Біз үшеу едік
23.04.2019
674
0

Рәбиға Сыздықова,
академик

Біз үш лингвист, үш дос, үш құрдас, үш армандас едік. Үшеуіміз де бір мамандықты қалап, «ғалым болсақ» деген едік. «Үшеу» деп отырғаным – Әбдуәли Туғанбайұлы Қайдаров, Шора Шамғалиұлы Сарыбаев және өзім (Рәбиға Сәтіғалиқызы Сыздықова). Сол үшеудің екеуі бүгінде кетіп қалды. Әрине, қайда екені белгілі ғой…

Үшеуіміз ХІХ ғасырдың екінші жартысында халқымызды есінен тандыра жаздап, әбден жүйкесіне тиген, мазасын алған бес жылға созылған Екінші дүниежүзілік соғысы аяқталған жылы Алматыда кездестік. Үшеуіміз де «жоғары білім алып, ел қатарлы қызмет етсек!» деп армандаған жастар едік.
Үшеуіміз ұлан-байтақ қазақ жерінің үш аймағынан келіп қосылдық.
Әбдуәли тауда туып, тауда өскен: Ал­матының етегіндегі елдімекенде дүние­ге келген. Мен Қазақстанның батыс-сол­түс­­тігіндегі бұрынғы Бөкей ордасында, Жай­ықтың жағалауында, Құтқожин Сәт­ті­ғали деген азаматтың отбасында дүниеге келгем. Ал Шора Сарыбаев Жиделі-Байсын жерінде, казіргі Ташкент қаласының маң­ында туған.
Шора мен Әбдуәли бұрынғы Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік универси­те­тінде, мен Абай атындағы педагогикалық институтта оқыдым. Бірақ ол кезде бірге жүрмедік. Ғылымның бір саласы болғанмен, үш түрлі тармағында іздендік. Институт­ты бітірген соң бірден аспирантураға қабыл­дандық. Әбдуәли мен Шора бірден қорғады. Мен белгілі себептермен кешіктім.
Басты себебі – 1937 жылы әкем қуғын-сүргінге ұшырағандықтан, мен ары қарай студенттерге сабақ беріп, бала тәрбиелеуге жарамсыз болып шықтым. 1947 жылы инс­ти­тутты үздік бітіріп шыққаныма қара­мас­тан, «халық жауының» ұрпағы ретінде дипломым мектепке жарамай қалды. Ол кезде Алматыда бір ғана қазақ мектебі бар еді. Ол жерден орын табылмай, мектеп оқу­лықтарын шығаратын баспада кіші редактор болып жұмыс бастап, бір жыл көлемінде бөлім меңгерушісіне дейін көтерілдім.
Үшеуіміз бір-бірімізді сырттай танып, біліп жүрдік. Ол кезде ақын-жазушылармен, ғалымдармен кездесу, жиналыстар жиі бо­латын. Мұндай басқосулардан жастар қал­майтын, сондай кезде бір-бірімізді көріп жүрдік.
1946 жылы Қазақстан Ғылым Академиясы құрылды. Сонан соң ең алғашқылардың бірі болып Қазақ тілі мен әдебиеті ғылы­ми-зерттеу институты ашылды. Бірақ инс­тиуттың алғашқы қызметкерлері – бірі жай мұғалім, бірі дипломмен үйде отырған әйел болғандықтан, ғылыммен айналысатын дәрежеде болмады. Сөйтіп, жаңа кадрлар іздеді. Бізді оқытқан ұстаздарымыз – М.Балақаев, І.Кеңесбаев, Ы.Маманов және т.б аға ғалымдар ақылдасып, ғылымға бейімі бар жастарды іздестіріп, жинай бас­тады. Бірақ ол кезде жоғары оқу орнын бітіргендер өзінің қалаған жеріне бара алмайтын, қайда бос орын бар, қай жерде кадр жетіспейді – сондай аудандарға жіберілетін. Сонымен, институттағы ғалымдар саралап таңдап, тізім құрады. Тізімді Орталық комитетке өткізіп, оларды анықталған соң біздерді жұмысқа шақыра бастады. Ол кезде қажетті мамандар қайда жүрсе де, қызметтік хат жолдап, шақыратын. Соның ішінде мен де бармын. 1957 жылы наурыз айында академияға келдім (ол қағаздар әлі де еңбек кітапшамызда тұр). Институтта істеп жүргенімде біреулер архив қарап отыр екен. Мұны көріп: «Менің де еңбек кітапшам бар шығар. Онда не деп жазылды екен?» – деп қызығып, архивімді алдырдым. Сөйтсем, бұрынғы жұмыс орындарым, Ақтөбеде мектепте жұмыс жасаған жылдарым, баспадағы жұмысым – бәрі бар екен. Тіпті институтқа шақырылған бұйрық та тұр…

(Толық нұсқасын газеттің №16 (3650) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