ЖАҚСЫЛЫҚ КҮТЕМІЗ ДЕП ЖАРАЛЫМЫЗ…
08.03.2019
1443
0

Гүлнар САЛЫҚБАЙ

***

Қажытып қара түннің сандырағы,
Күтеді бір үмітпен таңды бәрі.
Аспанның жауабы жоқ хаттарындай
Жерге кеп, еріп жатыр қардың әні…

Жанымды қалтыратып барады мұз,
Жақсылық күтеміз деп жаралымыз.
Кемеден күдер үзген жолаушылар…
Мұхиттың ортасында аралымыз.

Жанығып, жанталасып, жарысамыз,
Шығарып бақыт жайлы таныс аңыз.
Үстінде қара жердің алысамыз,
Астында содан кейін табысамыз…

***

Арманым, әнім көп еді,
Барлығын көкке сыйладым.
Кете алмай қалдым. Себебі
Өзіңді ғана қимадым….

Ұшырдым қиял құстарын,
Қанатсыз жерді мекендеп.
Сол болды менің ұшқаным,
Өзіңе бір күн жетем деп…

Арманның аппақ бөлшегі
Құйылып жатыр әндетіп.
Ұмытып едім мен сені,
Өмірден қалды жан кетіп.

Үрлеумен шоқты жанбайтын,
Төгіліп терім текке құр.
Бақыттан түрі аумайтын
Өзіңе қарап өтті өмір…

Қуына жердің таң қалып,
Уынан талай ұрттағам.
Адастым талай сандалып,
Көрінгенменен жұртқа аман.

Жоғары жаққа кете алмай,
Төменге тағы сыя алмай,
Өтсем де мәңгі жете алмай,
Сағынам сені ұялмай…

Бітпейді жанның әуресі,
Құралып қайта қиқымнан.
Өзіңсіз күннің сәулесі
Оятар енді ұйқымнан…

***

Келе жатыр әлі көш…
Неге ұмтылсам, бәрі бос.
Көрсетерің көп пе әлі,
Өмір деген Кәрі дос?!

Ең жақыным – жырақтай,
Ең қымбатым – сұрақтай…
Сол сұрақтың тепкісі
Бара жатыр шыдатпай.

Жылар жасым сарқылды,
Жүрек еттей тартылды.
Өмір жерде өзгерді,
Көңіл көкте шарқ ұрды.
Көштен қалмай, ілбідім…
Осы – менің шындығым.
Осы – менің бақытым,
Бір аспаным, бір күнім…

(Толық нұсқасын газеттің №10 (3644) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір