Ашаршылықтың «астары» мен «тысы»
31.05.2019
1074
0

Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ

Дүниежүзіндегі бірінші социалистік ел – жас КСРО тірлігінде небір қияметтер болды десек, соның бірі – 1921 жылдан басталып, 1933 жылмен аяқталған ашаршы­лық. Троцкий мен Свердловтың «ұрпақ­тары» солар бастап жасаған «қызыл қырғынды» түгелдей И.Сталинге аудара салғандарындай, «Ашаршылықты Сталин ұйымдастырды!» деп те күжілдеп жүр.

Олар, негізінен, табиғаттың тарынуынан болатын аштық көптеген елді дағдартқанын және қайталанып та тұратынын ескеруді керек етпейді. Жаңа Ресейді 1921 жылы сұрапыл аштық жайлап, В.Лениннің барша жұртшылықтан көмек сұрап ашық хат жазғаны мәлім. Сол жанайқайға құлақ қойған біздің Арал балықшылары Волга бойындағы жұтаған жұртқа мыңдаған тонна балық жөнелтті. Ол ашаршылық Ресейдің 34 провинциясын қамтып, 5 миллионға жуық адам көз жұмған. Сол жылғы және бергі жылдардағы аштық туралы жазғандар: «Оның себебі: ұжымдастыру оң жүргізілмеді; астық дайындау бақыланбады; мал есебі қадағаланбады; ауыл-село халқы қуғындалды, ол үшін Совет үкіметі, Коммунистік партия, Сталин кінәлі», – деседі. Иә, ауыл шаруашылығын ұжымдастырудың көп жерде бейбастақ жүргізілгені рас. Ол жағдаят туралы ең алғашқы әрі құнды құжат – жазушы Михаил Шолоховтың 1933 жылы көкек айының 4-і күні И. Сталинге: «…Если все описанное мною заслуживает внимания ЦК, пошлите в Вешенский район доподлинных коммунистов, у которых хватило бы смелости, невзирая на лица, разоблачить всех, по чьей вине смертельно подорвано колхозное хозяйство района, которые по-настоящему бы расследовали и открыли не только всех тех, кто применял к колхозникам омерзительные «методы» пыток, избиений и надругательств, но и тех, кто вдохновлял на это. Обойти молчанием то, что в течение трех месяцев творилось в Вешенском и Верхне-Донском районах, нельзя. Только на Вас надежда», – деп тұжырған батыл хаты.
Аталған аудандарды жұртшы­лықтың дабыл-тілегі бойынша үш ай аралаған М.Шолоховтың ол хатын оқысаң, төбе шашың тік тұрады. Колхозға қарсы жергілікті қаскүнем белсенділер жасаған айуандықта шек болмаған.
Жазушыға жауабында Сталин соншама сорақылықтың болып жатқанын дәлелдеп жазғаны үшін оған алғыс айтып, хат ізімен Шкирятов бастаған комиссия барып тексеру жүргізетінін ескерткен.
Хатынан кейін өміріне қа­уіп төнген Шолохов жасырынып, Мәскеуге қашып барып, Сталиннің қабылдауында болды. Сөйтіп, аштық буған Дон бойының жағдайын көзбе-көз баяндап, ауыр жағдайды оңдауға тиіс үкіметтік шаралардың белгіленуіне үлкен үлес қосты.
«Донның солтүстігіндегі аудандарда «колхозшылар талан-тараж жасап жатыр» деген жаламен колхозшыларды астықсыз қалдырған алаяқ басшы-қосшылардың айла-шарғыларын түбегейлі тексерген комиссияның деректері бойынша Кремль қатаң шара қолданды. Халықты аштыққа душар еткендер атылды» (М.Шолоховтың «Об истинном слове» мақаласынан).
Сол жолғы әңгіме соңында Сталин: – Михаил Александро­вич, үйіңізге қайтып баруға қорықпайсыз ба? – деп әзілдегенде Шолохов: – Иосиф Виссарионович, сіз қорғамайсыз ба? – депті.
…КСРО-да 1919-1922 және 1931-1933 жылдарғы аштықтан қырылған халық саны әлі де анықталған жоқ. Зерттеушілер аштыққа кінәлілердің бірі – Бүкілодақтық Совет Атқару комитетінің (БОАК) төрағасы Я.Свердлов деді (тарихшы И.Плотников жазғандай, шын аты-жөні – Ешуа-Соломон Мовшович. Одан Янкель Мираимович; Яков Михайлович Свердлов болған. Әкесі – Михаил Израилович Свердлов, шешесі – Елизавета Соломоновна).
Ресейдің белгілі тарихшы-жазушыларының бірегейі В.Шам­ба­ровтың «Я.Свердлов. Оккультные корни Октябрьской революции» кітабынан үзінді:
«…1918 жылы мамыр айының 20-сы күні Бүкілодақтық Орталық Атқару комитетінің жоспарлы мә­жілісі күн тәртібіне «Советтердің деревнядағы міндеттері» мәселесі қойылып, комитеттің төрағасы Свердлов баяндама жасап, шаруа­ларға қатысты жаңа бағытты жария етті. Ол былай деді: «Біздің деревнядағы міндеттеріміз туралы мәселені қарауымыздың маңызы зор, біз онда не істеу керектің негізгі мақсатын көрсетуге тиіспіз… Біз қалалардағы ірі буржуазияны «өлтіре» алсақ та, деревняларда әлі де өйте алмай жүрміз… Сондықтан деревняда бір-біріне қарсы өшпенді екі топ жасау жайындағы аса маңызды міндетті шешіп, кедей көпшілікті кулактар әулетіне қарсы қоюымыз керек. Егер біз деревняны бітіспес жаулық пиғылдағы екі лагерьге бөле алсақ, егер араларына от салып, жақында ғана қалаларда болғандай Азамат соғысын аша алсақ, егер деревня кедейлерін деревня кулактарына қарсы көтере алсақ, қалаларда істегенімізді деревняларда сонда ғана жүзеге асырамыз… Мен деревнядағы жұмысымызды жоғары деңгей­де атқаратынымызға күмәндан­баймын!»
Свердловтың «Жер туралы дек­рет» қабылданған сол мәжілістегі сөзі деревняға, шаруаларға қарсы құтырық жорықтың басталғанын айғақтады.
Л.Троцкиймен ымы-жымы бір Свердлов Жер мәселесі жөніндегі Халық комиссары Середа екеуі БОАК нұсқауымен құрылған «Селошаруашылық коммуналары» мен «Кедейлер комитеттерінің» 1918 жылы желтоқсанның 11-і күні өткен құрылтайында деревняға еселеп соққы берді. Коммунаның бағдарламасы толықтырылып: «Коммуна мүшелерінің барлық мүлкі ортаға салынып, өздері казармаларда тұруға тиіс. Жалақы болмайды. Тамақты коммунаның асханасында ішеді. Балалары ұжымдық тәрбие орындарына беріліп, сонда өз күндерін өздері көретін болады», – делінді («Қазақстанда кіші Октябрь революциясын жасамай болмайды!» деп аттандаған Филипп Исаевич (Шая Ицикович) Голощёкин Свердловтың досы, қолшоқпары болыпты).
Ал сталиндік ұжымдастырудың талабында («Большая энциклопедия»): «…Колхозшылардың үй-жайлары, қора-қопсылары, құрал-саймандары, ұсақ малдары, үй іргесіндегі кәсіби жер телімі өздерінде қалдырылсын» делінген.
Халықты Совет өкіметіне қарсы қою үшін жер-жердегі троцкийшілдерге бай-кулактарды қолдағы байлықтарын қорғауға, билікке бағынбауға астыртын үгіттеу туралы нұсқау берілгені сөзсіз. Бұлай деу себебім: журналшы жолым басталған жылдары «ашаршылық», «халық жауы» туралы жазуды ойладым. Ол сұмдықтар жайында сан қилы сөздерді мен де естіп өс­тім ғой. Жазуды ауылымыздың көнекөз, кәріқұлақ ақсақалдарымен әңгі­ме­лесуден бастадым. Бес қарт бар еді, солардан естігендерімнің түйіні былайша: «Колхоздастыру» жүргізіле бастаған 1931 жылдың жазында біздің ауылға жоғары жақтан «ұжымдастыруды қолдау насихатын жүргізу үшін» келген қаратаяқ қазақ жігіт жұртты жинатып, «Совет өкіметінің коллективизация саясаты халыққа жақсы болатыны» жайында құлшына сөйлейді де, жиналыстан кейін, іңірде, Жамабек байды және алты орта шаруаны оңашалап алып, оларға: «Совет өкіметінің беті жаман! Мен мұны сіздерге ғана айтып отырмын, көпшілікке айтуға болмайды, сотталып кетемін. Бұл өкімет «колхоз болу дұрыс» деген алдаумен малдарыңды түгелдей тартып алып, ортаға салады. Өйткеніне көнбегендеріңді жер шетіндегі – итжеккен деген, мұз басып жатқан айдалаға айдап сорлатады! Ол ол ма, дүние-мүліктеріңе қоса қатындарың мен қыздарыңды ортақ етіп алады! Сол қиянатты көре бастаған ауылдардағы есті адамдар мынау іргедегі Қытай деген жайлы елге жасырын көшіп кетіп жатыр. Сендер де сөйтіңдер, кеш қалып жүрмеңдер!» – деп шошытқан. Жамабек байдың 300 шамалы жылқысы, 400-ге жуық қойы, 20 шақты сиыры бар екен, сол бірнеше күннен кейін жоқ болып кетіпті. Сөйтсе, малын алдына салып, жалшыларын алып, Қытайға түнделете жасырын өтіп кеткен екен… 31 үйлі ауылдың кедей-кепшік 19 үйі қалған да, басқалары Қытайға, Моңғолияға, Ресейге ауып кеткен, біраз малы барлардың кете алмағандары: «Сәбетке бұйырғанша, ит-құсқа бұйырсын!» – деп, малдарын сай-салаға апарып қырып салған, өзенге тастап, ағызып жіберген. «Адамның тілінен аспандағы бұлт айналады» деген сол. Советке іштей қарсы арандатушылар табиғаттың тарынуынан басталған ашаршылықты солайша асқындырыпты…

(Толық нұсқасын газеттің №21 (3655) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір