Өскенмін бозқараған түбінде ұйықтап
24.10.2015
1775
0

скачанные файлыМінуар  ӘКІМХАНОВ

 

540285_1453155400______________________________БОЗҚАРАҒАН

Ағаш қой сырты қораш, бозқараған

Десең де арнап айтар сөз бар оған.

Тереңге тамыр жайған бұл мықтыға,

 Талайлар таңдай қағып, көз қадаған.

Жас шақта тана мініп, мұрындықтап.

Өскенмін бозқараған түбінде ұйықтап.

Жел соқса пана болған бұл ағаштың.

Қадірін есіме алдым бүгін мықтап… 

Үніне құлақ тосып құстың, желдің

Жағасын бұлақ өзен, құшты көлдің.

Көздерден құлап түскен нұр ма деймін

Жауып тұр жасыл шұғыла үстін жердің.

Батады кейде сазға тілерсектен.

Бұл шыққан қайсарлық қой білем шектен, 

Осының өзінен-ақ сезіледі

Жолы бөлек екені тілемсектен.

Кешсе де саз балшықты бозқараған,

Мейірімді анасы бір боз дала оған.

Қашан да туған жерден жерімейтін,

Таниды махаббатын көз қараған.

Үніме құлақ ассаң бозқараған,

Мен емен, саған жалғыз көз қадаған.

Қолымда құдірет болса дер едім-ау,

Бір сәтке тіл бітіріп, сөз бер оған.

 

НАУРЫЗҒА НАЗ

Дос болсаң игілікті іс бастаған,

Алдымнан аш Наурыз із баспаған.

Мінеки, қол алыстық сен келгенде,

Сеземін қосыларын бір жас маған.

 

Көп күткен мейманымдай асыл дара,

Төрге оздың есігімді ашып жаңа.

Ақ жүзің албырап тұр, мен де өзіңдей

Жас едім күні кеше шашым қара.

 

Бар шығар бізге әкелген құптар ісің,

Арала аймағымды жұрт танысын.

Бастауы бақытымның өзің болып,

Ізіңе басып өткен құт дарысы.

 

Сыйлағың келсе егер де жарқын ғұмыр,

Нұрыңа шомылдыршы халқымды бір.

Осынау кең далаға сені еске алар,

Ескірмес орнатайық алтын тұғыр.

 

Өзіңдей кез келгенде жылға кұтты,

Айқындап алайықшы шын бағытты.

Мейлінше мейіріне тойынған соң,

Қандырам қалауынша жырға жұртты.

 

Бойыма ұялатып серпін-жігер,

Наурыз әңгімеңді шертіп жібер.

Аймақты аралауға аттанарда,

Сен маған ел қатарлы еншімді бер.

 

АЙҒАЙТАС

Жасырып кешегі ізін қанды айқастың,

Қапталын қар басады «Айғайтастың».

Жеткенде ашаршылық зобалаңы,

Көп қазақ бас сауғалап шалғайға астың.

 

Ой-қыры араласам «Айғайтастың»,

Көнерген көрем ізін қанды айқастың.

Кім білсін, тобылғылы шатқалдарда,

Жатқанын қаңсып қазір қандай бастың.

 

Баурыңнан  бастау алған Сүмбе өзені,

Санайды сені биік қыр көсемі.

Суынан сол өзеннің сезіледі.

Аштықтың ащы дәмі сүр кезеңі.

 

Шаруалар баурайыңды қоныс қылды.

Дүниеге келген еді көп іс құнды.

Аштықтың салдарынан шекара асқан,

Қазақты қаруланған орыс қырды.

 

«Банды» деп басын кескен «кеңес» тақыр,

Кім сірә, Мергенбайды демес батыр?

Тарихтың қойнауына сіңіп кеткен,

Көп сырды толқынға орап Текес жатыр.

 

Демегін керегі не маған мұның?

Қашан да араздатпас бағаңды ұлың.

Байқаймын басқан ізін Мергенбайдың,

Өзенін өрлей қалсам Қабандының.

 

Өжеттік өн бойына жақсы дарып,

Жататын атқан оғы тасты жарып.

Қызылдың қысымынан сол Мергенбай,

Қытайдың топырағын басты барып.

 

Кешегі қызылдардың заң кесімі

Тимеді бұл қазаққа қай кесірі?

Бостандық жолында өлген Мергенбайдың,

Халықтың көкейінде қалды есімі.

 

ШӘЛКӨДЕ

Сөзіммен бет-бедерін салам жердің,

Дедім де бүгін міне, саған келдім.

Жарқ етіп алдан шыққан Шәлкөдеден,

Жұпарын жұтайыншы самал желдің.

 

Жерімсің аттың басын қалап бұрған,

Сәлем ал, өзіңде өскен талапты ұлдан.

Есен бе, еңселі тау Айғайтасым,

Қасқайып қарсы алдымда қарап тұрған!

 

Тереңде тарихым бар, түсін батыр.

Дегендей Шәкірамбал тұсыңда тұр.

Ол жәйлі көп естіген сырлы әңгіме,

Жыр болып ақ қағазға түсіп жатыр.

 

Өзіңсің ата-қоныс, көне аймағым,

Іске асты сенде жүріп көп ойдағым.

Естігем ескі көзден өзеніңе,

Райымбек суарыпты «Көкойнағын».

 

Тарихын бұл аймақтың көп біліп қал,

Алдымен үлкендерден тектілікті ал. –

Дегені әкеміздің есімде жүр,

Өсірген жәй кісі еді төрт түлік мал.

 

Түзкөлдің қабылдауға бір кез емін

Байпақтың басып өтем қыр кезеңін.

Құйқалы құтты қоныс Жабыр бүгін,

Тигізіп жатқан шығар елге себін.

 

Атақты Ойқарағай көмір кені,

Ауылға айналыпты ең іргелі.

Әнеки, қол бұлғайды бізге кел деп,

Адамы аппақ қардай көңілдері.

 

***

Болғаным жоқ, алымды да, шалымды,

Аяқтарым тасқа талай шалынды.

Сәл ағаттық жасай қалсам жақтырмай,

Кейбір мықты қағып алды «шаңымды».

 

Оған бола омақасып ықпадым,

Қолға ұстаған арман туын жықпадым.

Әлдекімдер әлсіз санап жүрсе де,

Өзімді-өзім іштей шыңдап, мықтадым.

 

Міне осылай алға аттадым, тынбадым,

Жан қуантар жақсы әуенді тыңдадым.

Жалт еткенде жаза қалсам бір өлең,

Сөзім өткір, болсын дедім тіл батым.

 

Жүрме оқушы мықты ақынға жорып бір,

Олқы болса ойларымды толықтыр.

Жер тануға сапар шексем алысқа,

Деймін іштей жақсылыққа жолықтыр.

 

Бөлген жоқпын, мына туған ірге елден

Пенде емеспін, жан дүниесі кірленген.

Сырды бүкпей айтам жұртқа қашанда,

Бұл көңілім қалар ертең кімдерден?

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір