Ұмытпайды «Қояндың»…
06.08.2019
970
1

Ешкім ұмытылмайды. Ештеңе ұмыт қалмайды. «Қазақ әдебиеті» газеті ескерусіз қалып, ұмытылып бара жатқан біраз қаламгерді оқырман ортасымен қайтадан қауыштырды. Алда әлі де сол бағытты ұстанады. Өздеріңіз білетін, әдебиетке зор үлес қосқан, дегенмен, қағаберісте қалып қойған азаматтар болса, хабарласыңыздар. Бүгін біз Сатыбалды Даумов туралы естеліктер мен ақын шығармашылығына кезек береміз.

Сатыбалды Даумов – соңы­на өшпес мұра қалдырған тау-тұлға. Ол, ең алдымен, қала­мы­нан жыр құйылған ақын бо­­ла­­тын. Әйтсе де, «поэзия» дей­тін салқар көште біздің кейіпкеріміз қандай қасиетімен ерекшеленетін? Оны білу үшін Қазақстанның Халық жазушысы, ақын Мұзафар Әлім­баевтің мына сөзін оқып көрелік:
«Сатыбалды Даумовты мен сонау студент кезінен білемін. Поэзия­дағы алғашқы қадамда­рына да куәмін. Университет бі­ті­ріп, журналист атанған тұ­сында да сыр­ласу­дың желісі үзілген емес. Әсіресе, «Еңбек таңы» жур­налының Бас редакторы болған жылдарында оның қалам­герлігі шыңдала түсті. Көсем­сөз, тарихи зерттеулер жазды. Поэзияда өзіне қатаң талап қойып, алғаш­қы жина­ғын шығаруға да асық­пағаны сөз өнерін әспеттеу­дің үлгісі еді. Алғашқы өлеңдер кіта­бына ағалық шын көңілден қуанып, газетке пікірімді жазып едім. Сатыбалды аз жазған жоқ, алайда асылын тал­­дап-талғап қана жариялайтын. Бізді сонысымен ырзалайтын. Сатыбалды көп оқитын, білім­дар аза­мат еді. Батыс, Шығыс поэзиясын, туған әде­­б­иет­ті, тарихты тәп­тіш­теп білген­діктен, оның ауызша әңгімесі тағы­лымды да тартымды болатын».
Осынау шағын естеліктен қа­лам­гердің сөз өнерін кие тұт­қанын, жазуға үлкен жауапкер­шілікпен қарағанын аңғара­мыз. Бұл – әсіресе, әдебиетке жаңа қадам басқан кез келген жас үшін үлгі болар биік қасиет.
Қай қаламгер де әдебиетке үлкен мақсатпен келері анық. Сол мақсаттың үдесінен қан­ша­лық­ты шыға алғандығына – сырт жұрт сыншы. Бұл орайда Сатыбалды Даумовтың қазақ әдебиетіндегі орнына Қазақс­тан­­ның Халық жазушысы, ақын Қадыр Мырза-Әлі мынадай баға беріпті:
«Мен Сатыбалдыны кітабы шықпай тұрып-ақ ақын деп біле­тінмін. Осындай ақынның кіта­бы неге шықпаған деп те таңғала­тынмын. Тіпті, соның өлеңдерін шығармай жүргендерге де таң­ғала­­тынмын. Бірде Сатыбалдымен баспада кездесіп қалдық. Сә­кен Иманасов – Бас редактор. Сәкеңе кіріп: «Мына жігіт тала­нт­ты, жасы алпысқа таяп қалды. Мұның жа­сындағы ақындар он-он бес кіта­бын шығарып тастады. Ал бұл жігіттің бір де бір кітабы шық­папты. Мына жігіттің кіта­бын шығарып бер», – дедім. Обалы не керек, Сәкен Иманасов кітабын жоспарға кіргізді. Сол кітабы шық­ты. Сатыбалды өзінің әде­биетші болатынын білген, іштей дайындалған, өте сауатты жігіт болатын. Ол әдебиетте үлкен орнын қалдырды. Мұны жолдастық­тан, ағайын­гершілік­тен, құрдас­тықтан айтып отыр­ған жоқпын, оған көзім жет­кен­дік­тен айтып отырмын. Ол соңғы кезде тарихты да қазбалады. Алма Оразбаева жөнінде поэма жа­зып жүрді. Батыс Қазақстан облысына қарасты Бөкей орда­сы­ның тарихын зерттеді. Шығар­ма­шылық жолында аудармашы­лықпен де айналысты. Ол – қазақ әдебиетіне тек кіріп-шығу үшін ғана келген адам емес. Ол қазақ әдебиетіне өзін­дік орнын лайық­ты етіп қалдыра білді».
Ақиық ақын Мұқағали Ма­қа­таев «Ақынды ақын қол­дамаса болмайды» деп айтқан­дай, шығармашылық қуаты мол жеке бір талантқа тағы бір шоқтығы биік таланттың сүйеу білдіруіне сүйсіне отырып, кейіпкерімізді жақын тани түсеміз. Иә, поэзияға да, проза­ға да, тарихқа да кең құлаш сермеген Сатыбалды Дау­мов­тың еңбегі ұшан-теңіз екені – даусыз ақиқат. Сол мұраны көздің қарашығындай сақтап, терең зерделей білу – тірілер, біздердің, кейінгі ұрпақтың парызы.
Ақынды тану үшін өлеңде­рін оқу керек. Өйткені өлең де­геніміз – ақын жанының дауысы, жүрегінің үні. Өлең деген – ақын­ның болмысы, мінезі, өзіне тән қасиеті. Яғни, өзі. Бұл орайда ақын Сейфолла Оспан:
«Сатыбалдының «Осынау тұр­ған Нарында» деген кітабы қатты ұнады. Қазіргі айтып жүр­ген ақындарымыздың, шындығы керек, солардың бәрінен үстем шықты. Бұл кісі сөзге жоқ, тек қа­на өзін-өзі тұ­йық­тап өскен. Екін­ші жағы­нан, бұл кісінің ары­ны – Хамит Ерғалиев аға­мыз­дың арыны да, ал, ішкі астары – Әбу Сәрсенбаевқа келеді. Ана кісілер сондай мінезде болған кезде, бұл кісі өзінің бойын­дағы осындай мінездерін ішіне бүккен сияқты. Соның нәтиже­сінде бұл кісі не жазса да, тоқ етерін айтуды үйренген», – дей отырып, оқырман қауымды Даумов әлеміне үңілте түседі.
Ақын болмысын оның қан­дай жағдайда да жанынан табыла білетін жан жарынан артық ешкім де тани білмесі анық. Олай болса, Сатыбалды Даумов­тың жұбайы Асылғаным апай­дың мына бір естелігіне кезек берелік:
«Сатыбалды өте ұстамды, көп сөйлемейтін, аз, сазды кісі еді. Жанұя­­сын жақсы көретін. Отбасы үшін де 40-45 жылдай бір орында жұмысын атқарды, әлгі жазушылар жаққа кетіп қалмай, балаларын асырап, адам етем деп барын салды. Негізінен, екеуміз де отбасы үшін өмір сүрген адамбыз. Ол, жалпы, балажан болатын. Жора-жолдастардың үйіне қонақ­қа барсақ, сол үйдің бала­ларының бәрі де біздің кісінің мойнына асылып, құшақтап, мәре-сәре болып жататын. Өте бауырмал, ақылды адам еді».
Қоғамның қай құбылысы да ақынды бей-жай қалдырмайды. Жүрегіне салмақ салады, тол­ған­­та­ды. Ал, біздің кейіпкері­мізді өмірдің қандай жайттары теңіз­дей тебірентті екен? Ақын Дүй­сен­бек Қанатбаев былай депті:
«Даумовтың өмірінің екі ерек­шелігі бар. Бірі – кіндік кескен жерінен тірілей ажырасуы, Азғыр мен Капустин сынды полигондар­дың қыр-сыры, туған жерден еріксіз көшірілуі. Ақын қайтыс бол­ғаннан кейін «Қазақ әдебиеті» газеті ақынның «Қоян­ды» аза жырын жариялаған еді. Редакция оған мынандай кіріспе сөз жазыпты: «Ажал базарыңа да, ажалыңа да қарамай­ды», – деген сөз рас. Туған жерін ба­рын­ша сүйген ақынның бізге әкелген соңғы топ­та­масындағы аза жы­рының әуені өзіне де арнал­ған­дай… Бір жұ­банарлығы, оның жыр ғұмыры – мәңгі».
Осы арада ақын поэзиясына – «Қоянды» атты аза жырына кезек берелік:
Іздеме бекер картадан,
«Қоянды» деген жазуды.
Жазусыз да оны дәл табам,
Ауылды сол бір аз үйлі.

Қояндым,
Көрмегелі көп жыл өтті,
Сағыныш ет жүректі елжіретті.
Орныңды қалдым сипап іздеп келіп,
Ел босып, тоз-тоз болып
Жер жүдепті.

Ауыл жоқ…
Тұрмын енді жұртын басып.
Жадау түз, жатыр сұлық,
сиқы қашып.
Құйрықсыз қызыл шақа қыр түлкісі
Жанымнан өте берді сылти басып.

Сауы жоқ, адам түгіл аң-құсының,
Түсінер бұл өңірдің қайғысын кім?!
Кетіпті бір-ақ жылда киік құрып,
Еріген қардың ішіп «қанды суын».

Зымыран төбесінен құлап-құлап,
Төбелер жатыр өліп, сұлап-сұлап.
Жыландай жан-жағына
у шашады,
Жаралы жер төсінен су атқылап.

Өлі су,
Өлі ауа,
Өлген ауыл.
Аспаннан себеді өлім
жерге жаңбыр.
Ұйтқытып радиация
шаң-тозаңын,
Алмайды күндіз-түні жел де
дамыл.

Тағы да соқты, міне, құм бораны,
Құм борап жүрегімді мұңға орады.
Бір сұрақ жауабы жоқ
тілге оралды,
«Ойраны шыққан елдің
кімге обалы?»
Иә, «Қоянды» – туған жерін құлай сүйген ақын жанының шырылы. Қасіретті күйдегі Қояндысына қанатымен су сепкен қарлығашша араша түсе алмай, қапаланған ақын жүре­гі­нің мұң-зары.
Д.Қанатбевтың сөзін әрі қарай сабақтасақ:
«Даумов өмірінің екінші ерек­шелігі – оның өлең жазуды тым кешірек бастағандығы. Мұнысын ақынның өзі де сып-сыпайы әрі дәл жеткізген еді.
Абайша бастағандар көп болғанмен,
Бола алған қайсысы бар Абай бірақ?
Расымен, қаламгердің әде­биет­тегі орны қолына қай кезден бастап қалам алғандығымен өлшенбейді. Ең бастысы, оқырманға не бере алғанында. Біздің кейіпкеріміз – осы ең басты парызына адал болған қаламгер. Ендеше, Сатыбалды Даумовтың есімі халық жадынан ешқашан өшпек емес.

Мөлдір РАЙЫМБЕК


Сатыбалды Даумов

Белгілі мәдениет қайраткері, ақын, журналист, жазушы-өлкетанушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.
1935 жылы Батыс Қазақстан облысы Бөкей Орда ауданының Қоянды ауылында дүниеге келген. 1953-59 жылдары ҚазҰУ филология факультетінде оқыған. «Қазақстанның ауыл шаруашылығы» журналында әдеби қызметкер, аударма бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарған. 1969-95 жылдары республикалық «Еңбек таңы» журналында Бас редактор болды.
«Жалын ғұмыр» атты өлеңдер, «Тауқыметті тағдыр» деректі-эссе кітаптары, танымдық мақала­лары мен очерктері жарық көрген.
Қазақстанның Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері. 2004 жылы Алматыда қайтыс болды.

ПІКІРЛЕР1
Аноним 25.03.2021 | 20:53

Туған елге, әдебиетке адал қызмет еткен Сатекең секілді тұлғалардың еңбектерін көп тиражбен тарату керек.
Үміт Жәлеке.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір