ОЛ ХАМЗА АБДУЛЛИН ЕДІ
05.06.2019
1451
0

Хамза Абдуллин – 100

Қазақтың дүлдүл ақыны Мағжан Жұмабаевтың поэзиясын пір тұтып, шығармашылығына үлкен құрмет білдіріп,
өзі де сол стильмен өлең жазған бір ақын болды. Ол Хамза Абдуллин еді. Бұл ақынды бүгінгі күндері мына заманның жастары біле бермейді. Оның да өзіндік себептері бар.

Ол да Мағжан тәрізді ауыр тағдырлы ақын. Мағжан Жұма­баевқа жекжаттығы да бар. Тіпті, соны мақтаныш етіп, өзін Мағжанның жақын шәкір­ті санайтын. Мағжанды көзі тірісінде көріп, одан тәлім ал­ған­дығын мақтанышпен айтып жүретін. «Қызылжарда қызмет істеген жылдарында ауыл­ға әдемі арғымақ аттар же­гіл­ген пәуескемен келуші еді. Үстінде ақ кителі болатын. Еңсе­сін тік ұстап, сәндене басып пәуескеден түсуінің өзінде де бір тамаша маңғаздық бар еді. Төңірегіне жиналған жастармен, үлкенді-кішілі адамдармен амандасуының өзінде бір биязылық болушы еді», – деп сүйсіне есіне алады. Мағжанның сол бір кербез әдемі жүрісін орыс киноларындағы дворяндардың қимылымен салыстырып отыратын.
Менің Хамза Абдуллинмен таныстығым Мағжан ақтал­ғаннан кейін басталды. 1990 жылы канди­даттық диссертация­ма «Мағжан Жұмабаев поэ­зиясындағы фольклорлық дәстүр» деген тақырыпты бекітіп алған едім. Зерт­теуді алдымен «Батыр Баян» поэмасынан бастап, батыр Баянға байланысты тарихи деректерді іздестіре бастадым. Ғылым академиясынан табылған деректер мардымсыз болғандықтан, Қызылжар өңірінен іздестіруге тура келді. Баян батырды кімдер жақсы білуі мүмкін деген сұрастырудың нәтижесінде Хамза атамен таныстым. Ол кісіні үйіне, дәмге шақырып, менімен таныстырған үлкен енем Райхан Рамазанова еді. Тіпті, дәм арасында менің атамның қарындасы, тұлғалы, әрі көрікті Ғалия апамызды ұнатып, көз салғанын да естеріне түсіріп, әзілдесіп отырды. Егер Гитлер соғыс ашып, елде бүліншілік жасамаса, екеуінің үйленуі де мүмкін екен. Бірақ тағдыр оны жазбаған. 1941 жылы соғыс басталғанда генерал Власовтың армиясының құрамында немістердің қоршауында қалып, қолға түскен Хамза Түркістан легионындағы неміс газетінде журналистік қызмет атқарады. Немістерге тұтқынға түскені туралы Хамза аға былайша әңгімелейтін:
– Бірде қасына бір топ нөкерін ерткен немістің офицерлері тұтқындар жатқан бараққа келіп: «Мағжанның туысы кім?» – деп ақырды. Ойпырмай, Мағжанды немістер де жек көреді екен-ау, туысы болғаным үшін бұлар да жазалайтын болды ғой деп: «Мен», – деп дірілдей жауап бердім. Басыман аяғыма дейін барлай қараған офицер: «Мынаны алып жүріңдер», – деп бұйырады. Кабинетке әкеліп, жауап алып, Мағжан туралы толып жатқан түрлі сұрақтар қойды. Соңынан Түркістан легионының газетіне журналист ретінде қабылдады. Сонда жүріп Совет Армиясының жасырын тыңшыларының тапсырмаларын орындап, лагерьде көтерілістер ұйымдастыруға қатысқаным үшін немістер ату жазасына бұйырып, үкім шығарды.Үкім әне-міне орындалғалы отырғанда, 1945 жылдың апрель айында лагерьдің бір ше­тін бұзып кірген Америка әскерлері бізді құтқарып алып, Америкаға өтуге үгіттеді. Олардың: «Совет одағына қайтып барсаңдар тұтқындайды», – деген сөзіне сенбедім. Туған жеріме оралғым келді. Сол кезде ортамызға елеусіз еніп кеткен КГБ-ның «жансыздары» Мағжан ақталатын болды деген сыбыс таратып жіберді. Бұл да маған «еліңе қайт, еліңе» деп дем бергендей болған соң, елге оралдым. Бірақ «Мағжан ақталатын болыпты» деген сөз жалған болып шығып, қайта тұтқындалдым. Бұл жолы төрт жыл концлагерьде отырып, немістерге қызмет еткен сатқын ретінде 10 жылға сотталдым. Одан Сталин өлгеннен кейін ғана ақталып, елге қайттым. Бірақ Түркістан легионының құрамында болып, «Түркістан» газетіндегі журналистігім үшін еш жерге жұмысқа алынбай, ұзақ уақыт бақылауда болдым. Тұтқында отырып, Грузиядан келген саяси ақындармен танысып, солардың ұсынуымен «Жолбарыс тонды жаһангез» деген Шота Руставелидің поэмасын қазақ тіліне аудардым.
Сталиннің өлімінен кейін де елге қайтуға жүрексініп тұрғанымда, мені ұнатып қалған грузиндер өз жерлеріне шақырды. Осы кезде «Мағжан елге оралыпты» деген хабар келді. Бұл 1957 жыл болатын. Бұл сүйінші хабарды естіп қуанған мен «Бұлбұлым» деген атпен мынадай өлең жаздым:
Хош келіпсіз, жан аға,
Есінен танған еліңе.
Көрік берші далаңа,
Жыр жазып, жылап егіле.
Өкінішке қарай, ағасына асыққан Абдуллиннің бұл үміті де ақталмайды. Ол жалған болып шығады. Елге оралған «Мағжан» есімді бөтен адам болып шығады. Осыдан кейін ақынның жесірі Зылиха апамен одақтасып, Мағжанның ақталуына жәрдем беруге ұмтылады. Бірақ жалақорлардың тегеурінді қарсылығына ұрынған Мағжан ақтала алмайды. Дегенмен оған тағылған айыптар жартылай алынады. Дәлірек айтқанда, «жапон тыңшысы» деген айып пен «Алқа» платформасына қатысты шығарылған шешімдер негізсіз деп танылады. Тек Мағжан шығармалары «буржуазиялық-ұлтшылдық бағытта жазылғандықтан, жастарға оқыту қауіпті» деген Қазақстан Жазушылар одағының шешімі ғана қалады. Бұл Мағжанның жартылай ақталуы еді. Осыдан кейін ақынның жары Зылиха апайды ұлы қазақ Жұмабек Тәшеновтің қабылдауына ертіп барып, бір бөлмелі пәтер алуына жәрдем етеді…

Бақыткамал Қанарбаева, мағжантанушы, «Қайнар» академиясының профессоры

(Толық нұсқасын газеттің №21 (3655) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір