Жасасын фонограмма!
26.06.2019
1077
0

Берік САДЫР

Ауылдан тай-құлындай тебісіп, бірге өскен Ақалақ дос осындағы құрдас Пықыптың алпыс жас тойына келіпті. Бұны күтіп алу менің меншігіме жүктелген.
Ерте келген екен, құрдасты зерікпесін деп атақты әншінің концертіне апардым.
Дән риза, келе жатып:
– Бұрынғылар бір-екі ән айтса: «Ән айтсаң да жаныңды жеп айтасың», – деуші еді… Мынауың ғажап, үзбей-жармай екі сағаттан астам шырқаса да былқ етпеді! Неғылған күш-қайрат, неғылған ерік-жігер! – деп тамсанғанында:
– Е, ол фонограмманың арқасы! Таза дауысымен айтып көрсінші! – деп едім, Ақалақ «айтқаныңды түсінбедім» дегендей бажырая қарады.
Фонограмманың дайын дүние екенін, тек соған ілесіп айтқан болсаң болды екенін түсіндірген болдым.
– Пәлекет, бәсе! – деп Ақекеңде оны іліп ала қойды.
Пықыптың тойындағы кідіріс-мүдірісі жоқ, кілең даналық сөздерден құралған тілектерге Ақалақ аузын ашып, көзін жұмып тамсанумен болды.
Үйге келген соң:
– Қаладағы сендердің тілек сөздеріңнің жанында біздікі жіп есе алмады. Ойпыр-ай, бірі­нен-бірі асып төгілген, не­ғыл­ған ғажап сөздер! – деген соң:
– Ол да дайын пәлекет… – деп міңгірлеп едім:
– Не, сен де фонограммамен сөйледің бе?! – деп ажырая қарады.
– Заман солай, технология­ның енбеген есігі, кірмеген тесігі қалмады, – деп төменшік­тенген болдым.
Ертесінде Пықып алыс-жақыннан келген құда-жекжаттарының басын қосып, дастархан жайған екен, үлкен асқа бата беруді менен сұраған соң, қылтемірімді байқатпай құлағыма іліп, жанқалтамдағы аппаратымның нүктесін лып еткізіп басып, сөйлеп кеп бердім…
Ара-арасында Ақалаққа көз тастап едім, пәлекет ыржиып, «ұйып тыңдап» қалыпты.
Біткенімде алыстан келген құда-жекжаттар:
– Әй, бәрекелді, міне бата! – деп ризашылықтарын білдірді.
Бұл «жетістіктерге» Ақалақ достың риза болғаны соншалық, кетерінде екі-үш күн кідіріп, қоярда қоймай әлгі тост сөзінен батаның екі-үш үлгісін жаздыртып алып, түн баласы көз ілмей, менің тәжірибемді үйреніп ауылына аса риза кейіппен аттанып кетті.
…Бірде бір жаназада… жаназа оқып отырған молдекеңнің құлағынан таныс қылтемірді көзім шалып… Бейіт басында да, келген соңғы оқылуда да молдекең саспады. Мұндайда молдекеңнің аппаратының батарейкасы бітпей, абыроймен алып өтсе екен деп тілейді екенсің… Біздікінде болып тұрады, ондайда қарабайыр сөзбен іліп әкетіп, тегі болмаса, сөзімізді сол тұстан бітіре саламыз… Е, молдекең де сөйтер, не нәрсенің де басы мен аяғын түгендеп жүрген кім бар бұл дүниеде… Сонымен айтарым – жасасын жаңа заман, жасасын жаңа технология, жасасын фонограмма!


ӘМБЕБАП

«Болар бала о бастан…» демекші, Ілдебай ес біліп, етек жапқаннан-ақ қатарының қара үзері болды. Мектеп қабырғасында жүріп, қатыспаған үйірмесі болмады десе де болады. Сыныптың сырттаны, қоғамдық жұмыстың белсендісі, спорттың сайыпқыраны бола жүріп, әртістік үйірме құрып, ән де айтты, би де биледі… Несін айтасың, жігітке жеті өнер де аз екенін көкейіне түйіп өсті.
Онысының шапағатын мына нарықтық заманда бір кісідей-ақ көріп жүр емес пе.
Ілдекең меңгермеген мамандық некен-саяқ-ау… Құрылысшы да болды, көлігімен адам тасып, нәпақасын тапқан күндері де есінде. Әртістігі еленіп, той-томалақты да басқарып көрді. Ән-жырдың көрігін қыздырып, оның да бір белестерін бағындырған күндері де болды. Сөйтіп жүрсе де болашақ білімде екенін есінен шығармай, әдебиеттің оқуын тауысып, кандидаттығының да тақырыбын алып қойған. Оқу-тоқуының соңғысы заң жағы болғанына тәуба дейді.
Міне, «Әмбебап» атты серіктестігінің арқасында бір істі болған азаматтан адвокат болуға ұсыныс түскен.
Онысын құп алып, құлшына кірісіп еді, тура сол сот басталар күні бір дөкей хабарласып, баласының үйлену тойын басқарып беруді өтінгені… Қашқақтап көріп еді, анау да берерін асырып…. қайтсін, соттың алғашқы күні адвокатсыз өтті.
Келесі сот процесі болатын күн тақағанда бір мықтының үйіне «еуроремонт» жасау тапсырысы топ ете қалып… Мол ақшаға күмп ете қалған басы, бәрін ұмытып «еуродан» мұрты майланып шыққан күні білсе, әлгі істің үшінші кезегі артта қалыпты.
Ұят болғанда, бір белді шенеуніктің туғаны қайтыс болып, бұның «әмбебабына» оның жөнелтілуіне тапсырыс түсіп, бұл өзі сонда бас ұйымдастырушы болып жүргенде әлгі істі болған азаматтың ағасы тап келіп… кірерге қара жер қарс айырылмай, әйтеуір одан келесі сотта жер басып, аман жүрсе, бел ортасында болатынын, әйтеуір бір септігін тигізетінін айтып, уәдені үйіп-төгіп, әрең-пәрең құтылғанын айтсаңшы.
Бір қырсықса, біраз қырсық бірге келеді екен, сол уәделескен күнге құдай ұрып қала күні тап келіп, қаланың ырду-дырду думанын өткізу бұның мойнына жүктеліп… оның қаражаты алдын-ала «Әмбебап» есебіне түсіп…
Не керек, шаһардың шат-шадыманынан құтылып барып, әлгі «адвокаттығының» тамырын басып көрсе – іс бітіп, азаматы бес жылды арқалап, темір торға кете барыпты.
Ілдебай бір сәт ойға беріліп, сот процесіне араласып, басы-қасында болғанда алатын бес мың көкқағазын көз алдына елестетіп отыр еді, «әмбебабының» есепшісі соңғы табыстары 50 мың көкқағаз екенін айтқанда барып көңілі жайланып, іштей «бес мың пішту» деп бетін сипады.


