Студенттік шақтағы қилы-қилы сәттер
05.07.2019
912
0

Темірхан МЕДЕТБЕК

(«Қайран өмір» ғұмырнамалық кітабынан)

(Басы өткен сандарда)

Сүлейменов үлкендерге тиісті

Айта кеткен жөн, 1966 жылдың көкте­мінде Жазушылар одағының V съезі өтті. Әділхан екеумізге Жұмекен ағамыз билет тауып берген. Съезд Орталық комитеттің үлкен залында өтті. Мұндай мәртебелі жиынға бұрын-соңды қатысып көрмеген біздің төбеміз көкке жеткендей болды. Жұбан Молдағалиев ағамыз баяндама жасады. Тағы басқалар сөйледі. Төрде Сәбит Мұқановтан бастап бәрі отыр. Мәскеуден, басқа республикалардан келген қонақтар бар. Біздің есімізде өшпестей боп қалғаны Асқар Сүлейменовтің сөзі болды. Ол, негізінен, үлкендерге қатты тиісіп, қазақ әдебиетінің әлі күнге таптаурын жолдан шыға алмай жатқандығын қадап айтты. Оған Жұбан ағамыз ескертулер жасады. Содан Асқар, Әбіш, Алтыншаш орындарынан тұрып, съезді тастап шығып кетті…
Сонымен не керек, екінші курсты да тәмамдап елге кеттік. Екі-үш ай жүргенде Шолпанға арнап хат салып жіберіппін. Өлең «Сені сағынғанда» деп аталады.
Мәңгілік тоя алмайтын шәрбатына,
Екеуміз екі айрылдық Алматыдан.
Сен шығысқа кетіп ең, сондықтан да,
Күннен сені көрем деп таңды атырам.

Бұл көңілім жалғанға жалынған ба,
Титтей жүрек қоңырау боп қағылғанда.
Жалғыз ғана мен емес, сүйіктім- ау,
Бүкіл дүние мен болып сағынғандай.

Үмітімнің үнінен гүл егілген,
Жаралғансың ой, арман, тілегімнен.
Төрт сөткелік жерден мен тыңдап тұрам
Бір тынышсыз дүрсілін жүрегіңнің.

Жастықтың оттай ыстық сезімі- ай!..

Орыстың төрт жігітімен төбелестік

Ауылға барып, жасы үлкен қадірлі ақсақалдарға сәлем беріп, апайларымның әрқайсысының үйінде 3-4 күннен қонақ боп, әке-шешемнің қасында, үйдің бітпейтін анау-мынау шаруаларын жасап жатқанда, Алматыдан «Астық жинауға барасыңдар» деген хабар келді. Тез жиналып, жолға шықтым. Келсем, біраз студенттер жиналып қалыпты. «Бірер күнде тыңға аттанасыңдар», – деді. Келген, келіп жатқан қыз-жігіттермен шұрқырасып табысып жатырмыз. Бірер айдың ішінде сағынысып-ақ қалған екенбіз. Бір топ жақын жігіт бір жерге барып демалмақ болып келістік те, кешке қарай Алматы мейрамханасын бетке алдық. Мейрамханаға жақындап қалғанда күтпеген жағдайға тап болдық. Бір қазақ жігіті еңгезердей төрт орыс жігітімен таксиге таласып, ұстасып-ақ қалған екен. Таксидің алдыңғы есігін айқара ашып тұрған, енді отырайын десе, әлгі төрт жігіттің бірі басынан, бірі арқасынан ұрып, үшіншісі сүйреп тастамақ болып қолынан тартып зорлық жасап жатыр. Қарап тұрып жыным кеп, бір жағынан, қазақтық намысым қозып, оны зорлықшылардан арашаламақ боп біреуін оспадарлыққа жібермей, жеңінен ұстап едім, ол менің қолымды қағып жіберіп, кеу­демнен бір ұрғаны. Қолы ауыр, келсаптай екен. Мұны, әрине, көтере алмадым. Мен де періп кеп жібердім… Қарасам, Шапай да біреуімен жағаласып жатыр екен. Қып- қызыл төбелес басталды да кетті. Такси де, таласып жатқан әлгі қазақ жігіті де, бізбен бірге келе жатқан жігіттер де ізім-қайым жоқ болып кетіпті. Пергілесіп жатырмыз. Шапай – шағын жігіт. Бірақ шақар, жүректі. Ол қашқақтап жүріп, қызыл кірпіштің сынығымен біреуін етпетінен түсіріп, екіншісімен жағаласуға кірісті. Мен не болғанда да спортшымын ғой, екеуінің құрсауынан бір олай бұлт етіп, бір бұлай бұлт етіп шығып кетіп, ақырында манағы еңгезердей біреуді әдемі бір ыңғайға келгенде, дәл иектің астынан періп кеп жібердім. Ол қатты да дәл тиген соққыдан көшенің ортасына дейін тәлтіректеп барып, шыр айналып жалп ете түсті. Екіншісінің беті қайтып қалды. Жаныма жоламай, енді ол қашқақтай бастады. Сол кезде «Милиция, қашыңдар!» деген дауыс шықты. Екеуміз екі жаққа қаша жөнелдік. Бірақ бір топ милиционер құтқара ма?! Қатты төбелестен діңкелеп қалған бізді ұстап ап, мейрамхананың ту сыртынан кіретін есік арқылы бір бөл­ме­ге кіргізді. Манағы нән-нән төрт жігіт те осында отыр. Көздері қып-қызыл. Құ­ман­­дай-құмандай жұдырықтарын түйіп, өздеріне қарағанда шағын ғана қазақтың екі баласынан таяқ жеп қалғандарына намыстанып, ызалана қарайды. Тіпті бізге боқтық, былапыт сөздерін айтып, терілеріне сыймастан, ұмтылып-ұмтылып қояды. Тек милиционерлердің тәк-тәгімен әзер отыр. Бірақ манағы менің соққымнан құлап түскен біреуі бір сәтті пайдаланып, құмандай жұдырығымен періп-ақ жіберді. Егер ол жұдырық дәл тигенде, менің бетімнен бет қалмас еді. Мен басымды алып қашып үлгердім. Жуан жұдырық бетон қабырғаға сарт ете түсті. Байғұс қолын ұстап ойбайлады да қалды. Милиционерлер оны тыныштандырып, Шапай екеумізді машинаға салып, Совет ауданының милиция бөліміне алып барды.

