ЫМЫРТТЫҢ ҚҰЛАЗЫҒАН БОС САРАЙЫ
22.03.2019
753
0

Қуандық ШОЛАҚ

Наурызда

Ілініп соңғы қырау кірпігіне,
Қыс салы суға кетіп тұр түңіле.
Әлжуаз көктем лебі сүйкенеді,
Сары уыз көктеректің бүршігіне.

Біткендей дөң айбаты, салар лаңы,
Сөгіліп қар көбесі, тау аңғары,
Оянған нәзік үміт секілденіп,
Жылғаның жылтырайды жанарлары.

Ақша қар тұрар дуал, жарға асылып,
Ақ құстай кеткен бе ұшып, жолға асығып?
Шөмейіп шөккен нардай күресіндер,
Қалыпты жентектеліп қар басылып.

Иіні түсіп кеткен уайым жеп
Ақ қыс тұр, таппақшы оның кім ойын дөп?
Мая боп мал үңгіген буыны босап,
Болбыр қыс қалтылдап тұр құлайын деп.

Күн батарда

Айнала күңгірттеніп, қас қарайып,
Ымырттың құлазыған бос сарайы.
Тынымсыз тұман жұтқан әлсін-әлсін,
Барады өзен деген таспа азайып.

Көтеріп құрым бұлтты жалбыратып,
Қары әбден жел қолының талды қатып,
Қара жол қыр – арбаға мініп алған,
Аяғын салбыратып.

***

Секілденген бала қыз, бала ғашық,
Қамыстардың үлпегін ала қашып,
Әр түбірге сүрініп, қаңғалақтап,
Өзен бойын кезіп жүр жел адасып.

Ойнағынан, сезесің сүреңінен,
Беймаза күй ұқтырып кіл өңінен,
Баса алмастан ентігін еппен ғана,
Сыйпалайды қайың – қыз білегінен.

Арнасына биыл да Сыр шып толды.
Жағалауға меруерттер ыршып қонды.
Алтын күрек асығыс оятып жүр,
есінеп-құсынаған бүршіктерді.

(Толық нұсқасын газеттің №12 (3646) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір