ТАМШЫ ШЫҚТЫҢ ЖАНАРЫНАН ИІСКЕП
09.08.2019
1073
0

Жамбыл ӘМІРЕБЕКОВ

Көшпенді жыры

Бір түбін салып жусанның,
Қиялды алғам қайнатып.
Қыңсылап кетпей қусам мұң,
Оны да жүрмін ойнатып.

Бұлттардың таппай ұясын,
Бармаған жерім қалмады.
Қиялдың қою сиясын,
Жырыма құям алдағы.

Бөрінің сауып қаншығын,
Азуын қақтым арланның.
Жанардан шыққан тамшының,
Аулына іздеп барғам мың.

Із кезіп жортып Құс жолын,
Тас жарған көзді қадағам.
Жер қазған талай күс қолым,
Ай – қыздың шашын тараған.

Адасқан соқыр бағымды,
Сұраймын ыммен елімнен.
Баяғы аңғал шағымды,
Кетіппін тастап тебінген.

Бүлкілдеп құрғыр көмейім,
Көтердім тауды ышқынып.
Шаршадым, мініп кетейін,
Шақырып желді ысқырып.

***

Сағынышым құлақтанып бүршігінен,
Жаным-ау, жалт қарады күрсініп ем.
Елесің еліктіріп қояр емес,
Жүрегімнің жарысып дүрсілімен.

Қою ойдың түбіне шөге берген,
Сағынышым сағымнан өлең өрген.
Мойынын созған гүлдер де жымияды,
Сәл сарғыш тартқан сартап төбелерден.

Шығарып салып едім Күнді күліп,
Күнбағыстай Ай маған тұрды үңіліп.
Көз ұшынан күніге көрінетін,
Сол жұлдыз ағып түсті түнді тіліп.

Жер жаймен айналады кібіртіктеп,
Тұрып қаппын аспанға үңіліп көп.
Мойынына асылады жүрегімнің,
Ұяңдау ерке елесің жүгіріп кеп.

Күйбең күннің келгенше сары атаны,
Мазасыз тұрды орнынан қала тағы.
Маздаған жұлдыздардың шоғын көміп,
Сәлден соң сенсіз өткен таң атады.

Сонарда

Қар жауып жатыр қылаулап,
Қабағы тастай түйілген.
Жазықта түлкі жүр аунап,
Үрінді қарға үйілген.

Жоталар болса қымтанып,
Бүркеніп алған бастарын.
Сүңгіден кетті жыр тамып,
Сонардың көктеп астарын.

Жемтігін тінтіп ақ қардан,
Қалқиды қыран көгінде.
Соқпағын іздеп тапталған,
Ұлиды Айға бөрің де.

Етекте қалың шеңгелдің,
Қояны әккі шықпаған.
Қыраннан бұрын мен көрдім,
Ши түбін киік ықтаған.

Бусанған жүйрік пысқырып,
Омбылап қарды шабады.
Шымшылап аяз ысқырып,
Тамсанып бозға қарады.

Қыран да көктен шүйіліп,
Киікке түсті құлдырап.
Боз боран қарды үйіріп
Тұрса да, атым тың бірақ.

Боздатып бозды келемін,
Үйіріп басып қамшыны.
Көбігі аунап өлеңім,
Қашады алып аңшыны.

Шүйіліп келіп қыран да,
Көгіне қайта атылды.
Толғатып жатқан бұл аңға,
Кез қылды Құдай ақынды.

Бозымның буы бұрқырап,
Тізгінге әрең тоқтады.
Сүйегі жырдың сырқырап,
Атуға дәті батпады.

Қанжыға бауы түйілмей,
Келемін қайтып ізіммен.
Тағдырға кеттім иілмей,
Сонар да қалды үзілген.

***

Тамшы шықтың жанарынан иіскеп,
Кірпігіммен қытықтадым беттерін.
Менен басқа кім оларға тиіспек,
Таңғы уақыт, мен ғаламат көктемін.

Күн сығалап көтергенде бастарын,
Шашы оның кетті жерге шашылып.
Бұлтпен бірге буып жатып шаштарын,
Бір талын мен жұлып алдым асығып.

Будан асқан ғапыл ғұмыр жоқ шығар,
Күнекейге ғашық едім шынайы.
Тек түсімде ол қыл құйрық боп осқырар,
Көкке қарап жүрем ылғи мұңайып.

***

Биыл мамыр жылдағыдан жаңбырлы,
Қара тастың тамырына қан жүрді.
Балағыма батпақ болып жабысқан,
Жел кептірген қағып қоям тағдырды.

Көңілімнің еріп біткен мұзы ағып,
Белбеуі де күннің кеткен ұзарып.
Сіркіреген ақ жаңбырдың астында,
Бір қызғалдақ гүл ашыпты қызарып.

Қызығамын бұталарға бүр жарған,
Қысыламын тым ұяңдау қыздардан.
Еріп түскен тамшысындай сүңгінің,
Аңсап тұрмын көшелерді жүз барған.

Бұл мамырдың бұлттары да желінді,
Жылы жаңбыр жылытады көңілді.
Мені тастап кеткен аңғал жастығым,
Кемпірқосақ бояуынан көрінді.


Мықтыбек СЕКСЕНБАЙ

АЗАР

Салқындап кетті сәлемдер,
Жауабын таппай жаурадым.
Топырақтығын дәлелдер,
Жасыл деп сүйген тауларым.

Жапырағыма құйылған,
Жыланның уын ем көріп,
Түсе алмай жүрмін қиыннан,
Өлігімді өзім өңгеріп.

Ақылмансиды бір кітап,
Сөремде тұрып сіресіп.
Етегімді іліп мың бұтақ,
Желкемнен басып жүз есік.

Алақанымды жаза алмай,
Тікені тілген гүлдердің,
Сағына тұра, базардан,
Саған да кейде құр келдім.

«Жоқ» дей алмаймын бір мінім,
Жазамды жиі тартамын.
Артымды шұқып тұр бүгін,
Кешегі жуған саусағым.

Адырна тарттым жүрекке,
Жебемді жасқа суғарып.
Жайратар едім бір оқпен,
Көзіме түсті бір жарық.

Не деген ащы бақыт бұл?
«Сор ма», – деп қала жаздадым.
Асқазаныма батып тұр,
Азанда жеген аз наным.

Күл төгіп келе жатқанда,
Көршімнің үйі өртенді.
Сөз таппай өзімді ақтауға,
Сипалай бердім желкемді.

Көкжелкем айтты, көкжелкем:
– Өзіңді ғана тыңдағын…
Өмірді сүйсең, сен де, еркем,
Мен болып қайта тумағын.

«Қолымнан гүлдің күбісін
түсіріп алдым», – деп едім.
Түріне қалды туысым,
Білгісі келіп себебін.

Жүзімнен жарқын күлкі ойнап,
Ешкімге бермей өшірет.
Ән салып едім мың тойда,
Осырып қойдым осы рет.

Сен, жаңбыр, боран және мен…
Құтқарып қалдық шыбықты.
Саялап жүрген кәрі емен,
Жана алмай әрең тұрыпты.

Түрленіп тосын тақырып,
Былш етті бетке бірдеңе.
Осынша үлкен қақырық,
Қай жерге сыйып жүрді екен?

Айраныңды ішіп айырылып,
Елжіреп жүрген етене.
Қынжылмай, титтей қайырылып,
Кесеңді шағып кетеді, е?

Тығыны тозған торсықтай,
Толқысам болды, төгемін.
Ажалдан қашқан Қорқыттай,
Адамнан қашып келемін.

Айырылдым қанша достардан,
Адасып айлы кей түнде?
Ақылы жұрттан асқаннан,
Ақын боп жүр ғой дейсің бе?

Алтын мен жезі аралас,
Тазалық тапшы өмір-ай!
Моншадан қашқан жалаңаш,
Архимед аңғал көңіл-ай!

Ит бағып жүрміз қабаған,
Басымыз сыймай той, төрге.
Бақытты болсын бар адам,
Бағалай салшы, ей, пенде!

Мен жайлы сонда бір мейір,
Омырауыңды иітсе,
Жуусыз қалып жүрмейін,
Көмбесең, мейлі, биікке.

Мінсіздік емес – ұлылық,
Һәм мәңгі емес бәрі де.
Жалаңаш қалсам, бұрылып,
Ақ жаба салшы тәніме!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір