МӘМЛҮКТЕР МЕМЛЕКЕТІН БИЛЕГЕН ҚЫПШАҚ СҰЛТАНДАРЫ
03.06.2019
2559
0

Мәмлүк мемлекеті Орта Шығыстағы басқа Ислам мемлекеттері сияқты феодалдық патшалық болды. Ол, сонымен қоса, мемлекетті сұлтан мен армияның бас қолбасшысы бірлесіп басқаратын жартылай әскери монархия да еді. 1260 жылы Бейбарыс билікке келген соң, Мәмлүк мемлекеті тарихындағы ең тегеурінді сұлтан болды. Ол Шығыстағы Иранның билеушісі болып, кейін «Илхан» атанған Хулағуге қарсы тұру үшін терістіктегі Алтын Орда мемлекетімен күшті дипломатия­лық байланыс орнатты.

Өзі Алтын Орда ханы Беркенің қызын ханымдыққа алып, «Горген» атанды. Ол, сонымен қоса, «Көрші елдерге қатаң, алыс елдермен дос болу саясатын» ұстанып, Мәмлүк мемлекетінің иелігін ұлғайта түсті. Египетте исламның Сұнни Мазһабының барынша күшеюіне жол ашып, үлкен мешіттер мен медреселер салғызды. Қыпшақ тілін ордада ғана емес, әскери-саяси саланың көлемінде де кеңінен қолдануға мүмкіндіктер жасады. Осы кезде бірнеше Қыпшақ тілдерін оқыту құралдары, тіл зерттеу еңбектері және оқулықтары, Қыпшақ-Араб тілдерінің, Түрік-Араб-Моңғол тілдерінің салыстырмалы сөздіктері, аударма құралдары жасалды. Діни әдебиеттерден бөлек, денсаулық сақ­тау, философия, заң, астрономия және басқа да жаратылыстану ғылымдарына қатысты араб тіліндегі еңбектер қыпшақ тіліне аударылды. Бейбарыс сұлтан салдырған Каирдегі қырық мың адамдық үлкен мешіт және медресе, оған қоса, орта ғасырдағы түркі тілдерінің аса бағалы ескерткіштері, жазба жәдігерлер біздің заманымызға жетіп отыр. Бейбарыс сұлтан болған кезінде патшалық іргесін кеңейтумен бірге, айналасын да бекемдеді. Көбіне сыртқы жауларға қарсы соғысты. 1263 жылы крестшілер жорығына қарсы Сириядағы Характа үлкен әскери база құрып, олардың шабуылын жеті рет талқандап, Орта Шығыстан қуып шықты. 1268-1265 жылдары Йордан өзенінің терістігіндегі Яффа, Әндөк, Әрзұм аймақтарын бағындырды. Хулағу илхандығының ханы Абахадан (кейде Аюке деп те аталады) Күрдстанды, Терістік Иракты және Армения мен Грузияны тартып алды. 1276 жылы Анатоляның Капатошя деген жерінде Селжұқ сұлтаны мен Абаханың бірлескен қосынын күйрете жеңіп, қазіргі Түркияның Кайсері аймағын басып алды. Сонымен бірге, терістік Африкадағы теңіз бойымен батысқа жорық жасап, терістік Либиядағы Триполиға дейінгі жерлерді бағындырды. Бейбарыс сұлтан 1277 жылы 7 қыркүйекте, Сирия жерінде жақын уәзірлерінің бірі берген удан қайтыс болды. Сосын орнына үлкен ұлы Берке таққа отырып, сұлтан болды. Бірақ, ол жас әрі жігерсіз болғандықтан, әскери билік Бейбарыстың тағы бір туысы Қалауын сардардың қолына өтеді. 1279 жылы Берке сұлтан белгісіз жағдайда көз жұмады да, орнына Қалауын сардар Бейбарыстың екінші ұлы – жеті жасар Саламышты сұлтандыққа көтерді. Көп өтпей Қалауын екі жыл ғана сұлтандық тақта отырған Саламышты шешесімен бірге Константинопольға қуып жіберді де, сұлтандық билікті өз қолына алады. Саламыш 1291 жылы Константинопольда жұқпалы дерттен қайтыс болды. Бейбарыс­тан кейін тарихта қайтпас қайсарлығымен, ержүректігімен қалған Қалауын сұлтан билікке келген соң, бұрынғы Бейбарыс иеленген жерлерді бекемдей түсті. 1281 жылы қазанда Сириядағы хомысты басып алды. Кейін Хулағу илхандығының билеушілерімен түстік шығыс Анатоля үшін қан төгіседі. 1290 жылы Акі қаласына жорық жолында қайтыс болып, орнына отырған ұлы Ашыраб сұлтан жорықты жалғастырды. Ашыраб сұлтан билікте көп отыра алмай, бақилық болады да, орнына Қалауынның тағы бір ұлы Малик Сұлтан болды. Малик сұлтан әкесіндей батыр болмаса да, Мәмлүк мемлекетінің бұрынғы иелігін сақтап тұрды. Десе де, Ашыраб пен Малик сұлтандардың атқарған елеулі еңбектері туралы араб және Шығыс тарихшылары ештеңе жазбайды. Қалауын және Ашыраб замандарында Мәмлүк мемлекеті Алтын Орданың Ханы Мөңке және Тудатемірмен жақсы байланыс­та болып, дипломатиялық қатынастарын дамыта түскені, кейін Малик сұлтан да Алтын Орданы билеген Тоқта және Өзбек хандармен дипломатиялық байланысын үзбей өткені туралы там-тұм деректер бар…

Тілеу ӘКІМБАЙҰЛЫ,
Франкфурт университетінің ғылыми қызметкері, PhD доктор

(Толық нұсқасын газеттің №21 (3655) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір