САКСОФОН САЗЫ
Корнелиус Петкау (1936-2013) – ресейлік неміс ақыны, жазушы, музыкант. Сегіз кітаптың авторы. Өмірінің соңғы жылдарын тарихи Отаны Германияда өткізген.
Корнелиус Петкау
(новелла)
Кригер қатты науқас. Кейде одан: «Курт, қалайсың?» – деп сұрап қоямын. Сонда ол: «Шүкір, тәуірмін. Егер ертең жел көтерілмесе, қыздарға барайық», – дер еді. Сосын тағы шамалы орысшасымен: «К дояркам колхозным», – дегенді қосатын. Орыс абақтысында өткен жеті жыл ішінде аз-маз орысша тіл сындырғаны бар.
Қазір де оған барғанымда Астрахань маңында өткізген күндерін тілге тиек етер еді. Сосын өзі әзірлеген шоколадпен шай ішеміз. Курт соғысқа дейін кондитер болып істепті. Кейін әскер қатарына Солтүстік Африкаға шақырылса керек. Ал 1941 жылдың тамызында Мәскеу бағытындағы Шығыс майданына баруға мәжбүр болады. Алайда Гитлердің адамзатқа қарсы бағытталған миға қонымсыз зұлымдық әрекетіне көз жеткізген ол келер жылдың аяғына таман өз еркімен орыстарға беріледі. Оның бұл қылығын айналасындағылардың кейбірі құп көрмеді. Әсіресе, Рудольф құрдасы: «Егер орыстардың жолдары тастақ әрі қыстың 41-42 градусқа дейін баратын сақылдаған сары аязы болмаса, сөзсіз, біз жеңер едік» – дегенді жиі алға тартатын. Бірақ отандасы Бисмарктан: «Ресеймен неге соғыспадың?» – деп сұрағанда: «Ақымақтық – Құдайдың жіберген сыйы болғанымен, оны пайдалануға болмас» – дегенін ішіне бүгіп қалатын.
Курттан жиі шақырту алып тұрамын. Біз оның ойлы-шұңқырмен жүре беретін автокөлігімен Висбаден маңын аралап, өмір жайлы сыр шертісетінбіз.
Кейде оның «Eunuch» деп аталатын үлкен қайығына отырамыз. Қайығы соңғы үлгімен жабдықталған. Егер қожайыны тура сағат он үште түскі асқа отыра қоймаса, уақыт болғанын хабарлап, дыбыс береді. Ал түстен кейін қайық оны жұмыс бөлмесіндегі демалатын орнына шақырады. Қайықтың мысықша мияулап дыбыс бергені «Ұйқыңды қандырып ал. Түнде тағы өзіңмен-өзің сөйлесесің. Ал мен болсам, жүзінші рет Нарофоминскідегі соғыс пен Астрахань маңында тұрған орыс қызы Лидия жайлы тыңдауға мәжбүрмін» деп тұрғандай әсер қалдыратын.
…Лидия еш қорықпастан тұтқындағы Куртпен жасырын кездесіп тұрды. Лагерь жанындағы ағаш көлеңкесінде табысқан іңкәр сезімнің соңы қыздың бойына нәресте бітуіне ұласты.
Соғыс кезінде қыз баланың оң жақта отырып жүкті болуы масқара саналатын. «Өлімнен ұят күшті» дегенді қаперіне алған қыз жұрттың сөзіне ілінбей тұрғанда қарасын батыруды жөн көрді. Аласапыранда ауылдан кету қияметтің қиыны болғанымен, «Сібірге құрылыс нысанын салуға кетіп барамын» деген сылтауды көлденең тартты.
Қоштасар сәтте қыз мұның жолын екі көзі төрт болып тосатынын, тек өзіндік болатынын айтты. Шынымен-ақ, ыстық сезімнің осымен біткені ме? Бәлкім, ол шынымен де әлі күнге күтіп жүрген шығар? Бәрі де мүмкін. Соғыстан кейін Ресейде еркек кіндік қалмады ғой. Көбі ұрыс даласында, лагерьлерде дамылдады…

Неміс тілінен аударған
Рауза МҰСАБАЕВА
(Толық нұсқасын газеттің №18 (3652) санынан оқи аласыздар)