Хаттар, хаттар…

C.Есенин
«Қымбаттым, жақыным да жақсым менің!..
Мына атың өшкір Еуропаны дәл қазір, осы тұрғанда тастай қашқым келеді, өзімнің Россияма, баяғы басбұзар балалық шағыма, еркін де ерке күндеріме… Мұндағы құса-мұңды айтып тауыса алар ма екенмін… Қабағы салқын, құлқы мұз сорлы «солтүстік» мені әбден мезі ғып бітті, бір ғана сөзбен бәрін де сыбап салғым келеді!..
Дәл қазір Остенде омалып отырмын. Жексұрын Бель-Голланд теңізі жағалауы… тоңмойын доңыз кейіпті еуропалықтар… Суша аққан шарап… сіміресің де отырасың. Содан ба, ішуді қойдым. Қабақтай басым қалың ойдың қамауында қалғандай, не істерімді білмей далмын.
Мәскеуде жүргенде, Еуропа бізге небір тамаша идеялар мен поэзия жарықтықтың қанбазарындай көзге елестейтін. Сөйтсем, тұлдыры да жоқ екен. Құдайым-ай, бұған қарағанда Россия не деген тамаша әрі бай еді десеңші?! Меніңше, ондай ел басқа жерде жоқ, болуы да мүмкін емес. Сырт көзге, әсіресе, біздің алақұйын төңкерісімізден кейін, бұл жер тым жинақы, үтіктен өткендей әсер қалдырады. Ал, шынтуайтына келгенде, кез келген сәтте саныңды соғып сандалып, итше ұлып қалатының хақ. Қаладан гөрі қабырстаны көп. Кесірткедей жылмаң қаққан өңшең кещелер, адамнан гөрі молақұртқа көбірек ұқсайды, үйлері – мола, құрлығы – қу сүйек. Бұл жерде кім тұрып жатыр – меніңше, бағзы-баяғыда-ақ өлгендер.
…Берлинде мен біраз нәрсені бүлдірсем керек. Басымдағы цилиндр мен берлиндік тігіншіге арнайы тіктірген манто мұндағылардың жынын келтіріпті. Олардың ойынша, мен большевиктің не үгітшісі, не жансызы екем. Мен үшін бұл – таптырмайтын ермек, бәр-бәріне шекемнен қарап жүрмін. Ал, енді, сенің кітабың «ақсүйектерді» аһ ұрғызып жатыр. Төңкерістен қашып-пысып осында келіп жан сақтаған эмигранттар ғой, баяғы. Сенің кітабыңды да, өзімдікін де ұқсатып тұрып саттым, өткіздім. Қаңғып келіп, қалғып жүрген азғындар аз да болса көзін ашсын деп. «Қабыр» ішінде қаңсығандар қай кезде де – тірі өлік…
Түркістан мен Клопиков жиі есіме түседі… Тамаша еді ғой… Құдайым-ай, қайда сол күн, сол сәттер?.. Шынымды айтсам, бейпіл масаңдығымды, жанжалкештігімді тәтті еске алып, сондағы Өзімді жақсы көріп отырмын.
(А.Б.Мариенгофқа жазған хатынан.
9 маусым, 1922 жыл)
…….
(Толық нұсқасына газеттің №8 (3642) санынан оқи аласыздар)