Он бес күнге қамалдық

Әлгі ішіп алған, төбелесті бастаған төрт орыс жігітін босатып қоя берді, ал біз ішпегенбіз. Айыбымыз – жәбір көріп жатқан адамға араша түскеніміз. Осыны қанша айтсақ та, милиционерлер құлағына да ілген жоқ. Қарап отырсақ, ол заманда айыбың жоқ болса да, жәбір көріп жатқан қандасыңды, тіпті өзіңді қорғасаң да, қазақ айыпты боп шығатын еді. Бірақ, талай рет өзіміз куә болып жүргендей, әлі де солай ғой…
…Милиция бөліміне барғаннан кейін, ал кеп тергесін. Аты-жөнімізді, сонан кейін документімізді сұрасын. Бақытымызға орай, документіміз қалтамызда жоқ екен. Жатақханада қалыпты. Қазбалап, ананы бір, мынаны бір сұрап жатыр. «Студентсің бе?» – дейді. «Жоқ, абитуриентпін», – деймін. «Онда жалдаған пәтеріңнен документтеріңді машинамен барып алып келеміз, адресіңді айт» дейді. Мен: «Жалдаған пәтерімнен шы­ғып кеткем, ал документтерімді пош­тамен елге жібергенмін», – деймін. Ақыры түк шықпаған соң, мені бір қараңғы бөлмеге қамап тастады. Шапайды да тергеп жатыр еді, бір кезде тым-тырыс боп қалды. Одан хабар жоқ. Сарылып ұзақ отырдым. Келетін емес. Көзім ілініп кетіпті. Бір кезде сықыр етіп есік ашылып, Шапай кіріп келді. Мана қолға түскен кезде беті сау сияқты еді, енді бетінен бет қалмапты. Милиционерлер әбден сабағанға ұқсайды. Ол да: «абитуриентпін, Алматыны қызықтайын деп қалып ем, бүгін-ертең еліме кетем, ал документтерім жалдап тұрған пәтерімде», – депті. Сонан кейін оны машинаға мінгізіп алып, біраз жерді әбден шарлаған ғой. Өзі, негізінен, Алматыға тиіп тұрған «Жетісу» деген совхоздың жігіті. Ал бі­рін­ші Алматыда апайы тұрады. Яғни, оны осы Алматының баласы деуге болады. Милиционерлерді анда бір, мұнда бір алып барған, ақырында, «шынымды айтсам, документтерімді жоғалтып алғам» деген ғой. Сонымен оны сабап-сабап, қайтып алып келген беті екен. Онда беттен бет жоқ. Ал менің айырылып түскен шолақ жең көйлегім қолымда жүр. Таң атты. Қолымызды артымызға ұстатып, Совет аудандық сотына алып барды. Кілең ағаштан жасалған үстелдер мен орындықтар. Бізді соттамақ. Сотты күтіп отырмыз. Биік есіктің үстіндегі шағын терезеден, бірінің иығына бірі шығатын болуы керек, таныс жүздер көрініп қалады. Енді бір қарасам, әлгі терезеден Шолпан қарап тұр. Қолында көйлек. Көйлексіз әбден қорынып отыр ем. Іштей елжіреп, әрі қуанып қалдым. Не керек, бізді лезде-ақ он бес күндік қамауға кесті. Милиционерлер ай-шайға қаратпай, бізді алға салып ала жөнелді. Шолпан көйлекті беріп үлгерді. Ұзақ жыл өткеннен кейін Шолпанның көйлек берген сәті есіме түсіп, мынадай өлең жазып ем:

ШАҒЫН ЕСТЕЛІК

Сонау бір жастық жылдары
Ашудың уын,
Ызаның суын ішкенде;
Бір қазақты жұдырығыммен
Қорғаймын деп
Он бес күндік
Түрмеге түскенде –

Сен сонда, Шолпан,
Көйлексіз қалған маған
Көйлек әкеп беріп ең.
Мен сол бір көйлекті
Қозы жауырын
Жебе де сөге алмас
Көбедей көріп ем.

Ұмытып қиынды,
Сен әкелген
Сол бір көйлектен
Ойыма – нұр,
Бойыма қуат құйылды.

Тасынып, толғам,
Сол бір көйлектен
Толағайдай болғам.

Әйтеуір, білмеймін,
Өткенді қозғарда,
Көбіне кеш қалам…
Мейлі, сен түсін,
Мейлі, сен түсінбе,
Мен бүгінде
Сол бір түрмені
Сүйіспеншілікпен еске алам!
Әрине, ол кезде түрмеге деген сүйіспеншілік жоқ. Қабырғаларымыз сөгіліп кетердей-ақ қиналып жүрміз. Бірақ қолдан келер қандай шара бар? Бар үмітіміз: әйтеуір институт білмейді. Оған да шүкір…

(Жалғасы бар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір