ЗАУРХАННЫҢ БАҚЫТЫ
14.05.2019
904
0

Тұрысбек Сәукетаев

(«Бұлағай» романынан бір тарау)

Колбиннің «Тұрғын үй – 91» программасын чиновниктер партияның бастайтын да тастайтын әдеттегі айғайшыл көп қызылтанау науқанының бірі ретінде мысқылмен енжар қабылдаса да, былайғы жұрт арасында зор дүмпулі серпін тудырды. Әсіресе, жатақхана мен жат босағаны сағалап, жылдар бойы баспана зарын көрген жаутаңкөздер алдарынан жылт етіп үміт сәулесі жанғандай, алабұртып әр күннен жақсылық күтті, игі тілекпен емексіді.

Бұрын «жас кадр», «керекті маман», «расширение», «жалғызбасты ана» … деген желеумен ым-жымы бір басшылар өздерінің жақын-жуық жұрағат, сыбайластары, одан қалды қойыны ыстық көңілдестерін жарылқап, көз жасы көл боп жүрген талай сорлыны сыбағасынан қағатын. Жаңа тәртіп бойынша ол категориялар уақытша жеңілдіктен алып тасталынған соң, бармақ басты-көз қысты қиянаттың жолы аздап болса да қиылды. Енді бастықсың ба, бас­қасың ба – тәртіп ортақ, кімнің кезекте тұрған уақыты көп, үйді сол бірінші алмақ. Алматыда алғашқы төрт айдың ішінде он-он бес жылдап кезекте тұрған үш жүзге жуық адам пәтерге енді. Шын зәру, зарыққанның қуанышы да оқшау, зор ғой. Кілт алғанда, бірі сенер-сенбесін білмей өксікке тұншығып, кемсеңдеп жылап жібереді, бірі еденге шалқасынан түсіп талып қалады. Алматының әр тұсындағы жаңа үйлердің төрінде, асығыс-үсігіс жайылған газет-дастарханда шампан атылып, шалқалай ашылған терезелерден қуанышты әндер шалқып жатты… Бәрінің аузында – Колбин. «Айналайын Көлбай ағамыз келіп көзіміз ашылды ғой. Ол болмаса, осы күнге жетер ме едік!!!» – дейді қырлы стаканды әуелете өзеуреп. Тіл сөзі емес, жүрек сөзі тереңнен тебіреніп шыққан.
Бүгін Заурханның үйінде де «ақ түйенің қарыны жарылып» еді. Заурхан – отыздың жуан ішіне ілінген қалың, қызыл бетті, салпы ерін, шой желке сақа жігіт. Жотасы жапырылған майлы, талпақ танауы енесін емген бұзаудың тұмсығындай жылтырап, ұшында бұршақтай безеу қызарып тұрады. «Сантехмонтаж» тресінде істейді. Бөтелкені көрсе, көңілін жықпайтын осалдығы бар. Бұл жерде істейтіндердің бәрі ішеді, қатын демей, ер демей. Сондықтан мұнысын өз басы мін санамайды. Бәлки, қиюы қашқан қыңыр тірлікке күйінгеннен ішетін шығар. Өзі солай ойлайды. Ойламай қайтеді. Төрт бала, кәрі шешесі қолында, бір қора жан он шаршы метрлік жатақхана бөлмесінде тұрады, қамалған малдай сығылысып. Кемпір де осы басына сор болды бір жағы­нан. Аузы жыбырлап, тыныш отыруды білмейді. Келінінен жаман адам жоқ.
– Қараң қағыр, жуынды ішетін бол­дық қой. Үнді шайың қайда әнеу күнгі, шал­майшың ба шым-шымдамай!
Қатыны түскірдің де тілі салақұлаш. У жыланның тіліндей айыр тілін сұғып-сұғып алады:
– Төркініме жіберіп жатырмын! Бес пәшкіні бес ай ішейін деп пе ең?..
– Ойбай, мынауың ет пе, көн тері ме? Қу шәндырды жұлқылаймын деп жалғыж тішім шынатын болды ғой. Жөндеп неге пішірмейсің!
– Қу тәщәкті жеті сағат қайнаттым. Енді кәйт дейсің!
– Көтек, не дейді? Тәшәгі неші, құдай?
– Не естісең – сол! Баласы бір күреп тауып жатқандай. Айт алқашыңа, атауын ішпей, шешесінің тісіне жұмсақ қазы-қарта сатып әкелсін. Осы өлексені жарты күн кезекте таласып-төбелесіп жүріп әзер алсам, «тішім, шәндір» дейді ғой райкомның қатынындай кергіп!
– Райкөм немене, көктен түшіп пе, о да бір жаман қатынның бұтынан шыққан шығар. Біждің байымыз да бригәд болған! О неші-ей, тіпті! Балаң алқаш дейді ғой, ішше, өз ақшашына ішеді. Шені де, ана боқташақтарыңды да ашырап отырған жоқ па! Күреп таппаша, ана аужыңдағы алтын тіш не, әкең шалдырып берді ме?
– Пішту, алтын. Жылтыраған жез. Соттатып жібермегеніме тәубә деңдер. Жетіскеннен салдырдым ба, өзі емес пе ұрып сындырған талай рет!
– Шендей қатынды ұрған аз. Битің шеміріп, әбден құтырып алғаншың. Бая­ғыда-ақ көттен теуіп қуып шығу керек еді!
– Мен жаман екем ғой сендерге. Баласын тауып, алжыған қақпасын бағып, боқтарыңды мыжып отырсам да мен жақпаймын. Тауып бер ендеше жақсы қатынды алқашыңа!
– Тауып берем! Менің балама он шегіздегі қыз тиеді былқылдап тұрған. Тіпті орыштың қызын ап берем шекешінен шертіп, шашы шап-шарышын!..

(Толық нұсқасын газеттің №19 (3653) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір