Мұнар кешіп мұңым жүр
02.05.2019
3102
0

Жанат ӘСКЕРБЕКҚЫЗЫ

***

Менің шағын күркем бар
тау ішіне тігілген.
Күйбең күнді қалдырып, соған бардым бүгін мен…
Шағын күрке ішінде ауа қандай ғажайып,
Әуен қандай сұңғыла жүрегіме үңілген!!!
Күйбең күннің сүреңін ұраншыға қалдырып,
Тауға апарар соқпақты қиялыммен
шаң қылып,
Шағын күрке ішіне келіп кірдім…талтүсте
Қиқулаған көп дауыс кетті
адасып, қаңғырып…
Менің күркем, білсеңіз, ертегінің жұрнағы,
Қазына бар ішінде – бір ғажайып бұл-дағы…
Өзім ғана сезініп, өзім ғана көрейін,
Сіз білмей-ақ қойыңыз кереметті мұндағы…
Менің шағын әлемім – жүрегімнің шырағы –
Тау ішінде бір жарық – жанымды
арбап тұрады.
Талқысына түскенде қиқуы көп жалғанның
Емдеп жазар сиқырмен сезімімнің тұрағы…

* * *

Тау ішінде кім бар-ау?!
Дауысым ұшып бара жатты шыңға анау.
Айтылмайтын сөз жылайды ішімде
Мүмкін бе еді оның шерін тыңдамау…

Мұнар кешіп мұңым жүр,
Таудың іші неге мұнша бұлыңғыр?!
Жар басына жарты лашық тіккенмін –
Үнсіздікке тұтқын болған үнім бұл!

Бар жұмбағым бұл менің!
Жоғалғаным – лашыққа кіргенім.
Таң қаласың, жалғыз жаяу, сен неге,
Тау ішінен арман іздеп жүр ме едің?!

Мына тұрған мені елеп,
«Сәлем бердік, замандас», – деп келе кет.
Таң біліне тауды тастап кетемін,
Сұрамашы, өтінемін, «неге» деп…

* * *

Сені іздеп жүрген десе, мені егер де,
Сене көрме!
Сені емес – бір мезетті жоғалтқанмын,
Ол жайлы сыр шертемін тек өлеңге…
Іздемен. Іздегем жоқ мен ешкімді,
Қағады есігімді елес түнгі…
Мен болсам, кетіп қалдым түс еліне
Жүректен құлап кеткен сен есті үнді…
Сен жүрген жұмбақ әлем маған бөтен,
Мен жүрген жер болар ма саған мекен…
Айтпақшы, біле салшы, екеумізді
Танитын ғажайып сәт аман ба екен…

* * *

Ақша қардың үстінде алқаракөк түн көлбеп,
Қатарласып келеді, «өзіңді іздеп жүргем» деп…
Жан жылайды тән атты көлеңкенің ішінде –
Жалын шарпып өзегін, өне бойын мұң кернеп.
Ақша қардың үстінде ізім жатыр тіл қатпай,
Жүрегімнен үн-түнсіз сырғып
түскен жұмбақтай…
Еріп келіп, кіре алмай, қалды іркіліп түн неге?!
Кете алмады, тағы да… есігімді тұр қақпай…
Жан өксуін доғарып, тұңғиыққа сүңгиді,
Есігімнің алдында есі жоқ түн мүлгиді…
Алқаракөк әлемнің өкініші мөлдіреп
Қараңғыға малынған кірпігімнен сырғиды.
Іздеді екен несіне…Ұмытты ма не дерін?!
Бір ғайыптан жетеді «есігіңді аш», – деген үн.
Қалдыра алмай бұл түнді есігімді
қайта аштым –
Құшағында өйткені… өксіп отыр өлеңім…

(Толық нұсқасын газеттің №17 (3651) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір