Селебе – символ, әңгіменің кілті
09.04.2019
973
0

«Қазақ әдебиеті» №13 санынан бастап проза бетіне жаңа «дәстүр» енгізіп отыр. Ендігі кезекте шығармасы жарияланған автормен шағын сұхбат жасап, оқырман назарына ұсынылған туындысы төңірегінде әңгіме өрбітетін боламыз. Сол ретпен жазушы Асқар Алтайға сөз бергенді жөн көрдік. Асқар мырза әңгімедегі Мұсаның өз әкесіне ұқсайтындығын айтып қалды…

– Асқар аға, әңгімеңізді оқып шығып, рахат­танып отырмын. Әдетте, жақсы әңгіме оқырманды тамсандырып қана қоймайды, қызығушылығын тудырады, әсерге бөлейді. Көкейде сұрақ көлденеңдейді. Сол себептен де, өзіңізбен аз-кем сұхбат жасау ойымда бар. Қалай қарайсыз?
– Жақсы. Мен дайынмын.
– Алдымен айтыңызшы, бұл әңгіме ойы­ңыз­­да бұрыннан жүр ме еді, әлде кенеттен жазу­ға сұранып, жазу үстеліне жетелеп әкелді ме?
– Бұл әңгіме сорабы бұрыннан ойымда жүруші еді. Оның жарыққа келуіне «кілті» табылмай-ақ қойған… Ал әңгіменің «кілтін» өткен жылы күзде Күршім ауданының (ШҚО) 90 жылдығына барғанымда оқыс тапқандай болдым.
Той жақсы өтті, бірақ көңілім алабұрта берді. Өйткені Марқакөлмен қосылса да, аудан халқы селдіреп қалыпты… Ал 2017 жы­лы аудан әкімшілігінде басшы қызмет­кердің белдісі Бақытқан Өлмесеков ағамыз шақырып, Марқа жағын дәрігер, кластасым Базарбек Оқасов пен журналист, қаройлық Сайлау Төлеуовпен аралап шыққам. Жер иен жатыр. Баяғы қалың ел, қайысқан мал жоқ. Жаным ауырып қайтқам… Ал иен жат­қан жер жау шақырады. Осы ой қаңтар айын­да қолыма қалам алуыма тікелей себеп­кер болды. Содан үш-төрт күнде жазып шықтым. Кәмшат (менің қолжаз­бамды басқан әйел) басып шыққан соң, үстінен компьютерден бірер мәрте стильдік түзетулер жасадым.
1977 жылы туған жерімде – Сарытау жайлауында екі үйір жылқы жоғалып кетіп, екі жылқышы жігітпен әкеме еріп, Катон­ның Аршаты жағына дейін барған едім. Сонда жылқыны барымталап кеткен жігіттердің үстінен түскен едік. Әкем бізді биікке тастап, жырынды ұрыларға жалғыз жолығуға кеткен. Ол кезде заман тыныш-ты. Әкемнің катондық ұрыларға не айтқа­нын білмейміз, әйтеуір, 70-тен астам басты бірер қылқұйрықсыз ғана түгел қайтарып алып, әйгілі Иректің жолымен кері айдап қайтқанымыз есімде. Бірақ әкем түсі суық сол адамдарға не айтып, қалай тоқтатқаны маған да, менің қасымдағы жылқышыларға да жұмбақ болып қалды. Ол кісі сұраған жыл­қышы жігіттеріне жұмған аузын аш­пады. «Айтылмайды!» – деп қайырып тастаған.
Міне, осы оқиға ұзақ уақыт ойыма ауық-ауық оралып, маза бермейтін, бірақ «кілті» табылмай, қазық байлар ой жетілмей қойды да, жазуды құп көрмедім. 1994 жылы желтоқсанда Талдықорғанның Қабанбай ауылында жылқы іздеп, ұрыларға шолақ мылтық кезеніп, жалғыз барған Қажымұқан деген жігітпен танысқаным бар. Ол да бір жүрек жұтқан азамат-ты. Осы оқиғалар тербете келіп, бүгінгі күнге тән «Селебе» болып туды.
Селебе – символ, әңгіменің кілті. Ал ондағы астарлы ой мен қоғамдағы қатпарлы мәселелер астасып берілген.

Сұхбаттасқан
Д.Әлімақын

(Толық нұсқасын газеттің №14 (3648) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір