ЕРКЕК
12.04.2019
1587
1

Қуандық ТҮМЕНБАЙ

(Әңгіме)

Торыбай түрмеден қайтты. Үйіне әлі жеткен жоқ. Төрт жыл темір торда отырды. Мынау жүз жиырма шақырым жолдың қайтарда Сібірден қайтқандай алыстап кеткенін қарашы. Дүрс-дүрс соққан пойыз доңғалағы жүрегінің дүрсілі сияқты. Оң қолын жәймен көкірегіне апарды. Бұл – жүрек тұсы. Екі дүрсіл қосылып, тұла бойын бір рахат сезім бунап өтті. Үйде екі қатыны мен бір баласы қалды. Олар келе жатқанын білмейді. «Талтүсте үстерінен түсейін». Үстіне киген қап-қара тұтқын кәстөмінің қалтасына қылмыс бабы жазулы. Бұнікі – «қоғам мүлкіне қол салғаны үшін» деген 176-шы бап. «Көрсін. Білсін. Біріншіге барып, сан үйреніп жүрген Тұрлыбек санап көрсін, қаздай тізілген үш санды». Миығы тартты. «Ол да жігіт боп қалған шығар. Қаланы қайдам, біздің ауыл мен ауданда қоғам мүлкіне қол сұқпайтын адам жоқ. Социализм қаншалықты кемелденсе де, адам ақыл-ойы шарықтап өссе де, қиыннан қиыстырып кеп, «дайын асқа тік қасық» болатындар көбейіп барады. Болмай жатса, иіп әкеп болдырады». Бас есепші Торыбай да орынбасарының тұрақсыздығынан тұтқынға түсті. Жыл қорытындысындағы есеп беруде екеуі де тұтылды. Бұл тұтқындалып түрмеге айдалды, өйткені Орақ пен Балға бейнеленген дөңгелек мөр басылған құжаттың бәрінде бадырайып қолы тұр, анау болса жұмыстан кетіп, еріксіз бір жыл алды. «Табанының бүрі жоқ сужықпас еді, бірігіп асап, тағы біреудің обалына қалып жүрген шығар. Не болса о болсын, ол да адам ғой». Ол бәрін жиып қойып, бір тамшы сідігі Тұрлыбекті көргенше асықты. Вокзалдан айдары қып-қызыл «Ку-ка-ре-ку!» деп шақырып тұрған қораз кәмпит сатып алды. Екі қатынына түк те жоқ. Тоқалдың қолына шәй орамал ұстатсаң, көпсінбейді. Бәйбіше дәметпейді. Не шықса да тоқалдан шығады. «Мен курорттан келе жатқан жоқпын. Кімсің Торы­бай боп Қырымға талай бардым, сонда әкелдім әтірдің неше түрін. Бәйбіше контерлі, тоқал «қолтығым терлей береді» деп, иіс су сеппесе жүре алмайды. Бір үйдің бун­тары». Сауатты Торыбайдың езуіне күлкі үйірілді.
Зырғып келген пойыз доңғалағы көне бекеттің қан тамырындай тартылған қара рельсіне табан тигізіп тоқтады. Асыққан бетте темір тепкішектен ырғып түсіп, тізіліп тұрған таксидің шопырына: «Қалмахан көшесіне», – деді тура қарап. Анау қара киімдінің суық бейнесінен сескеніп қалды да: «Айтсаңыз болды» деп есікті тарс жапты. Топ-томпақ «Москвич» зуылдап ала жөнелді. Әп-сәтте қыстақ шетіндегі күмбезі шипырмен көмкерілген, қақпасы көкпен сырланған, сыртында ешкімде жоқ пошта жәшігіне дейін ілінген өз үйінің дарбазасын қақты. Төртбұрыш пошта жәшігіне көзін сатып қарай берді. «Төрт жыл отырғанда қарлығаш қанатындай хаттарым осы жәшікке түсіп, осы жәшіктің құшағында жатты ғой…» деп, бір сырлы сезім өнбойын сыбызғы әуеніндей сипап өтті. Дарбаза есігін даңғыр еткізіп бір қолапайсыздау қол ашты, «құдай біледі осы Бәтестің қолы» дей бергенде, қарсы алдында қиылған қасын қағып, тоқалы таңқалып тұрды.
– О-о, Төке, қайдан жүрсіз? – деді де, сауалының қолайсыздығын сезініп, «Кеп қалдыңыз ба?!» – деп сөзін өзгертті.
– Келмей қайда кетеміз… Тұрлыбек қайда?
– Сабақта.
– Бар, алып кел.
– Қазір жеңешеме айтайын.
Бәтес күндесін «жеңеше» дейді. Торыбай тоқалын емес, он алты жасынан бірге түтін түтеткен бәйбішесі мен тұла бойынан шым-м етіп түскен бір тамшы сідігін сағынып кеп тұр.
– Сен, өзің алып кел, – деп алара бір қарағанда қап-қара киінген адамның сұсы­­нан сескеніп, сол күйі ытқып көшеге шы­ғып, жаяу аяңға салды. «Тұранды көр­месем, неге асықтым бұл үйге. Сол үшін ғой, бір шаңырақта екі түтін түтетіп отырғаным». Торы­бай енді бәйбішесін көргенше жүрегі аузына тығылды. Әлгінде жүз жиырма шақырым жол үстінде де бұлай өрекпімеп еді. Сол сәт зәулім үйдің есігі шалқасынан ашылып, сом денелі қара әйел аңырып тұрып қалды. Өмірі салулы төсек, серіппелі сезім үстінде де әйел затына еркін бермеген еркек бала күннен бергі серігінің иығына басын қойып, маңдайынан иіскеп, өзіне тартты. Ол селт тұрып көзін жұмды.
– Жуынып-шәйініп, киіміңді ауыстыр. Біреу-міреу естіп, сәлем беруге келіп қалар. Бәтес Тұранға кетті ме?..

ПІКІРЛЕР1
ЕРЖИГИТ 11.07.2019 | 15:00

Толық нұсқасы барма?

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір