Жиде талдың шор боп біткен көзінен
24.10.2015
1430
1

Ахметжан ӨЗБЕКОВ

 c3a980e786da97f6c563fef78c9edcb7

ЖАЗҒЫ КЕШ

Ауыл кеші рахат қой расында,

Отбасыммен дастарханның басында.

Отырамыз ұзақ сонар шай ішіп,

Саясы мол сәмбі талдың қасында.

 

Арқандалып әңгі ниет есебі,

Ақырады көршіміздің есегі.

Биік өкшелі бикеш құсап бір байтал,

Билеп барад тықылдатып көшені.

 

Иттер үріп, бұзау, сиыр мөңіреп,

Азан-қазан шу боп кетті төңірек.

Мал қайтарған келіншектің етегін,

Жас баласы тартқылап жүр еңіреп.

 

Әңгімені жалғастырып кешегі,

Жантаямын қолыма алып кесені.

Қаймақ қатқан қою шайдың бетінен,

Бұйра бұлттар баяу жылжып көшеді.

 

Боз жусанның исі аңқыған даланың,

 Мойыныма асылдырып самалын.

Бұлттар жүзген қою шайды жұтқанда,

Көк аспанды сіміргендей боламын.

 

ЖАЗ

Биылғы жаз сондай сұлу киініп,

Сымбатына таулар қарап сүйініп.

Қою бұлттың көлеңкесі түсіп тұр,

Төбелерге тақия боп киіліп.

 

Шегірткелер шырылының жарысы,

Басталғандай тербеледі тал іші.

Сыр шерткендей құлағымның түбінен,

Сыбырлайды жел сипаған қамысы.

 

Күн сәулесін сия бұлтқа сорғызып,

Бесін ауа басталады зор  қызық.

Шілде соңы жантақ гүлдеп жатқан кез,

Қырғауылдар балапанын өргізіп.

 

Бозторғайым тоймай келте жазына

Айтып жатыр кімге мұңлы базына.

Армандасым  табылғандай толқыдым,

Мұңлық құстың осынау бір сазына.

 

Бөліп-жармай бәріне тең түсіп нұр

Шөп біткеннің сабақтары пісіп тұр.

Жиде талдың  шор боп біткен көзінен,

Аққан жасты бір инелік ішіп тұр.

 

ҚЫС

Аспан жерге шашу шашып қылаудан,

Барлық бұтақ көйлек киді қыраудан.

Күннің көзі кіртиіп тұр біртүрлі

Кеше ғана жазылғандай тұмаудан.

 

Сары аяз қысып берсе сырқырап,

Арық тайлар кісінейді шырқырап.

Дода құйрық, тоқпақ жалды айғырдың,

Тұмсығынан бу шығады бұрқырап.

 

Жердің бетін жылтыр ұлпа басты да,

 Мылқау суық ыңыранды қас қыла.

Жас қораз тұр бір аяғын көтеріп,

Басын тығып қанатының астына.

 

Қыста кертіп жаздағы тер, еңбекті,

Бүт ауылды бір тыныштық тербетті.

Аяз өрнек салып барлық әйнекке,

Бай-кедейге ешбір үйді бөлмепті.

 

ДОС ТУРАЛЫ

Бабам өлген бұрында

Құшағында қысқанның.

Дос деген сөз шынында,

Бір аты ма дұшпанның?!

 

Көз бен сөздің жақынның,

Көңілінде өші бар.

Білмейтін жан затыңды

Бақталасып несі бар?!

 

Адал ниет айласы,

Достарым көп зиялы.

Тигізген сол пайдасы –

Тимегені зияны.

 

Жаза баспас теріске

Барлығында бар кие.

Момындары періште,

Пысықтары әулие.

 

Бар демеңіз сіз әлі,

Ағайында аласым.

«Бер» деген сөз бұзады

Екі достың арасын.

 

Дүниеңнің сұрап та,

Құмартқандар құнына.

Қарамайды бірақ та,

Көзіңдегі мұңыңа.

***

Жаратқанға аян барлық тілегім!

Өлең екен сүйенерім, тірегім.

Жел тербеген көлдің беті секілді,

Жыр жазарда жыбырлайды жүрегім.

 

Құл көңілден патша өлең тумайды,

Титтей күнә ниетіңді улайды.

Мұңын айтып қасқыр көкке ұлыса,

Қабаттасып шибөрілер шулайды.

 

Қолын жайып, қолдау күткен өзгеден,

Әр шумақтың мақсаты бар көздеген.

Құлақ та бір қақпасы жоқ қос үңгір

Есік қақпай кіретұғын сөз деген.

 

Ұлы уақыт бір сәт тоқтап тұрмайды,

Әр батқан күн қимасыңды ұрлайды.

Жұртта қалған күшік құсап қыңсылап,

Өткен істер ұятымды тырнайды.

 

Арылғым кеп маңдайдағы сорымнан,

Тастасам да қалмай қойды соңымнан.

Шындығында ойлап тұрсам өлеңнен

Басқа түк те келмейді екен қолымнан.

 

Балам үшін, далам үшін алаңмын,

Амандығы қымбат маған анамның.

Бақыттымын деуі қиын бақыты,

Басқаларға байланысты адамның.

 

***

Жалған өмір жар дегенде жалғызым

Көрем сенен бабалардың қанды ізін.

Шекемізден ажал күнде шертіп жүр,

Пісті ме деп таңдағандай қарбызын.

 

 

Арасында жүріп түрлі ортаның,

Бірде қасқыр, бірде ит боп жортамын.

Абақтыға жаңа түскен адамдай,

Айналама тіл қатуға қорқамын.

 

Айтқан сөзім секілді боп жаңғырық,

Ауыздардан қайта түлеп, жаңғырып.

Бір күні кеп қазып алар өзімді

«Көксеректей» қайтып келіп қаңғырып.

 

Демдерінен соғатындай тау ызғар,

Зеңбіректің ұңғысындай ауыздар.

Бірін-бірі атып жатыр аямай,

Адам деген ат жамылған жауыздар.

 

КЕЛСАП

(Шөкеңе)

Бабалардың көшкен жұрты секілді,

Мұражайға бұрдым бір күн бетімді.

Қарағанда көздің жауын алатын,

Жәдігер көп екен мұнда не түрлі.

 

Аналарым өмір бойы ұстаған,

Алақанның ащы тері ыстаған.

Бір бұрыштан келсап көрдім,

Пошымы,

Тура біздің Шорағаңа ұқсаған.

 

Той болған үй алып кетсе күн-түн кеп,

Таң атқанша тары соққан дүңкілдеп.

Сол кездегі сансыз соққы бетіне,

Сызаттарын түсіріпті біртіндеп.

 

Түрлі топпен партияның тарысын,

Талқан қылып елге берген арысым.

Соғу үшін жаратылған болмыстың,

Ақылдылар сынамаңдар әрісін.

 

Айналдырып келсаппенен келіге,

Кім біледі, жүрме біреу мені де.

Соны ойласам шырқырайды қу жаным,

Тәнім сыймай кебінімдей теріме.

 

ТОПШАҚТЫҒА БАРҒАНДА

(Шамсат Исабековке)

Алатаудан төмен қарай арқырап,

Су ағады тастан аттап сарқырап.

Сыңғырлаған әуенімен ырғалып,

Жағасында билеп тұрад бал құрақ.

 

Арқасына барлық бұлтты артып ап,

Қарлы шың тұр қатқан мұзы қалтырап.

Көкке қарап түшкіруге қорқасың,

Төбеңізден кететіндей қар құлап.

 

Тазбас таста сәуле ойнап жалтырап,

Қурай басын қылтитады сар құлақ.

Қыбыр-қыбыр қырға шықсаң қиялап,

Қарсы алдыңнан күн шығады жарқырап.

 

Тау үстінен көрінеді барлығы,

Төменгі елдің естіледі зар-мұңы.

Сора-сора дәу жартастың маңдайы,

Секілді екен қазағымның тағдыры.

 

Талай заман жүзін көрген торғыл тас,

Дауыл соғып, қар жауса да тапжылмас.

Қасиетіңнен айналайын, қарлы шың,

Қазақ пенен мәңгі бақи тағдырлас.

ПІКІРЛЕР1
Аноним 20.11.2019 | 15:51

Соны өрнектерді соқыр кілемшідей сипалай, жаңылмай тізбектегені, сезімтал жанның мың құбылған мінезіндей мінсіз торланған екен. Су бетіндегі суреттей көріністер марғау миды қозғап шапшаң шаптап алмасаң алақаннан қашқан мұздай қап дегізері анық. Қысты суреттеген кезде тәнің емес, жаның жаурайды. Суық болса да балмұздақтай тәтті жырлар тамсандыра тәнті қылары талқысыз. Өлеңдерінде барымташының қосалқы аты секілді ішкі ұйқас қатарласып еріп отыратынын ой көзімен сезінесің. Поэзияға мас болған хас ақынның тұлыбы осындай болу керек шығар. Әйтеуір әйелдің көзіне шөп салғандай поэзияға сатқындық жасап кетпесе аламан бәйгенің тұлпары туып тұрған секілді.

ПІКІР ҚОСУ