БІЗ ДЕ ЖЕКЕШЕЛЕНДІК

Қостанайдағы Дәмер ағамның үйінде отырып, ол кісінің:
– Жеңгеңді жекешелендіріп алдым, – дегенін естіп, ішіп отырған тамағыма қақалып қалғаным бар.
– Бір сен емес, алғаш естіген атаулы осы кейіпті киген, – деп көкем мән-жайды түсіндірген болды. – Қолымнан келгені сол… бажайлап қарасам, қазіргі ел-жұртыңның айтар әңгімесінің дөйі осы жекеменшікке тірелген сияқты… ана дөй заңдағы баптың өзі осыған тіреліп, даурығып жатыр емес пе?! Тоқетері, мына заман тек жекеменшіктен тұрады екен. Өз басыма жекешелендіретін бірде-бір зат бұйырмапты. Ең аяғы үй, қора-қопсы, аз-маз мал атаулыны «төріңізден көріңіз жақын» деген мәнде сөз айтқан соң, қолдағы келін-балаға басыбайлы өткізіп бергенбіз. Содан «бүйректен сирақ шығарып», басқа біреудің меншігіне өтіп кете ме деген қауіппен мына қара кемпірді жекешелендіріп алдым, – деп қарқылдап кеп күліп, оның мөр басылған, куәландырған қатырма қағаздарын алдыма жайып салды.
Көзім жұмылып, аузым аңқиған маған: «Баяғыда-ақ сөйтуім керек екен», – деп алып, жекешеленген жеңгемнің жай-жапсарын айтқанда кәдімгідей көзім ашылып, бірден мен де неге ғана сөйтпеске деген ой келді.
Сөйттім де мен де көкемнің жөн-жобасын тәптіштеп сұрап біліп, бірден меншіктеп беретін мекемеге тарттым.
Ондағылар: «Естімеген елде көп… деген, қатынын жекешелендіруге келген сізді көрдік», – деп таң-тамаша болған болып, райымнан қайтпас мені білгендіктен: «Жеңгемізді жекешелендіру үшін ол кісіні дүниеге әкелген әке-шешесінің жазбаша куәландырған рұқсаты керек», – дегені.
Салып ұрып атам мен енеме келіп, мән-жайды айтып едім, екеуі де «Астапыралла!» деп жағаларын ұстап, маған аса мән бере бажайлап қарап, «ауру-сырқаудан» дін аман-есен екенімді біліп, енем көрші бөлменің есігін жауып алып, қызымен телефонда сәл-пәл күбірлескен болып келіп:
– Ал балам, жекешелендіру үшін сен бізге… – деп алып, көки-сөкиді көктетсін келіп. Көки-сөкидің үлкені – мына отырған үйлеріне күрделі жөндеу өткізуім керек екен… Кенже баласының үйлену тойын түп-түгел мойныма алуым керек екен…
… Ашуға булығып үйге келсем, қатын:
– Не, жолың болмады ма!? – деп ыржиады.
– Атаңа нәлет сенде табалап отырмысың! – деп алара қарап едім:
– Оу, көкіме, көзіңді аш. Не, жекешелендіру оңай деп пе едің! Мүлік, зат емес, бақандай адамды жекешелендірмек болады! Тағы да ашуланады, бақырып-шақырады! Тәубеңе кел! Менің құнымды білесің бе өзің!? Отасқан отыз жылдағы отыңмен кіріп, күліңмен шыққан маңдай терімді бағала! Бір емес, бақандай бес баланы тоғыз ай көтеріп толғатып, жеткізіп, есейткендегі еңбегімді ескердің бе!.. – деп тереңнен тартып тебіренген кемпірді әзер деп тоқтаттым-ай!
– Қойдым, кемпір! Бүйткен жекешелендіру бар болсын, – деп сабырға шақырып едім:
– Қоймаймын! Осыны біліп, Дәмер қайынағадан естіп, мен де әрекет жасап… сені мен жекешелендіріп алғанмын… әке-шешеңді ертерек жұтып қойған өзіңнен көр. Ондағылар сенің әке-шешеңнің қайтыс болғандығы жөніндегі анықтаманы талап етіп, апара қалып едім, сені маған басы бүтін жекешелендіріп берді… – дейді.
«Сасқан үйрек артымен жүзеді» деуші еді:
– Әп, бәрекелді, оң болған. Бізді біреулер жекешелендіріп алмай тұрғанда мұнымыз жөн болған, – деппін.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір