КЕЙ АДАМНАН ЖЫЛҚЫ АРТЫҚ…
23.04.2019
1511
0

Жайдарбек КҮНҒОЖИНОВ:

Атқа мінсе, қаны қызбайтын қазақ жоқ. Кісінеген үнінің өзінен-ақ рухымыз асқақтай жөнеледі. Көсілген кең даланы дүбірге толтыра жүйтки шауып келе жатқан қас жүйрікті көргенде, делебеміз қозбай тұра алмаймыз. Ер үстінде қасқайып тік отырған жүректі де намысты шабандозға дем бере жер-дүниені қиқуға бөлейміз. Көкке шапшып, бас бермес асауды ауыздықтау да қазақтың ғана қолынан келердей. Өйткені жылқы – қазақтың жаны. Халқымыз өзінің жылқымен егіз жаратылғанын өзгелерге паш етіп жүрген айбынды ерлерден де кенде емес. Солардың бірі – каскадер дейтін қиын да қауіпті кәсіптің иесі, Қазақ мемлекеттік циркінің қызметкері (ат акробати­касы тобының жетекшісі), халықаралық «Nomad Stunts» каскадерлар тобының басшысы, әлемдік деңгейде трюктер қоюшы, ат үстіндегі өнерден шетелдік фести­вальдардың жүлдегері, Голливудқа шақырылған тұңғыш қазақ каскадері, актер Жайдарбек Күнғожиновпен сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

БҰЛ ӨНЕР МАҒАН ҚАНМЕН КЕЛГЕН

– Каскадерлік сіз үшін өнер ме, әлде кәсіп пе?
– Өнер де, кәсіп те. Қанша жылдан бері мемлекеттік қызметке, актерлікке шақырып жүргендер бар. Бәрінен бас тарттым. Қиын да қызық каскадерлік өмірімді ешнәрсеге айырбастамаймын.
– Жастайыңыздан ат құлағында ойнап өстіңіз бе?
– Иә. Мен қой бақса да, шөп шабуға барса да аттан түспейтін бала болдым. Туып-өскен жерім – Семей облысы Шар ауданы бұрынғы Октябрь ауылы. Ат үстіне алғаш алты жасымда отырғаным есімде. Содан бері айнымас серігім.
– Ат үстіндегі өнерді меңгеру қанмен келе ме, әлде біреулерге еліктеудің, тынымсыз жаттығудың, оқу-тоқудың нәтижесі ме?
– Бұл өнер маған қанмен келген. Батырбек және Қадылбек дейтін ағаларым Кеңес Одағы заманында Үлкен Мәскеу циркінде ат акробатикасымен айналысқан. Екеуі де бала күндерінен спортқа, әсіресе, гимнастикаға жақын болды. Батырбек ағам әскерден келген соң, Алматыда құрылыста істеп жүргенінде бір кісінің көзіне түсіп, циркке шақырту алады. Әуелі бір жылдай ат күтуші болып істейді. Сол уақыт аралығында қабілетін байқап көреді. Негізі, ат акробатикасын меңгеруге төрт-бес жылдай уақыт кетеді. Ағам бір жылда-ақ бәрін үйреніп алған. Екінші ағам Қадылбек те әскерден келе сала циркке жұмысқа кіреді. Содан жетекшілері: «Бауырларың болса, осында алып келіңдер. Бұл өнер сендердің қандарыңда бар екен», – дейді. Осылайша, әскери борышымды өтегеннен кейін мен де цирктен бір-ақ шықтым. Үш айдан соң жұмысқа кірісіп кеттім. Батырбек ағам біраз жыл Америка циркінде де істеді. Қазір Қазақстанда өзге кәсіп түрімен айналысады. Ал, Қадылбек ағам алты жылдан бері Қытайда тұрады. Ат үстіндегі өнерге дайындайтын жеке топтар ашқан. Яғни, әлі де саласында жүр. Жұбайым Альфия да каскадер. Шетелдік фильмдерде дублерлік етіп жүр. Үлкен ұлымыз да біздің жолымыздан алыс кеткен жоқ. Әскерден келгеннен кейін каскадерлікке кіріскен. Қазір Оңтүстік Африкада Брюс Лидің идеясы бойынша түсірілетін фильмге қатысуда.
– Мектеп бітірген соң цирк өнеріне қатысты білім алдыңыз ба?
– Біз үйде он екі бала өстік. Мен он бірінші баламын. Он төрт жасымда әкем, он алты жасымда анам дүниеден өтті. Содан ағаларыма, әпкелеріме арқа сүйеп жетілдім. Мектеп бітірген соң ағаларымның айтуымен әуелі мұнай-газ саласының инженері, сосын муниципалды басқару мамандығы бойынша білім алдым. Бірақ, екеуі де ұнамады. Күні бойы кабинетте отырып қағаз жазудан ішім пысады. Цирк пен жылқы мені өзіне тартты да тұрды. Ағаларымның «қауіпті іс, ақшасы да тұрақты емес» дегендеріне қарамастан, әрі қарай өзім қалаған жолмен кеттім. Жалпы, циркте істеу үшін бойыңда туабітті қабілетің болуы керек.
– Ерге күніне бір қонба­саңыз, жаныңыз жай таппайтын шығар?
– Күнде мінуге қазір қолым тимейді. Бұрын атты жаттықтырумен айна­лысқанмын. Бұйрық беру арқылы түрлі қимылдар жасатасың. Ол үшін 2-3 ай бойы күнде дайындау керек. «Мал иесіне ұқсамаса, арам өледі» дейді. Мал адамға тез үйренеді. Негізі, ат адамға жуи қоймайды. Табынынан бөлінбейді. Ал, менің аттарым алыстан шақырғаннан шауып келеді. Сенбі, жексенбі күндерін міндетті түрде аттарыммен өткіземін. Атқа міну, оны шомылдыру, жем-шөбін беру – мен үшін тамаша демалыс. Бала күнімнен үйреніп қалғандықтан іздеп тұрамын. Төрт жыл болды, циркте иппотерапия, яғни, атқа міну арқылы емдеу ісін жүргізіп келеміз. Өйткені ат адам­ға жағымды қуат сыйлайды. Бұл жайында алғаш Америкада жүргенімде теледидардан көргенмін. Сосын төрт жыл бұрын бізге бір әйел келіп, осы туралы айтқан еді. Өзім де ғаламтордан оқып, көп ұзамай циркке арнайы төрт ат алдырып қойдым. Мамыр айынан қар түскенше церебралды салдануға (ДЦП) шалдыққан балаларға көңіл бөлеміз. Ипподромға барса, олардан біраз ақша алады. Ал, бізде тегін. Ат үстінде отырған баланың науқас екенін сезеді. Бір орында тыпыршып тұра алмайтын тынымсыздарының өзі үстіне баланы отырғызсаң, тыныштала қалады. Ат терапиясының нәтижесінде құлан-таза айығып, тіпті, жүріп кеткен балалар бар. Бірде жұмысқа келе жатып, терапия жұмыстары жүргізіліп жатқан жерде бір әйелдің жылап тұрғанын көрдім. «Баласы аттан құлап қалған жоқ па екен?» деп қорқып кеттім. Жанына барып, мән-жайды білдім. Сөйтсем, тоғыз жастағы қызы туғалы бір күлмеген екен. Бізге келген соң, екінші күні-ақ атқа мінгеннен күлгенін көріп, көңілі босапты. Жалпы, дүниежүзілік медицинада ауру балаларды осылайша жан-жануарлармен тікелей байланыс арқылы емдеу тәсілі кеңінен қолданылады. Олардың көшбасында дельфиндер тұр. Екінші – ат. Үшінші – ит (лабрадор тұқымы).
– Қобыланды десе – Тайбурыл, Алпамыс десе – Байшұбар есімізге түседі. Ал, сіздің серіктеріңіз қалай аталады?
– Негізі, бізге аттар сатып алғанда құжаттарымен келеді. Онда қалай аталатыны жазылып тұрады. Өзіміз де түсіне, тұрқына қарай жаңа ат қойып алатын кездер болады. Мәселен, осыдан 15-17 жыл бұрын Ресейден бір көк ат келген. Жалы аппақ болғандықтан, Ақжал атап кеттік.
– Аттарыңызбен сөйлесіп, әңгімелесесіз бе?
– Қандай да бір қиындықтар туындай қалса, міндетті түрде атыма мінем де, итімді ертіп алып, оңаша жүріп қайтамын. Атымды құшақтап, жалынан сипап, өз-өзіме келемін. Соның өзінен-ақ жылқы жарықтықпен ағыл-тегіл сырласып, әңгімелескендей күй кешемін. Ат деген иесіне адал, таза, текті жануар ғой. Жалпы, атты еркелету керек. Ұруға болмайды. Үркіп қалады. Өзім аттарымды «алтыным» деп еркелетемін. Кей адамдар оларға қант, нан беріп жатады. Алайда мұның зияны көп. Бұлардың орнына сәбіз берген дұрыс. Атқа мінген соң күнде шомылдырасың. Құшақтайсың. Ертеңіне келгенде шошымайды. Сені кісінеп күтіп тұрады. Басқа киім киіп алсаң да, танып қояды. Ер әкеле жатқанда шошымайды. Артқа шегіншектемейді. Ат ит сияқты емес. Адамға бағынуы қиын. Ақылды. Бәрін дауыс ырғағыңнан-ақ аңғарып қояды. Ұрысып сөйлесең, ештеңе істемей тұрып алады. Сондықтан бала сияқты қарап, «келе ғой, тоқтай ғой» деп еркелетіп сөйлеу керек. Бір атым бар. Жанына барсам, қолтығыма басын тығып алып, киімімді иіскеп тұрады. Ал, аттарға жоламайды.
– Цирктегіден бөлек жеке атта­рыңыз бар ма?
– Цирктегі де, киноға мінетіндеріміз де – өзімнің аттарым. Негізі, аттарға уақытылы егу жасап, дәрумендер беріп, тұяқтарын тазалап, тістерін егеп отыру керек. Тістері өсіп кетсе, ештеңе жей алмай қалады. Ал, ат күтушілердің мемлекеттің ­ аттарына дұрыс қарамайтынын байқадым. Соның салдарынан бірінен соң бірі өле беріп, екеуі-ақ қалды. Содан басшылықпен келісіп, мұнда өз аттарымды алдырттым…

Сұхбаттасқан
Мәдина СЕРІКҚЫЗЫ

(Сұхбаттың толық нұсқасын газеттің №16 (3650) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір