АНАМДЫ САҒЫНДЫМ
01.03.2019
1586
0

Бәріміз үшін ана – ең қасиетті тұлға. Анамның өмірмен қоштасқанына жыл толды. Шырылдап жерге түскеннен бері анаммен бірге болдым. Басқа балалары да бар ғой. Бірақ, олардың өз ошағы бар. Бала-шаға қамымен әр тарапта жүріп жатыр.

Тағдырдың жазуы болар, мен ата-анамнан айырылған жоқпын. Олардың қуанышы мен қиындығын бірге көтерістім. Соның әсері ме, күндіз-түні, тіпті, бір сәтке анам ойым­нан шықпай жүр. Көз алдыма тәй-тәй басып жүргендегі, мектепке барған шағымдағы, есейген кезімдегі әке-шешемнің, әсіресе, шешемнің бейнесі, берген тәрбиесі келеді де тұ­рады. Анамның ақыл-кеңесі әлі күнге есімде, өмір жолымда пайда­сын да көп көрдім. Анам – Наурыз­бае­ва Күнтай – Семей облысы Абы­ралы ауданы №6 Қамбар ауылында туып, өскен. Әкесі 1931 жылғы көте­ріліске қатысып, сотталғаннан кейін, түрлі азапты басынан кешір­ген. Шешем ол кезді еске алмақ тұрмақ, әңгімелеуден қашатын еді. «Балаларым, ол өмірді сендерге бермесін. Мен айтпайын, сендер ештеңе білмей-ақ қойыңдар», – деп, зұлмат жылдарда көрген қорлығын айтпай кетті.
Анам үлкен отбасында тә­р­бие­лен­ген. Мінезі өте сабырлы, маңғаз, көп сөзі жоқ, жұмсақ мінезді, біреуге жақсылық жасасам деп тұратын адал жүректі жан еді. Кейде біреу көңілге келетін сөз айтса, орынсыз жанжал шығарса, анам түк болмағандай үн-түнсіз отыра беретін. Әлгі адам не істерін білмей, амалсыз шығып ке­те­­тін. Сонда мен: «Анау сізді қор­лап кетті ғой. Неге жауап берме­діңіз?» – дегенде: «Құлыным! Есіңде болсын, ондай адаммен айтыспа. Одан еш жақсылық болмайды. Босқа араң ашылып кетеді. Ал, ол өз қателігін түсініп, ертең-ақ келіп кешірім сұрайды. Әрқашан сабырлы бол. Атам қазақ «Сабыр түбі сары алтын» деп тегін айтпаған», – деуші еді. Қазір ойласам, анамның сол сөздері нағыз даналық екен. Санам­да жазылып қалған сондай тәлімнен, анама ұқсап мен де өзімді сабырлы­лыққа баулыдым. Ол мінез қанмен де келер деймін. Менде де шешемдікі сияқты мінез қалыптасты. Сол үшін анама күнде ішімнен рахметімді арнаймын.
Осы арада Абыралы елінің таны­мал азаматы, ақын Мұрат Исин аға­мыздың шумақтары еске түседі:
Дүниедегі бар әсемдік,
Күн сәуледен тараған.
Адамдағы бар әсемдік
Ана Нұрдан жаралған.
Анамның тәрбиесіндегі ерек­ше­лік­тің басты себебі – жасынан көр­ген қиындықтардың әсері де болар. Ол бала кезінен ешкіммен ренжіс­пей, ұрыс-керістен өзін аулақ ұстап, үлкенді Сіз, кішіні бауырым, сіңілім деп өскен екен. Бойындағы Алла берген осы қасиетін кейінгі ұрпаққа беруді армандаған болар, мұғалімдік­ті таңдапты. Соғыс кезінде мектеп ди­рек­торы болған, аса дарынды педагог, ұстазы Жартыбаев Омар­қанның ұсынысын қабылдап, өзі білім алған Қайнар орта мектебінде еңбек жолын бастапты. Семейдің педагогикалық институтын сырттай оқып бітірген. Сол жылдары әкем де мектепте ұстаздық ете бастаған екен. Біраз жыл өткен соң әкем Владивос­ток­тан педагогикалық университетті бітіріп, әрі әскери міндетін аяқтап келеді. Сосын, 20 жастағы анам екеуі отбасын құрады. Екеуі тату-тәтті күн кешті, 8 бала, 12 немере, 18 шөбере тәрбиелеп өсірді…

Тоғжан НӘСЕНОВА

(толық нұсқасын газеттің №9 (3643) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір