«Домбыраны» тыңдамаңыз, көріңіз!
Қазақ руханияты тағы бір телеарнамен толықты. Енді мәртебелі көрермен көк сандықтан қазақтың салт-дәстүрін, ән-күйін, күллі құндылықтарын қамтыған қызықты бағдарламаларды, концерттерді тамашалай алады. Сүйінші хабарды естіген соң, «Домбыра» телеарнасының директоры Қанат Ержігітовпен аз-кем әңгіме өрбіттік.
– «Домбыра» атты телеарна ашыпсыздар. Құтты болсын!
– Көп рахмет!
– Жаңа арнаның форматы қандай болмақ?
– Ұлттық бағытты ұстанамыз. Қазақтың халық әндері, жыр-дастандары, күйлері, дала композиторларының мұралары, қазіргі дәстүрлі әншілер айтып жүрген түрлі әндер, бұйырса, бәрі қамтылады.
– Ұлттық бағыттағы музыкалық арна ашу идеясы қалай туды?
– Біз бұған дейін, шамамен екі жылдай болып қалды, «Жұлдыз» деген телеарна аштық. Ол эстрадалық бағытта жүріп жатыр. Сол арнаға хабарласқан көрермендерден халық әндеріне, күйлеріне деген сұраныс көп түсті. Содан, таза ұлттық рухани құндылықтарды насихаттайтын телеарна неге ашпасқа деп ойладық та, бел шеше кірісіп кеттік.
– Арнаның атын неге «Домбыра» деп атадыңыздар? Неге қобыз немесе сыбызғы емес?
– Қазақ халқында ұлттық саз аспаптары өте көп. Олардың әрқайсысының өзіндік орны, шығу тарихы бар. Тіпті, оларға тән аңыз-әңгімелер де аз емес. Телеарнаны соның қай-қайсысымен атасақ та әбден лайық. Дегенмен, қасиетті қара домбыраға тоқтадық.
– «Домбыраның» эфирдегі таралымы елімізді толық қамти ма және қанша сағат жарыққа шығады?
– Қазір заман жаңарды. Түрлі келісімдер жасалып жатыр. Цифрлық жүйеге көшетін уақытымыз да жақындап қалды. Сондықтан, Қазақстанды толық қамтитын мүмкіндігіміз бар. 24 сағат тоқтаусыз жұмыс істейміз.
– Талай жыл телеарнада істегендіктен, ол саланың қиындығынан біраз хабарым бар. 24 сағаттық эфирді жабу ауыр болмай ма? Жинаған қорларыңыз жеткілікті ме?
– Әзірге қор мол деп айта алмаймын. Бірақ, жұмыс тоқтаусыз жүріп жатыр. Облыстарға шығып, сол жақтардағы әнші, жыршы, күйшілерді де хабардар етіп, қолдарындағы қазыналарын алдыру, халыққа ұсыну, жариялау, Алматы мен Астанадағы өнер шеберлерін тарту ойымызда бар. Сосын, тек музыкалық бағытта тоқталып қалмай, саятшылық, ұсталық, зергерлік, жалпы, қазақ қолөнерін, салт-дәстүрін жан-жақты беріп отырсақ дейміз.
– Кадр мәселесі қалай шешілді? Жақсы кадрдан тапшылық жоқ па?
– Бұған дейін де бір телеарна ашып, кадр ғана емес, тәжірибе де жинақтап қалдық. Әзірге солар «Домбыраның» да аяққа тұруына барынша жәрдемдесіп жатыр. Белгілі өнер шеберлері де ақыл-кеңесін аяп жатқан жоқ. Бәрі бірден жақсы болып кетпейді ғой. Әлі дыбысты тұнық жазу, декорациялар жасау, жарықты дұрыс қою сияқты телеарнаға тән толып жатқан жұмыстарды жетілдіруіміз керек. «Көш жүре түзеледі» дегенге өзім сенем!
– Мұрағаттарда жатқан көне дүниелерге қол жеткізе алдыңыздар ма?
– Жоқ. Ол жағы сәл қиындық туғызып отыр. Олардың көбі ескі форматта сақталған. Оны қазіргі біздің форматқа көшіру, өңдеу талай уақытты және біраз қаржыны талап етеді. Сондықтан, әзірге оған тіс батпай тұр. Бірақ, алдағы уақытта тиісті орындармен келісіп, бір мәмілеге келеміз деп сенем.
– Жалпы, қазір ұлттық өнердің жарнамасы қалай? Сұраныс қаншалық?
– Сұраныс өте жоғары. Қазір халық жеңіл-желпіден гөрі халықтық ән-жырға сусап отыр. Алайда, жарнама мүлде жоқтың қасы. Жарнамасы жақсы жасалған, дұрыс ұйымдастырылған дәстүрлі ән кештерінде бос орын болмай қалады. Әттең, ылғи олай бола бермейді. Мәселен, өткенде филармонияға сондай бір концертке бардым. Өте жақсы концерт болды. Бірақ, көрермен тым аз жиналған. Неге? Естімеген. Жарнамасы жоқ. Қазір интернеттің заманы, әлеуметтік желілерде көзі ашық жұрттың бәрі отырады. Сондай мүмкіндіктерді пайдаланып жұмыс істеу керек-ау.
– Жаңа бір сөзіңізде музыкамен ғана шектелмейміз, басқа бағыттарды да ескереміз дедіңіз. Қазіргі телеарналардың басым бөлігін жаулап алған арзан ойын-сауық, жосықсыз шоулар, дарақы күлкі сіздерге де дендеп кетпей ме?
– Жоқ. Біз мүлде ол жағына мойын бұрмаймыз. Бұл таза ұлт мүддесіне, ұлт өнеріне қызмет ететін, қазақылықты, ата-баба дәстүрін насихаттайтын арна болады.
– Қаржыны қайттіңіздер? Талай жақсы жобалар қаржы тапшылығынан жап-жақсы басталып, көп ұзамай жабылып қалып жатады.
– Ешкімге қол жайған жоқпыз. Өз қаржымызбен бастап кеттік. Дегенмен, алдағы уақытта заман талабына сай тендерге қатысу, осындай жобаларға бөлінетін гранттарға бақ сынау жағын қолға алмақпыз. Ең бастысы, алғашқы қадам жасалды.
– Сол қадамға біз де сәттілік тілейміз! Қазақ өнерін өрге сүйреген істеріңіз берекелі болсын!
Сұхбаттасқан
Қанағат Әбілқайыр