Мұхаммед Халуаш: Сүйікті ақыным – АБАЙ, ЖАЗУШЫМ – ЕСЕНБЕРЛИН
09.08.2019
1161
0

Мұхаммед Рияд Халуаш – мысырлық аудармашы. 1963 жылы 28 желтоқсанда Каирде дүниеге келген. Туған жеріндегі Шет тілдер университетінде орыс тілі мамандығы бойынша білім алған. Жуырда Мұхаммед Рияд Нұр-СҰлтан төрінде өткен «Еуразия астаналары қаламгерлері» халықаралық форумына қатысып қайтқан еді. «Қазақ әдебиеті» газетінің қоғамдық тілшісі Алпамыс Файзолла қаламгермен хабарласып, шағын сұхбат алды. Бұл сұхбатында ол қазақ әдебиеті туралы өз пікірін айта отырып, І.Есенберлиннің «Көшпенділер» романы мен Ә.Таразидың «Жаза» романын араб тіліне қалай аударғанын әңгімелеп берді.

– Мұхаммед мырза, біз сізді Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясын арабшаға аударған жазушы ретінде танимыз. Не үшін дәл осы шығарманы тәржімаладыңыз?
– Қазақ халқы үшін бұл туындының маңызы зор болғандықтан, маған Мысырдағы Қазақстан елшілігінің өкілдері хабарласып, «Көшпенділерді» аударуға ұсыныс жасады. Мен келістім. Роман-трилогиядан жақсы әсер алдым. Қазақтардың тәуелсіздік пен бостандық үшін ғасырлар бойы күрескенін және мемлекет құру жолында қалай арпалысқанын білдім. «Көшпенділердің» арабша нұсқасы Каирде 5000 таралыммен оқырмандарға жол тартты. Бірақ бұл аз. Мысырдағы Қазақстан елшілігінің қолдауымен енді жаңа дизайнмен, анағұрлым көп таралыммен тағы басылып шықпақ.
– І.Есенберлиннің «Алтын Ордасын» да тәржімалағыңыз келеді екен. Бұл шығарманы оқып шықтыңыз ба? Әсеріңізбен бөліссеңіз?
– «Көшпенділер» маған өте ұнады. Автордың жазу стилі, суреттеу мәнері өте көркем. Сөйтіп, І.Есенберлиннің шығармашылығына қызығушылығым оянып, «Алтын Ордаға» да ден қойдым. Орысша аудармасын оқыған соң, бұл романды да тәржімаламаққа бекідім. Өйткені, араб оқырмандарын қазақ жазушысының екінші трилогиясымен де таныстырғым келеді.
– Әкім Таразидің «Жаза» романын да арабша сөйлеттіңіз. Нұр-Сұлтанда өткен әдеби форумда автормен жолықтыңыз да…
– «Жаза» романының сюжеті өте қызықты. Маған қаламгердің жазу стилі мен қозғаған тақырыбы ерекше ұнады. Иә, біз Қазақстан астанасында өткен әдеби форумда көзбе-көз таныстық. Содан соң ол мені үйіне қонаққа шақырды. Әкім Таразидің жары Роза Мұқанова да – жазушы. Ол ерін құрметтейтін жан екен. Сүттей ұйыған отбасының қонақжайлылығы мені риза қылды. Әкім Тарази екеуміз «Жазаның» арабшаға аударылуы және онда жазылған мәселелер тың екені жөнінде әңгімелестік. Сондай-ақ, ол домбырамен күй тартып берді.
– Қазақ тілін үйренуге ынтаңыз бар ма? Егер ынтаңыз болып, Ілияс Есенберлин мен Әкім Таразиді түпнұсқада оқысаңыз, өзгеше әсерге бөленер едіңіз…
– Алдағы уақытта үйренуім мүмкін. Қазақ қаламгерлері қазақ шығармаларын қазақша түпнұсқада оқу әлдеқайда пайдалы екенін айтты.
– Сізді біздің тарихымыз несімен қызықтырды?
– Біздің өткеніміз ортақ. Сұлтан Бейбарыс Мысырды 17 жыл билеп, еліміз үшін көп игілікті істер жасады. Ол Мысырды және мұсылман сенімін қорғады.
– Отандастарыңыз Сұлтан Бейбарыстың қыпшақ екенін, қазіргі қазақ даласынан шыққанын біле ме?
– Әрине, біледі. Өйткені, ол Ислам әлемін моңғол басқыншылары мен крест жорықшыларынан құтқарды.
– І.Есенберлин мен Ә.Таразиден басқа қазақ қаламгерлерінен кімдерді білесіз? Кімдерді оқыдыңыз?
– Ұлы ақын Абай Құнанбайұлын білемін. Астанаға әдеби форумға барғанда көптеген ақын-жазушылармен таныстым. Алдағы уақытта оларды да арабшаға аудармақ ниетім бар.
– Оқырмандарымызға қысқаша өмірбаяныңызды айтып берсеңіз.
– Мен 1963 жылы 28 желтоқсанда Каирде өмірге келдім. Әкем – саудагер, анам үй шаруасында болатын. Каирдегі Шет тілдер университетін тәмамдаған соң аудармашы болып жұмыс істедім.
– Жазушылық жолға қалай түстіңіз? Біреу ықпал етті ме?
– Негізі, мен жазушы емес, аудармашымын. Бірақ біз әдеби шығармаларды тәржімалайтын аудармашы өз ана тілінде жазушыға айналады деп есептейміз. Күндердің күнінде мен қазақтарға біздің еліміз, ұлы Мысыр жайлы хабар беретін қызықты кітап жазамын деп үміттенемін.
– Неше тіл білесіз? Қалай үйрендіңіз?
– Ағылшын, испан, орыс тілдерін білемін. Университетті бітірген соң, түрлі тіл үйрету орталықтарында біліктілікті арттыру курстарында оқыдым.
– Әдеби туындыларды арабшаға қашан аудара бастадыңыз? Осы уақытқа дейін кімдерді тәржімаладыңыз?
– Жалпы, аудармамен бес жылдан бері айналысып келемін. Орыс академигі Виталий Наумкиннің «Ислам және мұсылмандар», «Еділ мен Ніл арасында», «Мысыр ресейліктердің көзімен» еңбектерін және т.б. көптеген кітаптарды тәржімаладым. Ал «Көшпенділер» – мен орысшадан арабшаға аударған алғашқы әдеби шығарма.
– Сүйікті ақыныңыз және жазушыңыз кім?
– Сүйікті ақыным – қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлы. Ал сүйікті жазушым – Ілияс Есенберлин.
– Мысырлық ақын-жазушылар қазір не жазып жүр?
– Біздің қаламгерлер махаббат тақырыбында көп қалам тербейді. Сондай-ақ, Мысырда соңғы жылдарда болған оқиғалар жөнінде жазады. Жазушыларымыз тарихи-публицистикалық жанрға жиі барып жүр. Сонымен қатар, романдар, өлеңдер де жазылып жатыр.
– Еліңіздегі жастар кітап оқи ма? Қай жанрлар көп оқылады?
– Иә, әрине. Поэзия, проза, қысқа әңгіме, детектив жанрларын оқиды.
– Қазақстанда қанша рет болдыңыз? Әсеріңіз қалай?
– Елордаларыңызда өткен әдеби форумға қатысуға барып, Қазақстанда алғаш рет болдым. Елордаларыңыз маған тамаша әсер қалдырды. Көшелер кең әрі таза. Ал ғимараттар жаңа әрі сәулетті. Жергілікті халық емен-жарқын қарсы алды. Ондағы өмір ғажап! Айналаның бәрі әсем, жарасымды. Жердегі жұмақ дер едім. Шынымды айтсам, Қазақстаннан кеткім келген жоқ. Жүрек түкпірімде Қазақстан – екінші Отаным екенін сезінемін. Тағы да жолым түссе, сіздің елдің өзге қалаларын да көргім келеді.
– Халықтар арасында қандай мәдени ұқсастықтарды байқадыңыз?
– Екі ұлт та әдебиетті жақсы көреді. Ақын-жазушыларын құрметтейді. Халықтарымыз ұлттық өнерді бағалайды. Сондай-ақ, көне кітаптарды, әсіресе, ел тарихы жөніндегі шығармаларды оқуды жаны сүйеді.
– Газетіміздің оқырмандарына қандай тілек айтасыз?
– Мемлекеттеріміздің арасындағы достық қарым-қатынасты білуін, Мысыр жайлы және арабша шығармаларды көп оқуын тілеймін.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан
Алпамыс ФАЙЗОЛЛА

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір