Айтолқынның өлеңдері
26.06.2019
1101
0

Қазақ балалар әдебиетін, оның ішінде, өлең, әңгіме, ертегі, сурет өнерін насихаттау мақсатында «Қазақ әдебиеті» газеті «Күміс қоңырау» атты айдар ашты. Енді әр номерден жасөспірімдер мен балаларға арналған түрлі жанрдағы шығармаларды, әлем жауһарларының аудармаларын, тіпті, балақайлардың өз туындыларын да көре аласыздар.
Алғашқы қадамды белгілі ақын, журналист Есей Жеңісұлының өлеңдерімен бастадық.


Есей Жеңісұлы

ТУ МЕН АСПАН

Білуге бәрін құмармын,
Баламын іске жараған.
Туымның түсін сұрадым,
«Көк аспан түстес», –
деді анам.

Мен содан бері аспанға,
Таңырқай қарап жүремін.
Алып көк тудың астында,
Жайнап тұр байтақ ұлы елім!

Аспанның астын өріс қып,
Азаттық алып, жиды есін.
Көк аспан.
Көк ту.
Кеңістік.
Па, шіркін, неткен үйлесім!

Өрнегін жүргем ұға алмай,
Жұмбағын енді шешемін.
Көк туымдағы қырандай,
Мен еркін самғап өсемін.

***

Қанша жыл бабам аңсады?
Қанша жыл оны күтті атам?
Мойындап барлық Жер шары,
Азаттық алды құтты Отан.

Өмірге келдім саналы,
Ұлы елде өскен, жетілген.
Тәуелсіз елдің самалы
Өпті алғаш менің бетімнен.

Өсемін нарқын бағалап,
Айтамын асқақ ән қылып.
Бабамнан қалған аманат –
Тәуелсіздігім мәңгілік!

Ағады күліп жылғам да,
Төгеді нұрын ғажап күн.
Ұланы біздей тұрғанда,
Жайнайды елі қазақтың!

***

Қыранымын көгімнің,
Күнім жайнап тұрады.
Байтақ жатқан елімнің
Мен – патриот ұланы.

Өсем ер боп, асқақтай,
Аманатты жалғаймын.
Ұйқы көрмей, қас қақпай,
Шекарасын қорғаймын.

Тырыспаймын бұғуға,
Елім – менің айбарым.
Олимпиада сынында
Желбіретем байрағын.

Нарқын білем әр күннің,
Жұмбақтарды шешемін.
Ертеңі үшін халқымның
Білімді боп өсемін.

Аялаймын барымды,
Арлы азамат боламын.
Сыйлап Ата Заңымды,
Сақтаймын әр талабын.

Қадірлеймін уақытты,
Көкті шарлар атағым.
Ұл-қызымен бақытты –
Қазақстан – Отаным!

ҚЫСТА ТУҒАН ҚАҺАРМАН

Жел мен қары ұйытқыған,
Мезгіл қатал қыс еді.
Жатпақ болды ұйқыға,
Ағайынды үшеуі.

Батыр еді кіргенде,
Енді кері шыға ма?
Жылымапты бұл бөлме,
Төсек салқын сірә да…

Ең кішісі «шыныққан»,
Аяқ асты ерледі.
Қорықпаймын суықтан,
Қыста туғам мен! – деді.

Бермейтіндей намысты,
Беттеді алға,
о, тоба!
Күтіп қарай қалысты,
Жазда туған екі аға.

Қанша батыл десек те,
Сөз айтпай ма басқа бір?
Кірмей жатып төсекке,
Атып шықты жас батыр.

Түсі кеткен қатайып,
Енді өтініп келеді.
Құшақтасып жатайық,
Тастай екен… – дегені.

ИНЕ САБАҚТАУ

Менің әжем келбетті,
Еңбек етіп, ерлепті.
Өзі айтса, ешқашан
Тыным алып көрмепті.

Пісіреді бәліш те,
Әлі мығым әр іске.
Сабақтап бер инені, –
деді мана Әбішке.

Сылтау айтып не түрлі,
Құтылмайтын секілді.
Ақыры Әбіш ине алып,
Сабақтауға отырды.

Жіпті ернімен тамсады,
Сөйтіп, Әбіш шаршады.
Кірмей қойды орнына,
Тым епсіз-ау саусағы.

Қайтпай, тағы оқталды,
Міне, міне, кеп қалды!
Жіпті әрең сап орнына,
Апа, тартшы! – деп қалды.

Әбекеңнің сөзі «ұнап»,
Әжем күлді азырақ.
Көзім көрсе, балам-ау,
Сабақтар ем өзім-ақ…

АУДАРМАШЫ

Бала – шыбық, бала – шынар,
Біздің үйдің бағы осылар.
Былдырлаған Айтолқынның,
Аудармашы ағасы бар.

Ілиястай жан баланың,
Ісіне ел таң қалады.
«Нәжә» десе қарындасы,
«Нан жеймін» деп аударады.

Айтолқынның жөні бөтен,
Шыққан тілі бөлек екен.
«Көкө» десе, көше жаққа
Қыдыртуың керек екен.

«Сүсү» десе – шөлдегені,
«Бебе» десе – «бер» дегені.
«Өнә» десе, ойыншықты
Әкеліп бер бөлмедегі.

«Аударды» ұл таңнан бері,
Қайдан біліп алған, тегі?
«Мені туып алғандарың,
Өте жақсы болған», – деді.

Ілиястың не дегені
Күмәнсіз ғой жөн екені,
Айтолқынның былдыр тілін,
Кім аударып берер еді?

АТАСЫНЫҢ БАЛАСЫ

Мен баламын ақылды,
Білем атым-затымды.
Көрші үйге барып ем,
Атай төрге шақырды.

Тез-ақ түстім әлекке,
Айта алмаймын және өкпе.
Отырмай ма төр жаққа,
Ақсақалдар әдетте?

Үлкен сөзін күнбе-күн,
Ұғып алып жүргенмін.
Шығарымды білмедім,
Шықпасымды білмедім.

Орның бар ғой данадай,
Қысылмағын, балақай!
Атасының баласы
Емес пе едің? – деді атай.

Тез ұғындым бұл жайды,
Үлкен солай шыңдайды.
Атасының баласы
Босағада тұрмайды.

ЖІГІТ БОЛУ ҚИЫН-АҚ

Жүрген кезде доп ойнап,
Жүгірмеппін абайлап.
Құлап түстім шалынып,
Ағам тұрды қарайлап.

Байқалмастан өзіме,
Жас тез толды көзіме.
Ауырсынбай тұрсам да,
Жылай кеттім езіле.

Тез берілдім уайымға,
Ағам білді жайымды.
«Жыламайды жігіт», – деп,
Қайта қосты ойынға.

Үлкен айтса, ұғамын,
Тағы екі рет құладым.
Доп бетіме дәл тиді…
Тістендім де шыдадым.

Үлкен болам көкемдей,
Ауырмай да жөтелмей.
Жігіт болу, кім білген,
Оңай емес екен ғой…

ҚҰТҚАРУ

Төнгені ғой қатердің,
Жем көрді ме сорына?
Зымыратқан әкемнің,
Шымшық қонды жолына.

Қалай қонды қорықпай,
Қандай «ойын» жүр бастап?
Өзімізге қауіп қой,
Тежегішті кілт бассақ…

Осы қиын жайды ойлап,
Бір қызық іс істедім.
Жанұшыра айғайлап:
«Әй-әй, шымшық, піш!» – дедім.

Айла таптым мен демде,
Тапқырлықты кім көрді!
Біз тақала бергенде,
Шымшық ұшып үлгерді.

Маңдайымнан тер шықты,
Тапқаным-ай тосын ой!
Жем іздеген шымшықты,
Мен құтқардым осылай!

АЙТОЛҚЫННЫҢ САҒЫНЫШЫ

Көкейінде сұрақ толы,
Бұл қыз сырды тез білді.
Апасының смартфоны
Айтолқынның көз құрты.

Берсең, шіркін, балаға ерік,
Болар таң мен кеш ұмыт.
Апа көзін ала беріп,
Отырады тесіліп.

Балай көрме қатесіне,
Көп кінәлап жүрме тым.
Қаладағы әкесіне,
Жібереді ол суретін.

Жүрегінің бұл бір емі,
Мөлдір оның әлемі.
Амандығын білдіреді
Смайликпен әдемі.

Қандай жаман жырақ болған,
Айтолқын сыр ашпайды.
Суреттерін смартфоннан
Тез өшіріп тастайды.

Жақсы еді апа білмей қалса,
Қалмаса ғой күмәні…
Сырын сақтап, жым болғанша
Жауап келіп тұрады.

Өтті осындай шақтар қанша?
Түсінеді бәрін бұл.
Тек ұрланып хат жазғанша,
Тез келсе ғой каникул…

МЕН КІШКЕНТАЙ БАЛАМЫН
(Жаңа нұсқа)

Мен кішкентай баламын,
Бала емеспін – данамын.
Планшет берсе қолыма
Жыламай үйде қаламын.

Шкафтарды ашпаймын,
Киімдерді шашпаймын.
Кіріп алып You-Tube-ке,
Қызық ойын бастаймын.

Ғаламторым бар болсын!
Майнкрафт – жан досым!
Ара-тұра билеймін,
Асқақтаған ән қосып.

Ойнатамын күшікті,
Киіндірем мысықты.
Алаңдаймын, көрмесем –
Не жеп, нені ішіпті?..

Оқуды да үйренем,
Тоқуды да үйренем.
You-Tube аман тұрғанда
Сөз бе қимыл, би деген!

Мен кезбеймін көшені,
Ренжітпеймін шешені.
Тыңдағандар сөзімді
«Оқыптуған» деседі.

Қонақ барсақ аралап,
Әкешімді жағалап,
«Смартфонды бер-бер» деп
Жылайтыным жаман-ақ…

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір