АТАСЫНЫҢ АҚЫЛЫ
28.06.2019
1343
0

Қуат АДИС

Ұлт әдебиетінің уызына қанбаған ұрпақтың болашағы бұлыңғыр. Ұлттық код дегеніміз – ұрпақ жадына рухани ілімді ана тілінде құю. Демек, балалар әдебиетін дамыту – қаламгерлердің ортақ парызы. Біз бүгін балалар әдебиетіне үлес қосуды мақсат тұтқан жастардың шығармаларын ұсынып
отырмыз.

Басқалар да байқасын –

Өсті десем Өркенім…
Ауырлығын айтасың,
Арқаңдағы сөмкенің.

Жеу үшін де талқанды,
Еңбек етіп терлейсің.
Жауыр қылмай арқаңды,
Қиындықты жеңбейсің.

Салмағына сөмкеңнің,
Ауырсынба сен бүгін!
Көтересің ертең күн,
Бұдан да ауыр ел жүгін.

Жарға жықпас нар сенім,
Жетер оған күшің де.
Болашағың бар сенің,
Сол сөмкенің ішінде.

Білсең бәрін жаман ба?
Биіктікпен тау – Ұлы!
Болмайды онда адамға,
Керек заттың ауыры.

ӘЖЕМНІҢ ӨЗІ БІР МЕКТЕП

 Жүзіне бүгін түсті әжім,
Ал, менің өңім тұр көктеп.
Алғашқы менің ұстазым –
Әжемнің өзі – бір мектеп.

Жүрегі жұмсақ, алайда
Сөзінің өткір қияғы.
Әбестік көрсе қандай да,
«Тәйт» деген сөзбен тыяды.

– Ырымға қазақ бай халық,
Содан да елден ерекпіз.
Адам бар үйді айналып,
Жүгірме дейді себепсіз.

Жасалар туыс, досқа арнап,
Жөнімен бәрі сый-кәдең…
Құлашты жайып қос қолдап,
«Босаға керме!» – дейді әжем.

Болса да білгір кім мейлі,
Пайда жоқ сөзден құр дәмді.
Жаратпай әжем тілдейді,
Табалдырыққа тұрғанды.

Ниетің болса болғаны,
Ісінде әрбір бар үлгі.
Ырымға жаман ол-дағы,
Таянба дейді жағыңды.

Ақылын тағы бастайды,
Есейдік десек біз енді…
Одан да тиып тастайды –
Отырсаң құшып тізеңді.

Жеңіңе жүрме тас тығып,
Халықта тылсым бар кие.
Ырымның түбі – жақсылық,
Тыйымның түбі – тәрбие.

Жаманнан мені тыйғасын,
Жүремін ылғи құрметтеп.
Үйреткен әдеп-ибасын,
Әжемнің өзі – бір мектеп.

ЖАЙЛАУ

Ұқсамайсың қалаға,
Сөз жетпейді бағаңа.
Керегенің көзінен,
Көз жібердім далаға.

Көтерілді күн төрден,
Тау басынан бұлт өрген.
Көк пен жердің арасын,
Тұтып қойған шілтермен.

Кеңістікті мұнша аумақ,
Қалай қойған құрсаулап.
Төңірекке тұр, әне,
Күн көзінен нұр саулап.

Бөктерлер де бүрленген,
Бір ғажайып түрге енген.
Кілем жайып тастапты,
Қызыл-сары гүлдерден.

Жайлауда отыр ауылым,
Ауасын-ай, тауының!
Шапқылаған құлыншақ,
Сипатпайды сауырын.

Құс сайрайды төбемде,
Қошақан тұр көгенде.
Тастан-тасқа секіріп,
Ұстатпайды «Шөрем» де.

Шектейді екен кім сені?!.
Қызықтың жоқ бір шегі.
Ойнақтап жүр ботақан,
Дір-дір етіп тірсегі.

Жайлау кешін ұнатам:
Мал суғарып жүр атам.
Құлын байлап жүр әкем,
Бие сауып тұр апам.

Жайлау жақсы расында,
Бүкіл бала қасында
Құрт қайнатып жүр әжем,
Қазан-ошақ басында.

Түзге керек бір адам,
Тайға мініп жүр ағам.
Түгендейді түлікті,
Қыр басынан құлаған.
Қимасам да қаланы,
Көрсем деймін даланы.
Басталғанда қыркүйек,
Қайтқым келмей қалады.

Табиғатпен тілдескен,
Төрт түлікпен бірге өскен.
Бабамның да бабасы,
Осы жерде күн кешкен…

(Толық нұсқасын газеттің №26 (3660) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір