«Smart qalamger» жобасы іске қосылды
05.07.2019
931
0

ҚР Ұлттық мемлекеттік кітап палатасы мен «Ақпараттық-технологиялық орталығы» қоғамдық қоры  «Рухани жаңғыру», «Цифр­лы Қазақстан» бағдарламалары аясында және Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауының негізінде ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының Мырзатай Жолдасбеков атындағы залында «Smart qalamger» атты жобасымен таныс­тырды.

Жобаның тұсаукесерін ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Ғалымжан Мелдеш сөз сөйлеп ашып берді. Сонымен қатар алқалы жиынға Мырзатай Жолдасбеков, Төлен Әбдік, Әнес Сарай, Сейіт Қасқабасов, Сауытбек Абдрахманов, Қуаныш Жиенбай, Әлібек Асқар сынды қаламгерлер бастаған нұр-сұлтандық бір топ зиялы қауым өкілі қатысты. Тұсаукесер рәсімін ақын Қалқаман Сарин жүргізді. ҚР Ұлттық мемлекеттік Кітап палатасы «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында қолға алып отырған бұл жоба «Ақпараттық-технологиялық орталығы» қоғамдық қорымен бірлесіп жүзеге асырылуда. Жобаның мақсаты Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі болып табылатын әрбір қаламгердің тегін веб-сайттарын жасап беру және оларға техникалық қолдау көрсету, қаламгерлердің шығармаларын бір жерге жинақтап, олардың біртекті электронды базасын құру; ҚР Ұлттық мемлекеттік Кітап палатасының баспасөз мұрағатын пайдалана отырып, қаламгерлердің толық библиографиялық анықтамалығын жасау, олардың оқырманмен, шет елдік жазушылармен байланысын дамыту.
Тұсаукесерде алғашқы болып сөз алған Тіл сая­саты комитетінің төрағасы Ғалымжан Мелдеш келіп: жобаның маңыздылығын ерекше атап өтті. «Бұл жазушыларымыздың өз шығармаларын қалың оқырманға қолжетімді етуіне үлкен септігін тигізеді. Елбасымыз айтқандай, жаһандану дәуірінде еліміз бәсекеге қабілетті, дамыған елдер қатарында болуы үшін «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының маңызы өте зор. «Кітап оқу қалып барады» деп дабыл қаққан зиялы қауымның да өз шығармаларын замана талабына сай ұсына білгені жөн. Уақыттың көшіне ілесе білсек, оқырман да табылады». Бұл жоба қолына смартфон ұстаған қазіргі оқырман қауымның кітап оқуына, руханият дүниесінен алшақтап кетпеуіне қосылған үлес болады деп сенеміз, – деді.
Қоғам қайраткері, ғалым Мырзатай Жолдасбеков өз кезегінде жобаның болашағына сенім білдіре отырып, кезінде өзінің жеке сайтын миллионнан астам ақшаға жасатқанын айтып, тегін жасалған сайттарды иеленген қаламгерлерге қызығып қалғанын әзіл араластыра жеткізді. Академик Сейіт Қасқабасов «Smart qalamger» жобасына жарқын болашақ тілеп, батасын берді. Әнес Сарай мен Төлен Әбдік те баталарын беріп, қазіргі заманғы әдебиет туралы әңгіме қозғады, ризашылықтарын білдірді. Күйші Жанғали Жүзбаев күйден шашу шашып, жиналған қауымның ықыласына бөленді. Зиялы қауымның қолқалауымен, шараның ресмилігіне қарамастан, бірнеше күйді қатар орындауына тура келді.
Тұсаукесер рәсімінде ҚР Ұлттық мемлекеттік Кітап палатасының директоры Әділ Қойтанов жазушыларға арнап жасалған веб-сайттармен жиналған қауымды таныстырып, әрі қарай жүргізу үшін сайт иелеріне сертификаттар тапсырды.
«Ақпараттық-технологиялық орталығы» қоғамдық қорының президенті Қанат Таңатаров қаламгерлер қауымының жоба туралы сұрақтарына жауап берді.
Осы орайда ескерте кететін бір мәселе – «Smart qalamger» жобасы мемлекет тарапынан қаржылан­дырылмайды. Кітап палатасының электронды базасын жасауда серіктесіп жұмыс істеу үшін дайындалған әлеуметтік жоба арқылы енді әр жазушы өз жеке сайтын өз контентімен толтырып, өз шығармашылығын ғаламторда қалың оқырманға ұсына алады.
Жаһандану дәуірінде еліміз бәсекеге қабілетті, дамыған елдер қатарында болуы үшін «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының маңызы зор. Жазушыларға жаңа заманның, уақыттың талабына сай болуға мүмкіндік беретін «Smart qalamger» жобасы жазушылар тарапынан үлкен қолдауға ие болуда.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір