Сенімді серігім ең, Бозқараған
13.06.2019
948
0

Мінуар ӘКІМХАНОВ

Сыртымнан ел айтады

Құны да жоқ,бір тартым темекілік,
Сыртымнан ел айтады көп өтірік,
Несіне шаңды сөзге шамданамын,
Жабылған жала екенін көре тұрып.

Шатқалаң өмір жолы ирек білем,
Соны ойлап кей күндері сирек күлем.
Жаныма жабысқан көп сұрақтарды,
Жасырман кеште үйіме сүйреп кірем.

Жазғалы жастайымнан игеріп жыр,
Көңілім тым мазасыз күйге еніп жүр.
Әрдайым алаңдаймын алғы күнге,
Іздеген ғашыққа ұқсап сүйгенін бір.

Алдыңда сырым осы дос ақтарған,
(Беймаза жырға жаным қосақталған).
Келемін арманыма арқау іздеп,
Емеспін, қалың ойдан босап қалған.

***

Есейдім мен уақыт өтіп сырғанап,
Тарлан тарттым, мазасыз ой жұлмалап.
Көп адамға аға екенмін, аңғардым.
Жігіт болған жан ұлыма бір қарап.
Болмаса көп кеудеме арман тұнғаны,
Аздау әлі жазған жырым тұлғалы.
Талай жылды өткеріппін алда енді,
Белігсіз ғой қандай сындар тұрғаны.

Бозқараған

Қапталға қаулап өскен бозқарған,
Жан едім, саған жастай көз қадаған.
Есейіп, ержеткенде жырдан бүгін,
Кеудеме өзің болдың сөз қалаған.

Тілде тұр кермек дәмің мұрын жарған,
Десем мен, демейді ешкім бұның жалған.
Аймаққа ажар беріп жатқандай бір,
Жалтылдап, жап-жасыл боп, нұрың жанған.

Жас шақта құрбылармен ойын қуған,
Өзіңсің бұғынбаққа тойындырған,
Жарқылдап қақ ортаңда жүрген шақта,
Болды рас, тікенекке, «тоным құрбан».

Жас дәурен қолын бізден үзгені ме?
Жетіппіз талай жерге біз де міне.
Бозқараған түбінде түсініксіз,
Бір кезде шарпылған ем қыз деміне.

Тым-тырыс жатқан жасыл бозқараған,
Талай сыр табар сенен көз қараған,
Думаным басылмасын десең егер,
Қойныңды аш, қолыңды үзбе, бозбаладан.

Жол ашқан махаббатқа боз даладан,
Сенімді серігім ең бозқараған.
Ортаңа бара қалса балғын жастар,
Сырлассын, сырт қарама, сөз бер оған!

***

Бір сәтке атыңды атап хабарласпай,
Кеттің ғой біздің жаққа қадам баспай.
Шықпайсың түнде түстен, күндіз естен,
Жабыстың сағыныш боп маған жастай.

Ұшқан жоқ сезім гүлің желге сенің,
Кетпеді көңілімдегі селге сенім.
Кездейсоқ ұшарассаң бақытты боп,
Салмағын сағыныштың сезбес едім.

***

Жан едің бір ақылы бар сен есті,
Қозғапты ғой, жүрек сырын деме ескі.
Өзіңменен тілдескен күн ойымда,
Біреуге із боп көрінсе де көмескі.
Дей алмаймын, ойлаудан бір жеріттің,
Басылғаны болса да анық желіктің.
Көз алдымнан кеткен емес ақ еркем,
Балғын бейнең лағындай Еліктің.

***

Бақытыма жүрсем дағы теліп мен,
Жылы қабақ танытпайсың неліктен?
Көшкен жұртта ұмыт қалған заттай бір,
Көңіліңдегі кісің менбе кеміткен?
Көкірегіме жаз бейнеңді түнетіп,
Аяладым, атыңды атап, гүл етіп,
Орандым да сағыныштың отына,
Барады ылғи бос үмітпен күн өтіп…

(Толық нұсқасын газеттің №23 (3657) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір