«ҚАНШЕҢГЕЛ» КІМДІКІ?
03.07.2019
2499
0

(Дау-дамайға айналған Х.Мұсабаевтың поэмасы хақында)

Қайсыбір күні WhatsApp желісінен хабарлама келді. Ашсам, «Орынбор архивінен Ахмет Байтұрсыновтың өз дауысы сақталған толғау хаты табылды» дейді. Әлгі аудиожазбаны ашып, тыңдадым. Бар қызық осы жерден басталды. Ұлт ұстазының «дауысы» деген дауыс кәдімгі қостанайлық жыршы Абзал Алпысовтың дауысы екен. Бірден таныдым. Ал Ахметтің хаты деп жүргендері «Қаншеңгел». Арада бірер жұма өткенде тағы бір хабарлама келді. Орынбор архивінен қазына тапқыш қазекем бұл жолы Ахмет атамыздың орысша өлеңін «тауыпты».

Кеңесбек Мәулетов

Алаштың рухани көсемі Ахмет Байтұрсын­ұлының рухына арналған «Қаншеңгел» толғауын алғаш рет студенттік жылдарымда, группалас досым, жыршы Нұрдәулет Тойшин­нің орындауында естідім. Тыңдап отырып біресе күрсіндім, біресе жыладым. Әрі-сәрі күй кешкенім бар. Бұл – 2011 жылдың күзі болса керек. Содан бері бұл толғауды белгілі айтыскер ақын, журналист Амангелді Сейітхан досымның орындауынан, арасында жыршы Абзал Алпысов ағаның орындауынан да тыңдадым. «Қаншеңгел» поэмасының авторы – Хамитбек Мұсабаев екен. Ал поэманы толғау қылып, арнайы әуен жазған композитор Нағашыбай Алпысов. Толғау туралы, оның авторы мен сазгері туралы деректі алғаш рет Торғай өңірі әдебиеті мен тарихының білгірі Батырлан Сағынтаевтан естіп білгенмін. Кейін Есір, Аманкелді, Торғай, Ақкөл ауылдарын аралап жүргенімізде ел арасындағы көнекөз ақсақалдардың әңгімелеріне де қанықтық.
Поэма авторы Хамитбек Мұсабаев – исі Торғай, Аманкелді жұртына жыға таныс, Тобыл, Қостанайға сыйлы ақын, журналист. Бала жасынан ескі сөзді санасына тоқып өскен шайыр көне жазуларды оқығанда алдына жан баласын салмайтын кісі. Батпаққара өңірінің ғұламалары болған үлкен кісілердің бәрінің көзін көріп, әңгімесін хатқа түсіріп, сонау совет заманында-ақ әдеби бай мұраларымызды жариялауға, насихаттауға үлес қоса бастаған-ды. Олай істейтіндей жөні бар, өйткені Хамитбек ақын – ХХ ғасырдың атойлы да қарама-қайшылыққа толы сәттері өткен тарихи аумақтың топырағын басып, сол алай-дүлей кезеңнің дауылын өз көзімен көрген куәгер­лермен аралас-құралас, дастархандас болған адам. Көкірегі жауһарға толы, зерделі абыздар­дың әңгімесі аңызға бергісіз тартымды әрі тағдырлы еді. Құймақұлақ бозбала соның бәрін жай ғана естіп қоймай, хатқа түсіріпті. Ауыл ақсақалдары жиылып, әңгіме-дүкен құрғанда ғана айтылатын «жабық» тақырыптардың қыр-сырына әбден қаныққан ақын нағыз шығар­машылық шалқар шабытты шағында естіген-білгенін өлеңге арқау етеді. Сонау советтік идеологияның қаһарына мініп тұрған 1988 жылы-ақ Ахмет Байтұрсынұлы туралы көлемді поэма жазады. Бұл кезде бүгінде ұлт ұстазы саналатын Ахаң әлі ақталмаған-ды. «Қаншеңгел немесе Ахмет Байтұрсыновтың назасы. Ақын Файзоллаға хат» поэмасы осылай жазылады. Поэма әуелі аудандық («Тың шұғыласы» 1989 жыл) газетінде, кейіннен республикалық газеттерде жарияланады.

Хамитбек Мұсабаев

Соңғы бірнеше жылдан бері осы поэма төңірегіндегі дау-дамай өрбіп, үдеп барады. «Әй, қойыңдар!» дейтін бір есті кісі табылмады. Есті кісі болса да, бұл уәжге құлақ асар жан болсайшы?! Мәселе күннен күнге ушыққан сайын ел арасына іріткі түсіп, береке қашты. Әлеуметтік желідегі алауыздыққа бастар қисынсыз әңгіме­лер­дің санында қисап та жоқ. Хамитбек Мұса­баев­тың жеке басына жабылған жалалы пікір­лерді оқысаңыз өзіңіздің де жүрегіңіз ауырады. Ақырында, осы мәселе қолымызға еріксіз қалам алдырды. Әлдебір дерек, әлденедей түйінді мәселе. Айту – парыз. Оның үстіне, күмәнсіз ақиқат болса, сөздің әділін айтпасқа болмады.
Мәселе былай екен: Хамағаңның 1988 жылы жазған поэмасы арада отыз жыл өткенде «ұрланған шығарма» болып табылады. «Эврика!» деп жаңалық ашқан совет заманында экономист болып, қаржы саласында қызмет атқарған, бүгінгі зейнет жасында қолына қалам ұстап, «зерттеушілік» ісімен айналысып жүрген Кеңесбек Мәулетов екен. «Ахаңның аманатына адалдық немесе «Қаншеңгелдің» авторы кім?» деген мақаласына «Зерттеуші» деп қол қойған Кеңесбек Мәулетовтың бар уәжі поэманың әрқилы нұсқасы жөнінде-мыс. Автордың «Ахаңның аманатына адалдық немесе «Қаншеңгелдің» авторы кім?» деген мақаласы көлемді дүние екен. Мақала өз ішінде кіріспе сөз, І. Қаншеңгелдің І нұсқасы туралы; ІІ. Қаншеңгелдің жарық көруіне негіз көздері туралы; ІІІ. Қаншеңгелдің аңдатпалары туралы; IV. Қаншеңгелдің аты мен заты туралы; V. Әр адамның өз ісіне – өзінің жеке жауапкершілігі туралы; VI. «Жалақор, селкілдеген шатақ, шалдуар шалдар» туралы; VII. Сөз соңына – қорытынды бөлімдерінен тұрады. Қаржы саласының маманы, банкир һәм Ахмет Байтұрсынұлының рулас туысы Кеңесбек «зерттеушінің» аталған мақаласына көз жүгіртсек: «Мен бұрын Хамитбек Қуанды­құлын тіпті білмейтін едім, бұған дейін Сәкең, Сабыржан Шүкірұлының «Хамитбек жағымсыз іске баратын азамат емес, талантты ақын» деген мәлімдемесі негізінде ғана ол туралы пікірім болатын. Сондықтан да мен 2017 жылы 22 наурызда Ақкөлде, қайын ағайым Ерденұлы Орынбек қайтыс болып, соның шілдеханасына жиналған ауыл ақсақалдарымен кездескенде болған әңгіме-сұхбаттан кейін, Астанаға келген соң, Хамитбек Қуандықұлы авторымын деп жүрген «Қан­шеңгелге» байланысты қолыма түскен материялдармен таныстым, оларды бір-бірімен салыс­тырып талдау жасадым, осы мәселеге бай­ланысты олардан басқа деректерді зерттеп, зерделедім. Сонда, байқағаным: «Қаншеңгел» толғауының алғашқы елге кең жайылған 40 шумақтан тұратын 1 нұсқасына, кейіннен: бірінші рет 9 жерден 20 шумақ, артынан тағы бір жерден 33 шумақты қосып, барлығы 10 жерден сыналау арқылы, алдымен 60 шумақтан тұратын 2 нұсқа, одан кейін 93 шумақтан тұратын 3 нұсқа пайда болғанын көрдім. Қорытындысында, бұрынғы 40 шумақ толғаудың 10 жерінен жаңадан 53 шумақ сыналанып, борша-боршасы шыққан, ол шумақтары енді 93 шумақтың ішіндегі 11 жерден іздесең ғана табасың», – деп жазыпты. Қысқасы, осындай негізсіз, жүйесіз құрылған сынында «зерттеуші» белгілі ақын Хамитбек Мұсабаев­тың шығарма­шылығына күмәнді көзқараспен қарайды. Егер Хамитбек «ұры» автор болатын болса, осы күнге дейін жазып келген Алаш тарихына арналған басқа да поэмаларының «авторы» кім екен? «Міржақыптың соңғы монологы», «Қойлыбай­дың қоштасу күйі», «Абылай хан мен Бұқар жырау», «Шақшақ Жәнібек», «Мұхтардың монологы», «Ғазиз қажы», «Он жеті» т.с.с. көлемді поэмаларын кімнен «ұрла­ған» екен? К.Мәулетовтың бұл шығарма­ларға уәжі болмауы мүмкін. Бірақ аяқ астынан «жаңалық» ашып, шу шығаруға әбден машық­танған «зерттеушінің» басқа да дәйектері болуы неғайбыл.
«Қаншеңгел» – әдеби шығарма. Рас, әуелгі аты «Ахмет Байтұрсыновтың монологы. Поэма 1» болған. Оны ақынның өзі де растап отыр. Поэманы алғаш рет республикалық «Сұхбат» газетіне жариялаған кезде басылым­ның бас редакторы, белгілі журналист, зерттеуші қаламгер Сабыржан Шүкірұлы шығар­маның тақырыбын өзгертіп, «Қаншең­гел. Ахмет Байтұрсыновтың назасы» деген атаумен бастырған екен («Сұхбат» газеті, 1991 жыл, қаңтар, №2). Әдеби шығарма болған соң автор өзінің еркіне сай қалауынша өзгертіп, редакциялап, толықтырып отыруы мүмкін. Мәселен, қазақтың үлкен жазушысы, арамызда жүрген көзі тірі классик Әбдіжәміл Нұрпейісов өзінің атақты «Қан мен тер» триологиясын осы күнге дейін қаншама рет өзгертіп, редакциялады. Совет заманында жазылған шығармасын тәуелсіздік алған жылдары қайта қарап, азаттық көзімен толықтыр­ды, осы еркіндік кезеңінің өзінде-ақ бірнеше рет «операция» жасап, мүлде басқаша сипатта жазып шыққаны көпке белгілі. Уәж айтып, қарсылық білдірген Кеңесбек ағамыздың әлгі мақаласында әр жылдары толықтырылған шумақтар санының көбеюіне шағым айтылыпты. Бұл енді күлкілі жағдай. Неге десеңіз, айта­лық: Хамитбек авторлық құқығын пайдаланып қалай өзгертсе де, нені қосып, нені алғысы келсе де хақылы. Автор совет заманында жазыл­ған поэмасын жаңаша көзқараспен қайта қарап, Ахаңның аузына аманатты сөздер салса, ол «бас жарып, көз шығаратын» сондай бір қиын дүние емес. Керісінше, автор өзгерту, толықтыру жұмысын жүргізгеннен кейін ұлт руханиятының көсемі Ахмет Байтұрсынұлы­ның тұлғалық, қайрат­керлік образы ажарланып, оның саяси ұстанымы мен ұлт-азаттық жолындағы күрес­керлігі, келешек ұрпаққа, кейінгі заманға деген аманат сөзі нанымды әрі шынайы шыққан. Автордың қайта қарау жұмысынан оқырман пайда көрмесе, зиян шекпесі анық.
Кеңесбек Мәулетов ағамыздың айтқан тағы бір уәжі – Ахмет Байтұрсынұлының Файзолла Сатыбалдыұлына жазған хаттары төңірегінде. Ахмет Байтұрсынұлының алашшыл идеясына иланып, қайраткелік жолында мұраттас болған азаматтар жетерлік. Біз ғылымда мұндай азаматтарды «Алаш қозға­лысына қатысушы ниеттес­тер» деп бөліп, арнайы қарастырамыз. Файзолла Сатыбал­дыұлы тек имандылық, дін таратушылық бағыт­тағы дін адамы ғана емес, ұлт-азаттық жолындағы саяси күреске қатысқан ниеттес әрі зобалаң заманның қасіретін шеккен адам, оның үстіне әдебиет тарихындағы есімі белгілі ақын, мұра жинаушы фольклорист, этнолог. Файзолла 1928 жылдан 1953 жылға дейін жазықсыз жапа шегіп, итжеккенге айдалды. Беломорканалда Міржақып Дулатұлымен бірге жазасын өтесе, Магаданда Мағжан Жұмабай, Мырзағазы Еспо­ловтармен бірге қасірет тартқан. Ахмет пен Файзолла идеялас, үзеңгілес болғанымен, бір-біріне хат жазып, тілдеспегені белгілі. Егер хат жазысып, қоян-қолтық араласса, Ахаңның өкіл қызы, Міржақыпқызы Гүлнар апамыз өзінің естелігінде жазған болар еді. Сол заман­ның куәгері болған Гүлнар апамыздың я басқа Алаш ұрпақтарының күнделігінен немесе архивтерден мәлімет, дерек табылар еді. Сосын, бұл әдеби шығарма болған соң, туындыдан тарихи дерек, жылнамалық сәйкестік іздеп қажеті жоқ. Себебі шығармада автордың қиялы, сезімі араласқан соң, көркем әдеби шығар­мада тарихи шындық заңдылықтары сақтала бермейді. Бұл шығарманың негізгі сюжеті тарихи уақиғаға ұқсағанымен, Ахмет пен Файзолланың образы қиялдан шығарылған типтік бейне ретінде жинақталған. Ақиқатын айтсақ, бұл монолог­тағы Ахмет Байтұрсын­ұлының көркем бейнесі Алаш ұранды азамат­тардың жинақталған образына айналған.
Енді поэманың поэтикалық қуатына қарай ойыссақ. Бірден айтатын жәйт: поэма ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетінің үлгісі емес. Поэманың тіліне, ұйқасы мен буын, бунағына қарасаңыз жаңа замандағы өлең формасы екенін бірден аңғарасыз. Асылында, Ахмет Байтұрсынұлы – қазақтың мың жылда бір туатын перзенті. Қайталанбас тұлға! Ол – үлкен ғалым, ақыл-ойдың иесі. Ол – әдебиеттану, лингвистика ғылымының іргетасын қалаған аса көрнекті ғалым. Сөзі ірі публицист. Бірақ, сөздің құдайшылығын айтсақ, сүйікті Ахмет атамыз Мағжан Жұмабайұлы сынды сезімшіл ақын емес еді. Ахаңның құдай берген таланты көл-көсір болса да ол өзін ақын емес, ғылым адамы ретінде санаған. Тіпті өмірінің соңғы жылдары НКВД жендеттерінің тергеуіне берген анкетасында өзінің ғылым адамы болған­дығын баса көрсеткен-ді. Ахмет атамыз өлең жазбады емес, жазды. Орыс ақындарының мы­сал­дарын да аударып, өлең-сөзбен сөйлетті. Бұл тұлғаның аудармаларының сипаты түпнұс­қадан да жоғары шыққан еркін аударма­ның төресі-тұғын. Ахметтің қаламынан шық­қан туынды­лар­дың ұлттық сипаты басым, ерекше­лігі бар бөлек дүниелер. Ал Хамитбектің поэмасында Ахмет Байтұрсынұлының қаламы­на тән стиль де, леп те жоқ. Егер әдеби теория­лық хабары бар сауатты адам болса Ахмет Байтұр­сынұлы мен Хамитбектің қолтаңбасын бірден айырар еді.
Хамитбек Мұсабаев – ұлттық рухы күшті ақын. Ол – «Торғай топырағы», «Ақжол», «Ахаң-Жақаң ізімен», «Алаш-Орда арманы», «Таразы» жыр жинақтарының авторы. Сонау ойын баласы кезінен жүрегіне Алаш идеясын ұялатқан, елдік мұрат, өлке тарихынан қуат алған көрнекті сөз зергері. Егерде Хамитбек Қуандықұлы Аманкелді селосында емес, Алматыда я басқа бір үлкен қалада тұрып, сол жерде шығармашылықпен айналысса, сөзсіз ел жұртқа белгілі танымал ақындардың сапында болар еді. Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетіндегі оқуын бітіре сала туған жеріне келіп, ауылының дамуына үлес қосамын деген азамат сол аядай жерде өсіп, өнеді. Отбасын құрады. Бүгінде ата жасына келген Хамағаң әр жылдары Амангелді аудандық газетінің тілші, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, бас редактордың орынбасары қызметтерін атқарды. Қостанай, Тобыл, Торғай өңіріне кеңінен танылған. Туған ошағынан бір қадам алыстамаған азамат қазіргі таңда аудандық газеттің Бас редакторы әрі облыстық «Қостанай таңы» газетінің аудандағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. 1983 жылы өткен республикалық жас ақын-жазушылардың «Жігер» фестивалінің лауреаты һәм жеңімпазы. Оның ақындығына, шығармаларының поэтикалық қуатына күмән тудырған оқырман болса ақынның 2005 жылы шыққан «Наркескен» таңдамалы еңбегін оқып, таныссын! (Х.Мұсабаев. Наркескен. Қостанай, «Шапақ» баспасы, 2005 ж, 460-б.). Оқырман назарына Хамитбектің ақындығы, шығарма­шылығы туралы көрнекті ақынымыз Серік Тұрғынбекұлының пікірін үстеме ретінде бере кетейік: «…Оның өлеңдері мен поэмалары көркемдігімен, тереңдігімен ерекшеленеді. Ақын қай тақырыпқа барса да өзінің тіл шеберлігімен көрінеді. Әсіресе «Ахметтің монологы», «Міржақыптың монологы», «Мұхтар­дың монологы», «Қойлыбайдың қош­тасу күйі» және «Тәуелсіз Қазақстаным», «Бұқар жырау мен Абылай хан», «Бәйге» поэмалары салиқалы да салмақты еңбектер.
Хамитбек – алған тақырыбының ішіне еніп жазады. Ол қазақтың елде тұрып жатқан Серік Ақсұңқарұлы (Қарағанды), Тыныштық­бек Әбдікәкімұлы (Семей), Сабыр Адай (Маң­ғыс­тау) секілді өзіндік дауысы, өзіндік стилі бар ақыны. Көр-жерді өлең етіп жүрген қатардағы көп жазғыштың бірі емес. Елде, әдеби ортадан жырақта жүрсе де өнімді еңбек етіп келе жатқан шынайы дарын». Және қайталап айтар мәселе: Хамитбек Мұсабаев өзінің тақырыбын тапқан қаламгер. Ендігі де ақынның шығармашы­лығына жөнсіз жала жауып, жүрегіне қаяу түсіріп, уақытын алғанша, оның жазуына, елдік мәселені еркін жырлауына тілектес болайық! Ендеше, «Қаншеңгелге» таласпайық!

Елдос ТОҚТАРБАЙ,
зерттеуші, ҚР «Дарын» мемлекеттік
жастар сыйлығының лауреаты

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір