ЖАҺАНДЫ ЖАЛТ ҚАРАТҚАН МҰЗДАҒЫ АРУ
Ұлтты әлемге танытатын бірден бір тетік – өнер. Біршама уақыт бұрын талантты спортшымыз Денис Теннің беймезгіл қазасы жанымызды жабырқатқан еді. Жақында Жапонияның Сайтама шаһарында мәнерлеп сырғанаудан әлем біріншілігі өтті. Сол жарыста топ жарып, қазақстандық спортшы Элизабет Тұрсынбаева күміс жүлдегер атанды. Сарапшылар мұндай көрсеткіштің бұрын-соңды болмағанын жарыса айтуда. Бір ғажабы, Лиза негізгі бағдарламада 4 айналым сальхов жасап, әлемді дүр сілкіндірді. Мұндай элементті мінсіз орындаған биік көрсеткіш Қазақстан түгіл, бүкіл жаһанда жоқ екені анықталды. Тұрсынбаева ең алғашқы болып тарихқа енді.
Бұл нәтижеге 19 жастағы бойжеткен оңай жеткен жоқ. 4 айналым сальховты жасау үшін үш жыл тер төккен. Салмағы 40 келі, бойы 148 см спортшының сол еңбегі ақталып, бүгінде әлем жұртшылығының таңдайын қақтырып отыр.
Ресейлік танымал жаттықтырушы Татьяна Тарасова таңданысын жасыра алмады. Талай дарабоз саңлақтарды бәйгеге қосып, шәкірттері әлем чемпионатынан жүлделі болып жүрген тәжірибелі бапкер біздің спортшымыз жайлы бүй деді: «4 айналым сальхов элементі техникалық тұрғыдан таза орындалды. Тұрсынбаева мұны әлем чемпионатында жасады. Бұл тарихи сәтті есте сақтаңыздар. Тұрсынбаева Тутберидзенің командасына ауысқалы мүлдем өзгерген. Техникасы, қимылдары дамыған. Танымай қалдым!» Ал, қос бірдей шәкірті жүлделі болған Лизаның бапкері Этери Тутберидзе болса: «2019 жылғы әлем чемпионаты бүкіл команда үшін сәтті өтті. Дәл қазір түрлі сезімді бастан өткеріп тұрмыз. Қыздардың жеңісіне қатты қуандық. Олар діттеген мақсаттарына жету үшін барын салды, әлемге орын үшін таласқан әдемі күрес үлгісін көрсетті. Былтыр Олимпиада медальдарын иеленгенде не істерімізді білмей, біртүрлі күй кешкен едік. Мына жеңістен кейін сезім түгел сыртқа шыққандай болды. Загитова мен Тұрсынбаеваға алғысымды білдіремін. Барша топқа жасаған ең кермет сый болды», – дейді ағынан жарыла…
Тілекберді Құмарбек
(Толық нұсқасын газеттің №13 (3647) санынан оқи аласыздар)