Мен жүрмеген жолдар жаңғырады
09.04.2019
1170
0

Ардақ НҰРҒАЗЫ

Метро

Әке мен бала
Метроға түсетін баспалдақтың алдында тұр
Өмір жалғасып жатыр

Жарық пен қараңғылық
Бала метроға асық
Әкенің күн көзінде шуақтай тұрғысы бар

Бір сәттік сәуле
Өмірмен бәс таласып барады
Әкесін ана бір тұстан алып шықпақ

Бір сәттік кідіру ме
Әлдене сол орында қалып қоятындай
Әкесін бала алып кетсе де

Тел ағыс
Бірі тыныш тұр
Бірі зымырап барады

Тіршілік қанша қақсаң да есігін ашпайтын жұмбақ

Қорқыт
Әмірхан Балқыбектің рухына

Таным тұрғысынан Жаратушы мен адам, табиғат пен адам, қоғам мен адам, адам мен адам байланысын бастан өткердік. Жаратушыны жоққа шығардық, табиғатты «өзгерттік», қоғамды қан төгуге бейім қатігез төңкеріске үйреттік, адамға адам «қасқыр» дедік. Төртінші айналымнан соң бізді енді не күтіп тұр?

I

Әр рет үйден шыққанда, бұрылмасам да
Артыма қайырылып қарағым келіп тұрады:
Әйеліме, балама, әкем отырған төрге,
Жаюлы дастархандағы шешемнің алақаны тиген шыныға,
Қашанда артымнан күлімсіреп шығарып салатын әпекеме,
Күлімдеп жүретін қарындасымның жүзіне тағы бір рет қарағым келеді.
Миымның жықпылында аққан жұлдыз сөнді.
Орнында бостық, мөлдірейді есте қалу мен ұмыту…
Мен туғанда аспан күңіреніп, жұрт қорқып,
соңынан қуанған деседі.
Өмірге бір нәресте келсе,
екінші бір жерде топырақ бүлк етеді деуші еді,
Алатаудың бауырында мамырлаған бұлт жаңбырға айналып
Астана алаңында сіркіреп тұр
Тынымсыз өтіп жатқан көлік доңғалақтарынан
өзгеше дауыс шығады
Әлдебір ұмытылған күйдің үзігі сияқты
Иен қалған жұртта ит пен бала жүр,
көк аспан төбеден төнген
Қалықтап жүрген қарақұсқа ит тұмсығын көтеріп
үйіріліп ұлиды,
өшкін тартқан көрініс
Тас ошақта қалған шала – ұмтылған ойының
ұшы сияқты желде ұшқын ата қоздайды
Жауын, көктемнің жауыны төбемнен құйып тұр
Сорғалаған нұр сияқты сорғалайды уақыт
Шырағдан, алаулаған шырақ, шеңбер…
толқындар шеңбердің шегіне ұмтылады
Тағанында ғасырлар көмілген уақыттың теңізі
бір сәт тыншымайды
Ауа, от, су, топырақ… қайталанбайтын сапар
Асфальт жолға түскен жарық болашағын қуып барады
Жан-жағына жалтақтап тұрған көлеңке шалшық суға құлады
Толқындар үнсіз көтеріліп
Жартылай жазылған сөйлемнің соңындағы сөз ішінен
нұрланған сәтінде
Қисапсыз жапырақ әуеде алаулап жана бастады
Санамыздағы мейірімділік өшіп, дарақы күлкі қайдан шықты
Жұлдыздар ағып, жарығы тапталған таулардың
үстінде сөнген шақта
Аласұрған жел, даланың тозаңы цемент жолдар мен
көшелерде үйіріліп
Дүлей дауылдың өзегінде, қараңғы жанарда шөкті.
Жел, жел, жұлқынған жел, таяқтың тықыры,
көшеде соқырды мылқау жетектеп барады
Соғыс қасіреттің желқайығы сияқты, айдынға шыққан
Кеудемде орнаған мимырт тыныштықтың
тұманында көрінбей аққан өзен тәрізді
Әрбір басқан қадам, жердің бетінде сойдақталған із, жазу
Тәңірдің жартасқа сіңген жаңғырығы…
Неге Тәңірім осы әрі сол жерде сенің емес,
оның атын атаудан тыйыламын
Сен үшін мен кіммін?
Неге әр рет оянғанда мейіріңді сезіп,
көзімді ашқанда қасіреттің қан дағын көремін?
Сол қолынан айырылған,
тепе-теңдігін жоғалтып шыр көбелек айналған
пенде тәріздімін
Мен одан емес, ол менен қашып жүрген сияқты
Алтынның буы мен ақшаның сыңғырында сақ-сақ күлкі
Қараңғыда майшамның тілінде сұрлана жылтылдайды
Жалын мен раушан гүлі қауышқан сәтінде
көрген түстен ұшып шыққан құс сияқты
Тұманда тұншыққан аралды мұхиттың
ақжал толқыны тынбай жұлмалайды…

(Толық нұсқасын газеттің №14 (3648) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір