Бәйге
22.03.2019
833
0

Георгий Гребенщиков

(«Батырбек хандығы» хикаятынан үзінді)

…Арғы атасы ақсүйек хан тұқымынан шыққан ұрпақ, қазақтың Батырбегі сайын дала төсімен ат үстінде шырқата әнде­тіп келе жатты.
Шетсіз-шексіз созылып жатқан, көк­жи­­ек­тің ұшында мойыл бұталарына оран­ған атам заманғы көне қорғандарға қара­ған сайын алыстап кеткен өткен күн­дер­дің елесі еріксіз ойға оралды…
Батырбек үшін кәрілік ауылы әлі алыста еді, дегенмен Қарабай көкесінен сол өткен күндердің елесіндей көне әңгіме­лердің талайын естіген, оның үстіне мына ән әуені де қиялын уақыт тұңғиы­ғына қарай еріксіз тартатын секілді. Мұңлы саз ырғағымен ат үстінде теңселіп келе жатқанда, бәрі-бәрі қайта тіріліп, күні бүгінгідей көз алдына келіп тұра қалатын сияқтанады…
Оның үстіне өткен күндер елесін бүгі­німен салыстырар болса, көкірегін өксік қысып, жылағысы келеді: кеше бар-тын, бүгін жоқ… Үзік-үзік елес қана әшейін…
Қайырымы ұзақ мына ән көненің көзіндей тереңнен тартады. Көненің көзі қашаннан кім-кімге де ыстық қой: кәрі­лер үшін шындықтың өзі, ал жастар үшін ертегі…
Батырбек, яғни мұның өзі, хан саналады… Ата-баба әруағы алдындағы қадір-құрмет демесең мына заманда жолда жатқан қайдағы хандық десейші?.. Нағыз хан деп бұрынғы өткен хандарды айтса болар… Мысалға мұның өз әкесі Бекмырзаны немесе арғы атасын… Атасына келсе, хандық дегенде оның атының өзі-ақ айғайлап тұратын еді-ау:
– Май-мыр-хан!..
Маймырхан десе, дегендей еді атасы: ақша қардай ақшаңқан үйдің төрінде бір жамбастап жататын, тек қана жас құлын­ның етін жеп, тек қана түйе сүтінің қайма­ғын қалқып ішетін… Ал жылқысының санынан баяғыда жаңылған. Жүген-ноқта көрмеген жүздеген жүйрік жайлау төсінде жамырай жусап жататын… Солай да солай, мініс көрмеген күйі қартаятын еді-ау жануарлар…
Баласының атын да ырымдап қойып­ты:
Бек-мырза!
Ел билеуші мырзаның өзі болсын деген шығар, әсілі!
Әбден қартайып, ақ шашты, сары тісті болып, кедейшілікпен өмірден өткен әкесі Бекмырзаның бір кездері бүкіл дала ақ­сүйек­терінің қызғанышын оятқан жігіттің сұлтаны болғанына бүгінде біреу сеніп, біреу сенбейді, әрине.
Ол кездері ұзын бойлы, тіп-тік, ширақ денелі, көздері шоқтай жанған Бекмыр­заның түр-түсі дала бүркітінен аумайтын. Тек дала бүркіті сонау биікке, көк жүзіне ұмсынса, әкесі шетсіз-шексіз дала төсіне телмірумен өмірден өтті… Кең даласын тар құшағына сыйдырып, сол даланың таза ауасы мен мөлдір суын бір деммен сіміріп тастап… шіркін-ай!.. Тазалықтан мас бол­ған шағында көк жүзіне қалықтай көте­ріліп, ақша бұлттарға атша мінген күйінде, мәңгілікке ұйықтап кеткісі келген болар!
Осылайша өмірге құштарлықтан өр­теніп жүрген кезінде ғой, кәрі азбан Нұры­ханның оның қалыңдығын тартып алғысы келгені… Кәрі азбан, кәрі де болса қутың­дап тұрған кезі, екі әйелді қартайтып, енді үшіншісін қызықтағысы келген екен-ау…
«Алдайсың, кәрі ит, дәмеңнің зорын!..» – деген еді Бекмырза кепкен шөптей тұтанып.
Сол сол-ақ екен, жігіттерін жинаған, күптей болып семіріп, денесі ауырлап кеткендіктен айлап-жылдап төсектен тұр­май жататын, ат көтере алмайтын болған­дық­тан, түйеге ғана мінетін әкесін аяғы­нан тік тұрғызған сол күні.
Барлығын жинап алды да, айқайға бас­ты десеңші:
– Түгел қырылып қалсаңдар да, Алтынсарыны Нұрыханға бермеңдер!.. Әйтпесе, шаңырақтарыңды ортасына түсірем, мына даланы қызыл өртке ораймын!.. Өзім де өлем!..
Бекмырза үшін жанпида, бүкіл рулас ағайын дүрк көтерілген. Ханның сүйікті ұлы, ел-жұрттың көзінің нұры, жастықтың гүлі үшін кім аянып қалушы еді.
Жағдайдың қырын кете бастағанын сезген Нұрыхан түлкібұлаңға салсын.

Аударған Серік БАЙХОНОВ

(Толық нұсқасын газеттің №12 (3646) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір