбектерінде Россияның шет аймақтарын мекендейтін халықтарға білім беріп, оларды қанаудан азат ету қажеттігін, олардың өмірін, экономикалық жағдайын жақсарту керектігін ашық айтып, батыл жазған.
Сонымен, «Сібір кружогін» ұйымдастырғаны, студенттердің толқуларына қатысқаны үшін және ой-пікірлері мен саяси-қоғамдық көзқарасының патшалық режимге қарсы болғандығы үшін өкімет «Кейбір жастардың Сібірдегі билікті өзгертуге және Сібірді империядан бөліп әкетуге бағытталған қастандық әрекеттері» деген іс қозғап, 1865 жылы Г.Н.Потанинді бір топ достарымен бірге тұтқынға алады.
Достарының тағдырын жеңілдету үшін жас Потанин барлық кінәні өз мойнына алады да, «бас қаскүнем» делініп, ең ауыр жазаға кесіледі. Абақты мен айдауда оның сегіз жыл өмірі өтеді. Тек содан кейін ғана, ғалымның өзі айтқандай, «осы өмір станцияларынан» өткеннен соң ғана Г.Н. Потанин сүйікті нәрсесі – саяхат пен ғылымға біржола өзін бағыштайды. Сөйтіп, ол 1876 жылдан бастап Орталық Азияға, Сібірге, Қазақстанға жеті рет сапар шегіп, ғылымның бірнеше саласына – географияға, ботаникаға, этнографияға, фольклорға, т.б. қыруар жаңа деректер қосты, жиналған материалдарын жүйелеп саралады, зерттеді. Экспедициялардың ара-арасында Петербургке, Москваға, Иркутскіге барып, баспаханаларда да жұмыс істеді. Ғылым жолына бүкіл өмірін сарп еткен атақты саяхатшы-ғалым Григорий Николаевич Потанин 1920 жылы, 85 жасында Томск қаласында дүние салды.
Бұғанға дейін оның ғылыми мұрасын бағалауда біржақтылық басым болды. Көп жағдайда Потанинннің саяхатшылық қызметі мен табиғаттануға байланысты еңбектері ғана қарастырылды. Әсіресе, оның Орталық Азияға қатысты зерттеулері, ол аралаған елдердің мәдениеті мен әдебиетіне, тарихына, фольклорына қатысты қыруар зерттеу материалдары дер кезінде бағаланбады. Революцияға дейін де, одан кейін де ғылымда Г.Н.Потаниннің орасан еңбекқорлығы, терең білімі мен ғылыми маңызы зор экспедициялары жайында ғана тиісті дәрежеде айтылып келді. Мысалы, атақты жиһангез П.П.Семенов-Тяньшанский былай деп жазды: «Григорий Николаевич өз бойына ішкі Азияға сапар шегетін кісіге аса қажетті қасиеттерді жинаған еді. Ол қасиеттер: еңбек пен жоқшылықта шыңдалған денсаулық, адам сезгісіз төзімділік пен қайырымдылық, жергілікті тұрғындардың тілінен хабардар болу, олармен оңай тіл табысу, география мен табиғаттану ғылымдары саласында тамаша білімділік, Сібір мен Азия туралы географиялық әдебиетті жақсы меңгергендік, соның ішінде, әсіресе, өзі қалап алған іске деген сүйіспеншілік пен ғылымға бүтіндей берілгендік».
Г.Н.Потаниннің саяхатшы-ғалым ретінде еліне сіңірген еңбегі ерен. Сол себепті де өткен ғасырдағы Россия ғылымы оның бұл еңбегін өте жоғары бағалап, орыстың географиялық қоғамы оны «география ғылымына пайдалы қызметі үшін» алтын медалімен үш рет марапаттаған болатын.
Алайда, Потаниннің ғылыми-зерттеу еңбектері жалғыз географиямен шектелмейді. Оның ғылыми мұрасының басым көпшілігі – фольклор мен этнографиялық және әдеби-публицистикалық еңбектер. Бірақ бұл еңбектер әлі толық зерттелген жоқ. Бірлі-жарым шағын ғылыми мақалаларда ғана ғалымның Сібір халықтары фольклоры мен этнографиясына қатысты еңбектерін қарастырады. Ал Г. Потаниннің қазақ фольклорын жинап, жариялап, зерттеу ісінде атқарған қызметі әлі күнге дейін кең түрде, фольклористика ғылымы тарихында арнайы сөз болған емес. Рас, Г.Н.Потанин жинаған материалдар жайында, оның кейбір мақалалары мен жекелеген ой-пікірлері туралы кезінде
М.Әуезов, Е.Ысмайылов, М.Ғабдуллин, Н.Смирновалардың еңбектерінде деректер келтіріліп, қазақ фольклоры туралы ғылымда алатын орны бар екені айтылды. Әсіресе, Г. Потаниннің қазақ фольклорына қатысты жинап, жариялаған материалдарын елге танытып, дұрыс бағасын беруде «Казахский фольклор в собрании Г.Н.Потанина» атты жинақтың ролі ерекше болды. Ал Н.Смирнова осы жинаққа кіріспе ретінде жазылған «Г.Н.Потанин – собиратель и исследователь казахской народной поэзии» деген очеркінде ғалымның бұл салада сіңірген зор еңбегін ғылыми тұрғыдан талдап, мәнін ашып, қазақ ғылымындағы орны мен маңызына тоқталды. Атап айтқанда, Н.Смирнова Потаниннің қазақ ауыз әдебиетін жинап, жариялап, зерттеу саласында атқарған қызметін баяндап, оның негізгі сипатын, сондай-ақ, ғалымның фольклористік көзқарасын анықтап, кейбір негізгі еңбектеріне талдау жасаған. Соған қоса, Н.Смирнова өзі жазған очерктің толық емес екенін, жалпы Г.Н.Потаниннің фольклористігі жайында арнайы монография жазу қажеттігін ескерткен. Демек, қазақ фольклористикасы Г.Н.Потаниннің ғылыми мұрасын толық зерттеп болған жоқ. Қазақ фольклористикасының тарихы тұрғысынан Г.Н. Потаниннің қазақ ауыз әдебиеті туралы ғылымға қосқан үлесін ашу, оның теориялық еңбектерін зерттеп, қазақ фольклористикасының қалыптасып, дамуына сіңірген еңбегін нақтылау, сондай-ақ, оның ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басындағы фольклористикада алатын орнын және ол айтқан тұжырымдардың қазіргі ғылым үшін маңызын анықтау міндет. Сонымен бірге, оқымыстының қазақ ауыз әдебиеті үлгілерін жазып алу методикасы мен жариялау шарттарын да талдау, олардың ғылыми мәнін ашу – біздің уәзипамыз. Міне, осындай мақсаттарға байланысты Г.Н.Потаниннің фольклористігі мынадай үш салада – жинаушылық, жариялаушылық, зерттеушілік қырлары қарастырылады.
Григорий Николаевич Потанинді замандастары көзі тірісінде-ақ қажымас фольклоршы деп атаған. Шынында Қазақстан мен Сібірді, Орталық Азияны мекендейтін ондаған халықтың фольклорын жинау, жариялау және зерттеу – оның өмірлік ізденісі болды десе, артық емес.
Г.Н.Потаниннің фольклорға, оны жинауға ынтасы Омбы Кадет корпусында оқып жүрген жылдарда-ақ (1845-1852) ауған болатын. Кадет корпусы сол кездегі Қазақстан мен Сібір аймағындағы ең жақсы оқу орны болғаны белгілі. Мұнда сол кездегі ең озық ойлы ұстаздар сабақ берді. Әсіресе, тіл мен әдебиет пәнінен сабақ беретін Н.Ф.Костылецкий, тарихшы П.В.Гонсевский, географ В.Старков сынды мұғалімдер шәкірт Г.Потаниннің көңіліне Сібір мен Қазақстанда тұратын халықтардың ауыз әдебиетіне, мәдениетіне, этнографиясы мен тарихына құмарлық ұялатқан еді. Қазақ даласында туып-өскен Потанинге ұлағатты ұстаздардың дәрісі, туған өлкесі туралы берген білімі тегін кетпеді. Оның үстіне Шоқанмен дос болып, бірге жүріп, бірге өсуі Потаниннің келешегіне игі әсер етті. Ол бір естелігінде былай деп жазды: «…Мен Шоқанмен қатты араласа бастадым. Бұл уақытта мен үшін ең сүйікті нәрсе қазақ даласының географиясы мен этнографиясы болды. Ал Шоқан өзінің әңгімелерімен маған дәптерімді толтыруға жәрдем етті. Ол айта беретін, мен жазып ала беретінмін, содан кейін ол мен жазып алған текстерге сурет салатын (…). Осы кезден бастап біз достасып кеттік те, біздің ойларымыз ешқашан ажыраған емес, екеуімізді де қызықтыратын бір нәрсе – Қазақ даласы мен Орта Азия еді». Г.Н.Потаниннің Шоқанмен достығы, Шоқанға деген сүйіспеншілігі өмір бойы суыған емес. Досы мезгілсіз қайтыс болғаннан кейін де Г.Н.Потанин оның ата-анасымен, ауылымен, туыстарымен байланысын үзген емес. Оларға арнайы барып, қонақ болып, ауыз әдебиеті үлгілерін жинап жүрген, ал Шоқанның әкесі мен нағашысынан қажетті материалдар да алып отырған. Демек, Шоқанмен бірге болған шағы Г.Потаниннің кейінгі бүкіл саналы өмірінде із қалдырып, оның фольклорист ретінде қалыптасуына зор ықпал еткен деуге негіз бар.
Г.Н.Потанин Кадет корпусының шәкірті кезінде фольклорды көбіне конспект түрінде топтаса, оқуын бітіріп, Іледе, Алтайда және Омбыда қызмет еткен (1852-1857), одан кейінірек Петербург университетінде оқып жүрген шағында (1858-1863) ол өзінің жазбаларын халық тұрмысы мен өмірі туралы деректермен толықтырып отырған. Бұл кезде Потанин көбінесе Сібір қазақтарының ертегілерін, хикаяларын, жұмбақтарын жинаған. Оның бұл материалдары кейін белгілі фольклорист И.А.Худяковтың жинақтарында жарияланды.
Қазақ ауыз әдебиеті үлгілерін Г.Н.Потанин ең алғаш 1863-1864 жылдары астроном К.В.Струвенің Тарбағатайға шыққан экспедициясында болған кезде жазып алған. Зайсан көлі маңайының табиғатын бақылай жүріп, ол сол жерді мекендейтін қазақтардың фольклоры мен этнографиясына қатысты материал жинайды да, оны журналда жариялайды. Бірақ осы игі бастама оның жер аударылуына байланысты тоқтап қалып, тек 1876 жылы ғана әрі қарай жалғасқан еді.
Г.Н.Потаниннің қазақ ауыз әдебиетін жинаудағы методикасы мен шарттары оның фольклористік концепциясымен тікелей байланысты болды. Ал оның фольклористік концепциясы, сөз жоқ, ғалымның демократиялық көзқарастарынан шыққан еді, әрі оның жинаған материалдары оқымыстыны осы бағытта жұмыс істеуге құлшындыра түсті. Г.Н.Потаниннің: «Атқарып жүрген ісімнің ерекшелігіне қарағанда мен далалық Шығыс фольклорымен шұғылданатын топта болуым қажет және батыс фольклорындағы кейбір құбылыстардың сырларын Шығыстан іздейтіндердің қатарында саналуға тиістімін», – деп жазған еді. Сөйтіп, Потаниннің жинаушылық жұмысы мен зерттеушілігі бір-біріне ықпал етіп, қатар жүріп отырды. Теориялық ізденістері оның жинаушылық методикасын жетілдіре, географиялық және ұлттық ауқымын кеңейте түсті және ауыз әдебиеті үлгілерін белгілі бір мақсатта жинауға бағытталды. Мәселен, ол Көкшетауға сапар шегер алдында: «Сібір түркілерінің ертегілік сюжеттерін зерттеп, моңғолдардың ертегілері мен аңыздарын салыстыру үстінде мен кейбір сюжеттердің қазақтар арасында қаншалықты кең жайылғанын білгім келді, өйткені, менің осы күнге дейін қазақ сахарасында жинаған материалдарымда да, жарық көрген қазақ ертегілерінің жинақтарында да ондай сюжеттер жеткілікті түрде орын алмаған», – деп жазды. Сондықтан ғалым тек қана фольклор жинаумен шектелмей, қазақ халқының тарихын, тұрмысын, рухани мәдениетін жете білуге пайдасы тиеді деген пікірдің бірде-бірін назардан тыс қалдырмаған. «Мені қызықтырған сюжеттерден басқа, – деп жазады ол, – мен қазақтар арасынан аспан мен хайуанат эпосы бойынша және қазақ шежіресіне қатысты материалдар жинамақпын; сондай-ақ, қазақтардың ежелгі діни нанымдарына да көңіл аудармақпын». Міне, осындай жан-жақты зерделеушіліктің арқасында Г.Н.Потанин қазақ фольклорының, барлық жанрын (эпос, ақындар мен жыраулар поэзиясы, айтыс, ертегі, аңыз, хикаят, миф, тұрмыс-салт жыры, жұмбақ, мақал-мәтел, өлең, нақыл сөз) қамтыған.
Өмірін түгелімен осындай экспедициялық жұмыспен өткізген Потанин туралы С.Ольденбург дұрыс айтады: «Оның жұмысы тыныш кабинетте, я болмаса тар қапас қалада өткен жоқ. Оның өмірі шексіз далада, аспан астында, үңгір ішінде, киіз үйде өтті, еңбектері осындай жағдайда дүниеге келді. Сол себепті де ол адам баласының ең жоғарғы жетістігі мен рахаты қу дүниеде емес екендігі жайында ұлы сабақ алған еді».
Экспедициялық әдіс Потанин үшін ауыз әдебиетін жинаудың негізгі формасы болды. Мұнымен қатар ғалым фольклорды жер-жердегі энтузиаст адамдар арқылы да жинап отырды. Сөйтіп, ол тұрақты хабаршы корреспонденттер мағлұматтарына да сүйенді. Олар көне-көз қариялардан Потаниннің нұсқауы бойынша қажетті материалдар жазып алып, оған жіберіп тұрған.
Тарбағатай экспедициясынан кейін (1863-1864) Г.Потанин География қоғамының ұйғарымы бойынша Солтүстік-Батыс Моңғолияға екі рет саяхатқа шығады (1876-1877 және 1879-1880 жылдары). Бұл екі экспедицияда ол өзі аралаған жерлердің табиғатын ғана қызықтап қоймай, сондағы халықтардың өмірі, тұрмысы, мәдениеті туралы өте мол мағлұмат жинады. Моңғолстанға бара жатқан жолда жиһангез Ақмола облысында, Баянауылда, Тарбағатай мен Зайсанда болып, қазақтардың фольклоры мен этнографиясына қатысты көптеген материал тапты. Кейін бұл материалдар оның «Очерки Северо-Западной Монголии» атты еңбегіне енді.
1892-1893 жылдары Г.Н.Потанин екінші рет Тибетке, оның шығыс өлкесіне экспедициямен сапар шегеді. Алайда, саяхатшылар Тибеттің биік таулы мекендеріне жеткенде кенеттен Потаниннің жұбайы Александра Викторова қайтыс болып, экспедиция жұмысы тоқтап қалады. Ол кісі ерімен бірге талай саяхатқа қатысып, аралаған елдердің тұрмысы, мәдениеті туралы зерттеулер жазып, ғылымға белгілі дәрежеде үлес қосқан еді. Сүйікті жарынан әрі жәрдемшісінен айырылғанымен Г.Н.Потанин саяхатқа шығуын қойған жоқ. Ол 1895 жылы өзінің бала кездегі досы, марқұм Шоқан Уәлихановтың ауылы – Сырымбетке арнайы ғылыми экспедицияға шығады. Мұнда Шыңғыстың ауылымен бірге жайлауда, одан соң қыстауда болып, қазақ тұрмысын, этнографиясын зерттейді, ауыз әдебиеті үлгілерін жазып алады. Өзінің осы сапары жайында ол кейінірек тамаша очерк жазды да, хатқа түсірген фольклорлық шығармаларды жинақ етіп жариялады.
Г.Н.Потаниннің өмірі мен творчествосы оның өзін ғылымға арнаудың үздік үлгісі. Ол өз хатында: «Менің ойымша, барлық шарттың ішіндегі ең бастысы – адам өзін іштей таза арына сәйкес дайынмын деп сезінуі керек, яғни адамда ғылымды тек ғылым мен адамзатқа қызмет ету үшін ғана іздейтініне және аңсайтынына сенім болуға тиіс; ғылымды тек тамақ табудың кәсібіне айналдырмау керек», – деп жазған еді. Потанин осы пікірін жүзеге асыра білді.
Жанбота ЕСЕПБАЙ.
ПІКІРЛЕР15