Олжас Сүлейменов: МАҚТАУ мен МАДАҚТЫ ОҚЫСАМ… ЫҢҒАЙСЫЗДАНАМЫН
31.05.2019
422
0

18 мамыр күні Алматыдағы Ұлттық кітапхананың Е.Тұрсынов киноклубында Олжас Сүлейменовпен кездесу болды. Дәл осы күн әйгілі шайырдың туған күні еді. 83 жас. Киноклуб залының сахнасына қарай алшаңдай басып барып, тепкішектерді теуіп шыққан Олжас Омарұлы, тіл – көзіміз тасқа, орда бұзар отыздағы жігіттей саңлақ көрінеді. Ақын мен оқырман арасындағы жүздесуді тарих ғылымдарының докторы, профессор Сағымбай Қозыбаев жүргізіп отырды. Сахна төріндегі шағын үстелдің басына жайғасып, қолына микрофон тиісімен Сағымбай Қабашұлы: «Мен бұндай жиынды тез өткіземін, оның үстіне «по-казахбайский» сөздерді жаратпаймын, сөйлейтіндер қысқа да нұсқа сөйлеңіздер», – деп бірден ескерту жасады. Содан соң: «Сіздің баритоныңызды сағындық», – деп, микрофонды туған күн иесіне ұстатты. Осы кезде залда отырған көпшіліктің арасынан Амантай қажының дауысы естіліп қалды. Ана ғасырда құрылған «Аттан!» қозғалысының төрағасы Олжекеңе естіртіп, «Бас қамшыны!» дегендей болып еді, әзіл сөзге ұста ақын: «Бүгін өзі не айтуға болады? А, иә, шамасы, мына сайлау науқаны туралы айтуға болатын шығар. Сайлау демекші, бұл сайлаудың талабы күшті екен. Сайлауға үміткер ретінде қатысу үшін құшақ-құшақ құжат жинайды екенсің. Оның ішінде психдиспансерден деніңнің түзіктігін куәландыратын анықтама әкелуің керек екен. Соны ескеріп, Амантай қажыға: «Сен биылғы сайлауға түспей-ақ қой, келесі сайлауға дайындал», – деп ақыл айттым. Ол менің тілімді алды», – деді. Залдың әр тұсынан үзіліп-үзіліп күлкі естілді. Өзіне аса берілген оқырман ортасын осылайша желпінтіп алған ақын Алматыдан және Мәскеуден шыққан кітаптарына тоқталып, баспагерлерге рақмет айтты. Өзі жайында жазылған пікірлерге де ризашылығын білдіріп: «Қайсыбірі, тіпті, мадағымды асырып жіберіпті. Оқуға ыңғайсызданасың. Әйтсе де, соның бәрі ақжарма көңілден шығып жатқан сөздер ғой, мақтау мен мадақ болса да, адамға ой салады, шабыттандырады, жаңа бағыттарға жол сілтейді», – дегенді айтты. Сосын «Олжас Сүлейменов кітапханасы» баспасынан жарық көрген «Жастық шақ жырлары» («Молодые стихи») кітабын қолына алып, Сағымбай Қозыбаев сағынған баритон даусымен өлеңдерін оқыды.

ЖАСТЫҚ ШАҚ ӨТКЕННЕН КЕЙІНГІ ӨЛЕҢ… ӨТІРІК

– Ақын өлеңді жас кезінде жазып қалуы керек. Жастық шақ өтіп, шау тартқаннан кейінгі өлең – өтірік, ол өлеңде фальш көп болады, – деді ақын. – Ал, прозаға асықпай келген абзал. Қырық жастан басталған прозадан байсалдылық көреміз. Ақын өлең жазбасын демеймін, жазсын, бірақ, жасына қарай жазғаны жөн. Бірде, аты-жөнін айтпай-ақ қояйын, мемлекетаралық беделі бар бір ақынымыз өлең оқымақ болып сахнаға шықты. Ақсақалды сәмбі талдай солқылдаған екі қыз қолтықтап апарып, сахнаның төріне тұрғызған. Біз ақыннан бұрынғы буырқанған жырларын күтіп едік. Жоқ, ол кеше-бүгін жазған, сиясы әлі кебе қоймаған бір өлеңін оқыды. Онысы мә-хә-ббәт туралы екен. Күлдік. Өйткені селкілдеген шалға жараспайтын өлең. Сол кезде маған «өлең жазуды уақытында доғару керек» деген ой келе қалды. Мен қазір жазсам, адамзаттық, ғаламдық мәселелерге мән беріп қана жазамын.
«Жастық шақ жырларын» оқу алдында осындай ой айтып өткен ақын атақты «Волчата» өлеңінен бастады. Кітап бетіне анда-санда көз салғаны болмаса, өлеңдерін ол тегіс жатқа соқты.
83 жасында!

МАНДЕЛА ЛЕНИН АТЫНДАҒЫ СЫЙЛЫҚТЫ АЛА АЛМАДЫ

Олжас Омарұлы – кешегі Совет одағының темір құрсау, тар шеңберінде жүріп-ақ әлемді шарлаған шайыр. Ол 1961 жылы 25 жасында үстіне төгілген қара костюм-шалбар киіп, алау атқан қызыл жейдесінің омырауын ашып тастап, АҚШ-тың Колумбия университетінде, Париждің Сорбоннасында өлең оқыды. Ол әр уақта КСРО-ның шетелдерге шығатын делегациясының құрамынан табылатын.
Жастайынан жаһан кезген сәттерін еске алған туған күн иесі Лондонда алғаш рет Нельсон Манделаны көргенін баян етті:
– Ширек ғасыр бойы абақтыда сартап болып жатқан Оңтүстік Африканың көсемі – Нельсон Мандела бұғаудан босаған соң халықпен кездесуге мүмкіндік алды. Манделамен кездесу Лондонда өтті. КСРО-ның шетелдермен байланысқа шығып тұратын адамдарымен бірге Лондонға мен де бардым. Оның алдында мен ОК-ға «Манделаға Ленин атындағы КСРО Мемлекеттік сыйлығын берейік» деп ұсыныс жасағам. Ұсынысымды жоғарыдағылар құп алды. Сөйтіп, сол сыйлықты Лондондағы кездесу үстінде Манделаға беретінімізді білдірдік. Мандела мәз болды. Ол табиғатында коммунистеу адам еді. Маркс іліміне жетік болатын. Бірақ, еліне барып, билік қолына тиген соң, оны айналасындағылар айнытса керек, «сыйлығым қайда?» деп сұрай қойған жоқ. Біз мына жақта ыбылжып жүргенде, оған Батыс Нобельді тарту ете салды. Сөйтіп, біз Манделадан «айырылып» қалдық (күлді)…

Д.Қасенұлы

(Толық нұсқасын газеттің №21 (3655) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш e-mail не будет опубликован.

Пікір