Екінші Ғабиден
Қазақ жерінде Ғабиден ныспысы кең тараған. Солардан ең алдымен еске түсетіні – Ғабиден Мұстафин. Қарасөзден алдына жан салмаған, қара өлеңнен қарақшыдан өткен қастерлі тұлға. Басқасын қойғанда, «Жас қазағының» өзі әлі талай ғасырды бөктерер.
Сол Ғабең жалғыз емес. Қазақ өркениетінде Ғабеңмен қатар аталатын тағы бір тұлға – Ғабиден Құлахмет! Ол өзін қашанда Екінші Ғабиден деп білетін. Қазақ қарасөзінде, бәлкім, қазақ дүниетанымында… Бұған қарап Үлкен Ғабиден, Кіші Ғабиден деп ажыратуға болар. Тіпті, Бірінші Ғабиден немесе Екінші Ғабиден десек те жарасымды.
Қазақта басқа да байрақты Ғабидендер жетерлік.
Басқа Ғабидендердің қазақ тарихында қалу-қалмауы неғайбыл. Ал Үлкен Ғабиден мен Кіші Ғабиденнің қазақ тарихында өз орындары бар. Оларды өлтірмейтін – олардың түзген Сөздері!
Қалай дегенде Сөзде ырғақ, әуен бар. Қалай дегенде Сөз дыбыстан тұрады. Сондықтан да Ғабең Сөздің алтын тамырын қазақ поэзиясынан іздеді. Оның жастық шақтағы ізденісі бақсылық әдебиетке алып барды. Бақсылар өздерінің сарындарымен адам тәнін жазды. Ғабиден болса сол үлгіні жоғары ұстады, ол өз өлеңімен халқының шалажансар жатқан рухын тірілтпекші болды. Сондықтан ол алғашқы өлеңімен-ақ елді өзіне жалт қаратты. Оның алғашқы «Көзімнің қарасы» атты пышақтың қырындай кітабын ел бір-бірінен сұрап алып оқып жатты.
Үймелеп көкке қарайды,
Үкілі басты қамыстар.
Үлпілдетіп жел тарайды,
Үпелектерін шаң ұстар.
Жан-дүниеңізді баурап алатын жолдар осындай-ақ болар. Жетпейтіні сарын ғана, бақсы сарыны.
Шежіре қарттан аумаған,
Шекпенін шешті тау маған.
Ақ сақалынан төгілді,
Ақ моншақтары саулаған.
Дария тасып, сең жүрген,
Сатырлап мұздар бөлінді.
Кіреуке сауыт жер киген,
Шығыршығынан сөгілді.
Батсайы жонды бар өңір,
Шайқасаң күйге толып тұр.
Омырауы иіп ана-өмір,
Ағыл да тегіл болып тұр.
Мынау бір жатқан сурет қой. Табиғи сурет. Тірі сурет. Бұла көктемді Ғабиденнен бұрын бұлайша суреттеген, кестелеген ақынды мен білмедім. Бұл жерде һәкім Абайды, болмаса мейміл Ілиясты айтып тұрғанымыз жоқ. Олардың көктемі шаранасынан асып жатқан көктем. Олардың көктемі полотнодан түсіп келе жатқан көктем, суреттен тіріліп келе жатқан көктем.
Ал Ғабиденнің көктемінен мұрныңа жаңбыр исі келеді, көк исі келеді. Оның кілті – Сөзде, бақсылық сарында.
Ғабиденнің шығармашылығына көз жүгіртіп қарап отырсақ, оның бақсылық соқпақпен шектеліп қалмағанын байқаймыз. Бақсылық жүлгені ол шамандық бебеуге алып барады. Соңынан Тәңірлік сарынға апарып бір-ақ тірейді.
Жиырма бесте жасын ойнатпай,
Жарқырап жанып қалмассың,
«Отызда орда қиратпай,
Қырықта қамал алмассың».
Жанбадым жалын күткен ем,
Жегідей енді жеймісің.
Жиырма бесімде бітпеген,
Елуде бітер деймісің.
Қайтпайтын маған көктем-ау,
Итеріп тастап кеткені-ау,
Жастықтың жарқын беттері,
Жиырма бесімнің өткені-ау…
Текті поэзияның алтын тамыры осында. Тәңіріде пішім жоқ. Алайда, дүниеде қанша пенде бар, Тәңірінің сонша пішімі бар. Өйткені, ерте ме, кеш пе, пенденің бір ұлы күшті бір мойындауы болады.
Қазіргі айтыс ақындарына көпшіліктің өкпесі қара қазандай. Шынтуайтына келгенде олардың өлеңінде бақсы сарыны жатқан жоқ па?! Сол сарынымен олар тыңдарманын өзіне қаратып алады. Олай болса, олардың бес ауыз бәдік айтып, автокөлік мініп жатса, оның мұнан басқа себебі жоқ. Мінбер ақындарды да осы топқа жатқызуға болады. Алып стадиондарды аузы-мұрнынан шығарып өлең оқығандар бізде де болған. Олжас, Мұхтарлар сол қатардан!
Бақсылардың жырлары жын шақырудан, бұлт пен жауын шақырудан, арбау жырларынан, дерт көшіру жырларынан тұрады. Қазіргі ақындардың жырларын алыңыз. Олар да шақырып жатады. Рух шақырады. Соның бастауында кешегі Мұқағали, Кеңшілік, Жұматайлар тұрса, бүгінде бұл үдерісті Серік Ақсұңқарұлы, Ғалым Жайлыбай, Маралтай және басқалары алты қыр асырып тастады. Осы топтың ішінде, әрине, Ғабең де бар!
Қабаштың басы қарабай,
Қарабай қанат қағады.
Көлшікке қонған жағалай,
Қалың құс қиқу салады.
Ауылдың арты тоған су,
Тоған су толып тасиды.
Төменде думан далам шу,
Төбемде күмбез жасынды.
Алқызыл кілем ай дала,
Айдары нұрға бөленген.
Аспанда,
Жерде,
Сайда да,
Көктемнің жүзін көрем мен.
Оның өз пәлсапасы бар. Ол – жаңару пәлсапасы. Ол – жасампаздық пәлсапасы. Бар нәрсе бар болады, жоқ нәрсе жоқ болады. Сондықтан да оның жайған жапырағы сарғаймақ емес. Ол тек көктемді ғана көрді.
Ой-хой, шіркін! Дала төсі кең неткен,
Гүліңменен, жырыңменен кел көктем.
Шаттық толы сенің әсем келбетің,
Жас жанымды тебіренткен,
тербеткен.
Сол Ғабеңмен аралас-құраластығым өткен ғасырдың сонау сексенінші жылдарынан басталады.
Ақадыр аудандық газетінде істейтін кезім. Сол кездері аудандарды жарыстырып қоятын. Содан жорналшы ағайындар бірлескен нөмірлер шығарып жататын. Сондай нөмір шығару есебімен Балқаш қаласынан бір-ақ шығайын. Менің баратыным – газеттің жауапты хатшысымын. Жарыстас ауданымыз Тоқырауын ауданы. Балқаштың дәл іргесінде. Соған орай аудандық газеттері Балқаш қаласындағы баспаханада басылады.
Қонақүйіне келсем жеке орын жоқ екен. Дегенмен, екі орынды нөмірге іліктім.
Бөлмеге келсем стол үстіндегі вазада гүл шоғы тұр. Басқа нөмірге кіріп кеткем жоқ па деп ойланып қалайын.
Ваза жанында жатқан былғары тысты нән куәлік көзіме оттай басылсын. КСРО Жазушылар одағы мүшесінің куәлігі. Ашып қалсам, Ғабеңнің аты-жөні жазылыпты. Қуанып кеттім. Ғабиденнің аты шығып жүрген кезі. Өзіммен шамалас. Өлең оқитын болдық деп қоям. Содан тілдей қағазға амандығымды білдіріп, шаруа қамымен баспаханаға кеттім. Түстен кейін келсем, стол үстінде Ғабиденнің «Көзімнің қарасы» деген кітабы жатыр. Ашып қалсам, қолтаңбасы тұр. Әуелде біреуге жазыпты. Одан ақ қағаз жапсырыпты. «Бірінші Төреханға екінші Ғабиденнен. Біреуіміз Олимптен көрінейік. 14.06.1982. Көктеңіз», – депті. Ол да тілдей қағаз тастапты. Ешқайда кетпей тос деп. Жұмысбастымын. Тоса алмадым. Кешкі сағат сегізде бөлмеме келейін. Ешкім жоқ. Енді тосуға болады.
Ол да мені сыртымнан таниды екен. Мені тәнті еткені оның қазақша көріскені. Жатсыну, жатырқау дегенді білмейді.
– Шерді іздеп келдім. Көктеңіздің қамысында болмағанда қайда болады? – деп қояды.
Кейін білсем роман жазбақшы екен. Шер туралы. Мұнысы менің ақылыма сыймайды. Дүрілдеп тұрған ақын. Оның үстіне әлі отызға толмаған.
Келер сәт ол өлең оқып тұр еді. Сол күйі бес-алты өлең оқып тастады. Бір өлеңі екіншісінен асады.
Ендігі кезек менікі еді. Мен қысылайын. Өлең жазбағаныма бес-алты жылдың жүзі болған.
– Дәмдісін ғана оқы. Мысалы, «Кезқұйрық»…
Қарағандыда Серік Жүсіпов деген ақын болған. Сол ақын Иосип Мандельштамша оқушы еді. Керек жерінде сыбырлап, керек жерінде созып, керек жерінде екпін салып «Кезқұйрығымды», «Құралай айымды», «Тамызымды» оқып шықтым.
– Керемет. Өлеңің де… Өлең оқысың да… – деп қояды.
Сөйтіп тұрғанымызда екі-үш жігіт кіріп келді. Біреуі өзіммен адас. Музей қызметкері екен. Екіншісі Қоңырат кенішіндегі аурухананың оташысы дейді. Үшіншісі де ақын жігіт болып шықты.
Қоңыратта оташы жігіттің үйінде болдық. Түні бойы өлең оқыдық. Бір әдемі кеш болды. Түн ауа қайтатын болдық.
Түнгі Балқашты қызықтаймын деген соң қонақүйге жетпей түсіп қалдық. Жаяулап келеміз. Өлең оқып келеміз.
Алдымызда бес-алты жігіт тұрған. Қазақ жігіттері. Солар тап берсін. «Мұрындарыңды шүйіресіңдер» деп. Ара-арасында намдя деп қояды. Кейін білсек жігітсіңдер ме дегендері екен. Сөйтсек қазақ емес, кәріс жігіттері екен. Ғабиденнің олармен жұмысы болса, кәне?
– Мы Богы, мы Поэты…– деп қояды.
Төбелессіз тарамайтынымыз белгілі болды. Біз екеу де, олар алтау. Орыс ішінде өскендіктен төбелестің талайын көргенбіз. Сол өнерімді көрсетудің реті келген еді.
– Қорықпа, – дедім Ғабиденге, – мен қазақша күрестен спорт шеберімін, арқа тіресіп төбелесеміз..
– Шерміз… – деді Ғабиден.
Сонымен төбелес басталып кетсін. Олар жұдырығын ала жүгіреді. Қары іліккен бетте қырқа шалып аспанға атамыз. Бір қарасам Ғабиден біреуін жата қап лақтырсын. Әлгілері солай жатып қалды. Содан бізге қайтып беттемеді.
Қайтып келеміз. Екеуіміз ақ костюм-шалбарлы едік. Енді түстеуге келмейтін болды.
– Химчистка аман болсын…
Кейін білсем Ғабиден шынымен қазақ күресінен спорт шебері екен. Мен болсам көңіл үшін айта салған едім. Спорт шеберімін деп. Кейін Ғабең «Балқаштық гладиатор» деген әңгіме де жазды. Соның прототипі мен едім.
Сол Көктеңіз сапары Ғабиден шығармашылығында қалды. «Үйірі жоқ көкжал» деген роман жазды.
– Қасқырда үйір болмайды, әуек болады, – дедім.
Қатты өкініп қалды. Кітап шығып кетті ғой деп. Келер кітабымды саған оқытам деген.
Одан кейін де араласып тұрдық. Қарағандыға ауысқаннан кейін жиі кездесетін болдық. Өйткені, белгілі қаламгер Мағауия Сембаймен бірге оқыған. Жақсы достар екен.
Сол Ғабең дүниеден озғанда Шығыстан аңырап Серік Байхон, Орталықтан аңырап Мағауия екеуіміз бардық. Соңғы мейрамсуын ішкіздік. Мен сүйегіне түстім. Сол нұры бетінен таймаған күйі кетті.
Шолоховтың өз Вешенская станицасы болды. Біраз дүниелерін сонда жатып берді. Ғабеңнің станицасы Шолпаны еді.
Ауылдың маңы баурайы белі,
Жамырай өскен тал-қайың еді.
Бұрымды қалқа бойжетті дейді,
Тұлымы желбіреген бала қыз еді…
Сол үзілген жырды Ғабеңнің досы Ұлықбектің шер толы жыр жолдарымен жалғап едім:
Сағынышпен сенделтіп мың сан ағын,
Өкініштен ішем де жыр шарабын,
Шолпан деген ауылды есіме алып,
Шолпан жұлдыз,
Өзіңе мұң шағамын…
Сол Шолпан ауылы бір жеті қара жамылды. Оның қонағасындағы ел ырғын болды. Бәрі де кеуделеріне рух киесін қондырған қарапайым жандар еді.
Менің ойыма Ғабеңнің кейіпкерлері оралған.
Шешен емес аузыменен құс тістеген,
Батыр емес ғажап ерлік істеген.
Күнде көрер кәдуілгі кісі бұл,
Тәулік бойы трактордан түспеген.
Дана емес дара шыққан мыңнан бір
Оған үйір емес атақ, шу дабыр,
Шәкен дейтін, Шәке дейтін жан сирек,
Көп ауылда жүретін жай бірігәдір…
Сол бірігәдірлер Ғабеңмен қимай-қимай қоштасты.
Ол өзі айтқандай шер еді. Аман-есен жүргенде екінің бірі келіп жатқан алпыс жасын көрер еді. Мұны неге айтып отырмын.
Отыз жасында жазамын деген «Шерін» жазды ма екен?..
Төрехан МАЙБАС,
жазушы.
Қарағанды.
ҚЫЗЫЛ БӨРІ
Ғабиден Құлахметке
Тұрсаң солай болмас па төріме кеп,
Нені сідет етейін, нені медет.
Ұлып-ұлып қоямын көкке қарап,
Қызыл айды қып-қызыл бөрі ме деп?!
Қызыл қасқыр еді ол, қызыл бөрі –
Бөлтірігі мен едім ізіндегі.
Мәрт мінезін кетті ол маған беріп,
Серт секілді семсердің жүзіндегі.
Бөрілігің үшін де тақты кінә,
Күйе жағып, күл шашып ақтығыңа.
Иттер сеніп үрсе, егер, иесіне,
Сен Тәңірдің иландың хақтығына.
Жалғыз жүрдің сүрлеу сап иір-иір,
Ғұмыр кештің шет қонып, қиыр-қиыр.
Жазылмапты алайда маңдайыңа,
Қорқаулардай топ құрау үйір-үйір.
Арман деген таусылмас пендеде көп,
Сенде де жоқ сол үйір, менде де жоқ.
Шәуілдесе шұбырған шибөрілер,
Өте шықтың қасынан көрмеген боп.
«Еу» десін бе, білмеймін «беу» десін бе,
Қалар бәрі уақыттың зердесінде.
Сен де кеттің жалғаннан
Қорқаулардың
Дәретіңді сындырып кеудесіне.
Қызыл қасқыр сен едің, қызыл бөрі
Бөлтірігің мен едім ізіңдегі…
Маралтай.