ҚОҚМА, ШЫРАҚ
09.08.2019
1321
0

Таңдай КЕНЕЕВ

Ертемен бастығымды басымды иіп, кеңсе алдында күтіп алдым. Аман-сау­лық­тан соң, қолтықтап, көлеңкесіндей қосақтасып кабинетіне кірдім.
– Қашан келдің? – деді.
– Кеше кешкісін келдім.
– Астана қалай екен?
–Астанаңыз ақпанда азынап тұрады екен. Суық желі құйындатып, денеңдегі қуыс-қуысыңды қуалап, кеудеңе кіріп жылынатын көрінеді. Екі күн әрең шыдадым. Тендерге деген құжаттарды тапсырдым. Енді әрі қарай, көке, көмегіңіз керек болады.
– Құжаттарың дұрыс па? Ертең ауы мен бауы жетпейді екен деп, сынықтан сылтау сабақтап, қаттап кері қайтарып жіберіп жүрмесін, – деді бастық, орнына отырып жатып.
– Сондағы жігіттерді жетектеп апарып, кафеге кіргізіп, коньяктарын әперіп, көрсетіп алдым. Бәрі дүрыс.
– Біздің бастық басқа бастықтарға ұқсамайды. Айтып отырған әңгіме басында жүзінен не дұрыс, не бұрыс бір реакция байқамайсың. Сені естімей өз ойымен отырған сияқты, бірақ айтатын алты аузын соңынан бірақ айтады. Жасы үлкен кісі. Құдекем қолдаған қолындағы құрығы ұзын қорғаушы бар ма немесе жолы бол­ғыш жолдыбай жан ба, әйтеуір баяғының байпағынан бізде бастық. Заман талай өзгерді, өзгермейтін біздің бастық. «Әй, бала, көзің ашық қой, мен әңкүр-мүңкірі мол мына мүттәйім заманыңнан мақұрым­мын, маған шаруашылық жағынан орын­ба­сарлыққа кел», – деп мені өзі шақырып ал­ған. Әңгімеміздің арасында: «Министр­лік­тің тендерге бөлетін теңгелері де, ауыз тол­тырып айтарлықтай екен», – деп те қойды. «Пысықсымай отыр. Білемін», – дегендей ала көзденіп маған бір қарады.
– Ал, сол тендерді жеңіп алдың дейік, содан соң соншама ақшаны не істемексің? – деді, темекісін тістеп түңілген қалпы.
– Бастықтың бұл сұрағы – сайқал сұ­рақ. «Ақшаны не істейсің?», – деп дені дұ­рыс адам сұрай ма? Бәрін алдын-ала ой­лас­тырып қойған сияқты. Байқап жа­уап беру керек. «Аттың сыры иесіне мәлім» деген ілімді біз де білеміз. Менің ойымды білгісі келіп отыр.
– Өзіңіз отырғанда бір амалын табармыз, тірі адамбыз ғой. Тендер қолға тисе, тапсырысты тас қылып, бұйырғанын ас қылып орындаймыз да, – дедім. Басты­ғы­ңа «өзіңіз» деп өзеуреп отырсаң, еш уақыт­та өзегіңнен теуіп, өзгеге таптатпайды.
Бұл айтқаным бастықтың басының жәйлі жерінен орын алған сияқты.
– Жазған, сызған жоспарың бар ма? Қайтіп орындайсың? – деді.
– Жоспарым бар. Өзбектермен алдын-ала қол алысып, келісіп қойдым.
– Қазақтар қай тақияңа тар келіп тұр? Өзбегің не?
– Қазақтар шет елге сатып, табыс тү­сіре­міз, – дейді. Оның үстіне өнімдері өте қымбат, әкелерінің құнын сұрап сан­ды­рақ­тап отыр.
– Түсінбедім. Өзгенікі емес, өзіміздікі өзімізге неге қымбат?
– Инфляция дейді.
– Инфляция деген итиген итіңді «жоқ», – деп жүр еді ғой. Ол тажалың тағы қай­дан келді?
– Бар екен. Барды жоқ деп, жұрттан жасырып, жабуын жауып жүре алмайсың, ел сияқты күле алмайсың, жеп тұрады, тоқтатпасаң, басқа ұрады. Инфляция – сыздаған сыздауық сияқты. Инедей кіріп тұрады, жүйкең іріп тұрады. Басып қал­саң, жаныңды шығарады, қасып қалсаң, қаныңды шығарады.
– Өзбектерде ол итің жоқ па екен?
– Қайдам. Бізде Үкімет елді елеп, ха­лық­қа қол ұшын беріп, күнкөріске кіш­кене ғана қаражат қосса болды, барлық баға қымбаттап кететін айықпас ауру пай­да болды ғой.
– Біздің пысықайлар өздерін жа­ла­-
ңа­ш­­тап, өзгені жарылқаймыз дей ме, сонда?
– «Қожайындарыңның қалауы», – дейді ғой.
– Өзбектер мақтасын мақтап, қаттап тегін бере ме екен?
– Тегін бермесе де, қазақтардікінен біршама арзан.
– Өзбектердің бағасымен өзіміз шы­ға­ра­мыз деп үміттеніп отырған өнімнің өзін­дік құнын есептедің бе?
– Мінекейіңіз. Бас бух екеуміздің екі күн отырып жасаған есептеуіміз, – деп, алдына қағаздарымды жайнамаздай жа­йып салдым.
– Мынау қазақтардың, мынау өзбек­тер­дің бағасымен. Мына көрсеткіш жалпы көлем. Мынау – тендерге бөлген қара­жат­тың көлемі. Бұдан 15-17 пайыздайын тен­дерден теңге жасап, дәметіп отырған ала көз әпкемізге «шәпке» деп береміз.
– Әй, шырақ, мынауың әпкеңнің шәп­кесі емес, сол әпкеңді сіңлілерімен сатып алуға жететін ақша ғой. Көп емес, пе?
– Бұл бекітілген пайыз. Онсыз болмайды. Қасапшыға да «қол ақысы» деп береді ғой. «Берген перде бұзар» демей ме. Сонда мұншасы бізде қалады. Осыдан өзіңізге аты бар бір сыйлық жасасам деген арам ойым бар.
– Қандай сыйлық?
– Өзіңізге лайықты бір «Джип» деген «пип-пип» сыйласам деймін. Қайнымның көзі еді деп жеңгемді жетектеп, мініп жүрсеңіз, кабинесінен допша топ етіп домалап түсіп қалмайтын шығарсыз.
– Мі, мі, м, – деген бір түрлі дыбыс ес­тілді.
– Қуаныш әлде қорқыныш дыбысы ма, түсінбедім.
– Мына бір сомаға ана тұрған тігін машиналарымды жедел жөндетіп, сыртын өңдетіп, сырлап, сынын келтіріп жіберсем деймін. Тот басып, көптен бері қимылсыз тұр ғой. Мына көрсеткіш – жабдық­тары­мыз­дың тоқу құны.
– Әлгі амортизация деген албастың ба?
– Мына сан – қосымша шығын. Бұның ішінде салығы бар, сақтандыру, зейне­тақы сияқты тағы басқа қорлары бар. Қалған қомақты қаражат жұмысшылары­мыздың қалтасына кетеді. Қорыта келгенде, мынау –қазақтардың, мынау – өзбек­тер­дің бағасымен есептегендегі өзіндік құн. Айырмасы біраз болады.
– Болды ма? – деді.
– Баланс шығып тұр ғой.
– М, м, м. Баланың балансшылын. Нөл, нөлмін де.
– Түсінбедім. Бірдеңені ұмыттым ба?
– Әй, шырақ, соншама сандалғанда, мекеменің пайдасы қайда? Сыйақыға не бермексің? Алайын деп үміттеніп отырға­ның аз ақша емес. Тапсырысты орындаған соң, басшыларға, мамандарға, оның ішінде бас бухтың, жас бухтарың, өзің де барсың, сыйлық беру керек болады. Ми­нис­тр­лікте отырған ағаларың да, тендерді таныс алса деп, тамсанып, көз құрттарын тігіп, дәмнен дәметіп отыр дегендей. Ер­тең, мен «тендерді бізге беріңдер», – деп тен­тіретіп, солардың алдына барамын ғой…
– Оныңыз орынды. Бірақ ол қаражатты қайдан қысып шығарамын? – дедім. Өзіме, бас бухқа деген бармақ басты, көз қысты пайдамызды бастыққа айта бер­мей­мін ғой. Сыр шашатын сайқымазағың мен емес. «Пайдам – сізге мінгізген көлі­гім», – деп, тағы қалай айтамын? Түсін­бестің кейпіне келіп, кішіпейілдік сақтап отыра бердім.
– Фабрикамыздың жаны жәһаннамға кетіп тұрғанын жоғарыдағылар біледі. Жиырма жыл жұмыс істемеген станоктарды жөндетіп береке таппаймыз. Бірақ осы қаражаттың үстіне үстемелеп қос. Екінші­ден, шикізатты сатып алатын бағаның қасына тағы бір нөл жалға. Баға келісім бойынша екенін елде бәрі біледі. Өзің де инфляция деп өзеуреп отырсың ғой. Сонда алақаныңа біраз басы артық тиын-тебен түседі.
– Түсіндің бе?
– Түсіндім.
– Ал енді менен қандай көмек керек?
– Бір айдан кейін тендерде біз жеңуіміз керек. Бар көмек өзіңізден.
– Көрерміз, – деді бастық. – Бара бер.
– Әне-міне дегенше, бір ай да өте шық­ты. Астанадан бастық кеше келді. Таңертең мен сәлем беруге кіргенде: «Отыр», – деді. – Әрине оңай болған жоқ.
– Түсінемін. Мен де, сізді! Бүгіннен жұмысқа кірісемін. Үйлерінде бос отырған тігіншілер мен толқымашыларды, жөн­деу­шілерді жинайын, – дедім пысықсып.
– Ешкімді жинама. Ешкімге жар салма.
– Неге? – дегендей бастықтың бетіне қарадым.
– Сен соншама көлемді қаңсырап, қисайып, жамбастап жатқан жаб­дық­тарың­мен орындайын деп отырмысың? Әлде сенің жіп иіріп, одан мата тоқып, тіккен көрпе, жастығыңның тыстары да­йын болғанша, Қазақстан халқы жалаңаш жата ма? Өнеркәсіп жеңіл, бірақ жүгі ауыр, білемісің оны?
– Енді тағы не айтпақшысыз?
– Шетелдік төлқұжатың бар ма?
– Бар.
– Қытайға виза аш. Үрімшіге барасың.
– Шетелге шыққан емеспін. Онда не бітірем?
– Осы, үйдегі келін Қаскелеңге барған­дай күнара Қытайға барып, келіп жүрген жоқ па?
– Иә, анда-санда барып жүр. Бір кіш­кене дүкені бар, өзіңіз де білесіз.
– Қасыңа келінді қосақтап ал. Әйел адам емес пе, мата таңдай алады. Тендердің тапсырысы бойынша, барлық көлемді керегінше қанағат ететіндей көрпе, жас­тық­тардың дайын тыстарын алуға шарт жасап келіңдер. Маталары сапалы, түрлі-түсті, тартымды болсын. Келген соң керек белгілерді осы жерде өздерің қоясыңдар.
– Тағы қандай белгі?
– Мысалы: «Мад ин Казахстан» деген белгі керек пе? Керек. Біздің фабриканың төл белгісі керек пе? Керек.
– Сөзді созбай оны да сол Қытайдан қойдыра келмеймін бе?
– Оның да дұрыс екен. «Ақыл жастан» деген, елді дүрліктірмей солай істе. Өткендегі есептемелеріңді, құжаттарыңды тастай қылып, дайындап қойыңдар. Салық сарбаздары салп етіп келіп қалса, дайын тұрсын. Бас бухқа өзім айтармын. Аузыңа берік бол. Ақша Астанадан бір айдан соң түседі. Оған дейін келісімшарт жасап келесің.
– О, не дегеніңіз?! Тендер болмаса, тен­тіреп кетер ме едік? Қалай ойыңызға келді. Стратексіз ғой. Бәсе алақаным қышып, қарға қашан тышар деп жүр едім, – дедім.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір