Қайдасыңдар, достарым?
Жоқшылыққа толы, әр үйге суық хабар әкелетін сұмырай соғыс жылдары – біз сәбиміз, ойымызға ештеңе кіріп, кіреуке түсірмейді, біз не болып жатқанын білмейміз, біз үшін бәрі ойын, күлкі, жалаң аяқ шапқылап, ертеден кеш батқанша далада көбелек қуып жүреміз. Жаппай қазақ мектептері жабылып жатқанын да білмейміз, «Орыс тілінде оқымасаң, бір түйір нан тауып жемейсің», – деп, бізді оқуға орыс мектебіне берді. Оқыдық, орыс тілін «ана тіліндей» үлгердік, бәрі жақсы, бәрі тамаша…
Бүгінгі күні әрбір мектеп бітірген баланың соңында ата-анасы, аға-нағашылары, туыстары топ-топ болып еріп жүреді. Ал біз өмірімізде көрмеген үлкен қалаға өз бетімізбен аттанамыз, әке-шешеміз қайда барамыз, не мамандық аламыз, қайда тұрамыз деген сұрақты алдына қоймайды.
Албыртқан, жайнаған, жарқыраған, еш уақытта естен кетпейтін, ұмытылмайтын студенттік өмірім есіме түсті. Асықпай фотоальбомымды ақтара бастадым.
О! Ескі фотосуреттер! Әп-сәтте мықты экскурсовод сияқты өткен қуанышқа толы, қызықты да жарқыраған, әнге, биге, күлкіге, махаббатқа, әзілге толы жылдар теледидардың алдында отырғандай тізбек-тізбек көз алдымнан өтіп жатыр.
«Жүз жылда жер жаңа, елу жылда ел жаңа» дейді ғой қазақ мәтелі. Елу жыл жылжып өтіп кетіпті, ал суреттегі достарым сол 18-20 жастарында. Әрқайсына үнсіз ұзақ қарап отырмын.
Сол жылғы бірінші курс журфакқа түскендер шетінен талантты десем, артық айтпаспын. Міне, күлімсіреп отырған Баққожа Мұқаев, оның оң жағында Сұлтанәлі Балғабаев, артында күліп тұрған Қанапия Бекетаев, Смағұл Елубаев, Амангелді Былқайыров, Шөмішбай Сариев, Тұрсын, Болат, Бейбіт.., т.б. бір топ жігіттер. Осы жігіттердің ішінде алты қыз оқимыз. Құралай, Күләш, Әдия, Гүлжаһан, Оңай, Әсия…
Біздің ең жақсы көретін сабағымыз ол – қазақ әдебиеті, оқытушымыз Зейнолла Қабдолов ағай, шетел әдебиетін Светлана Сагалович, тарихтан Жанпейіс Қарақұсов ағай беретін. Өте қатал мұғалім еді. Сол ағайға арнап шығарылған әзіл өлеңнің алғаш салфеткаға жазылып, студенттерге кеңінен тарап кеткен бір шумағы есіме түсті:
О, біздің профессор Қарақұсов,
Отырмыз ресторанда арақ ішіп,
Сіз деген көп ішудің көк тарланы,
Біз болсақ арттан ерген бала күшік.
Бұл шумақты сол кездегі студент ақын Марат Отарәлиев жазыпты…

Әсия Асимова
(Толық нұсқасын газеттің №15 (3649) санынан оқи аласыздар)