БӘРІМІЗ ДЕ БАТПЫРАУЫҚ ҚУҒАН БАЛАМЫЗ
08.02.2019
1941
0

«Батпырауық қуған бала» – соғыс өрті елінен айырған Ауған азаматы Халед Құсайынның алғаш рет ағылшын тілінде баспадан шығарған туындысы. Кітап Ауғанстанның астанасы Қабылдағы байлар тұратын аудандағы Пуштун әулетінің ұлы Әмір мен оның бала досы, әкесінің Хазар текті жалшысының ұлы Хасеннің арасындағы әңгіме ретінде бірінші жақта баяндалады. Бас кейіпкер Әмір – Пуштун әулетінен, әкесі дәулетті, беделді кісі. Шешесінен ерте айырылған Әмірдің тума әлсіздігі бар, оның үстіне үнемі әкесінің мейіріміне бөлене алмайтын ұрпақтың өкілі. Ал, Хасен досқа адал, мейірімді, батыл бала. Отбасы деңгейі мен нәсілдік парық олардың бала достық сезімдеріне сызат түсіре алмағанымен, бірақ ешкім де бұл ұлы сезімге құрмет еткісі келмейді. Әңгіме арқауы бірқыдыру күрделі тарихи оқиғалардан құралады, мұның ішінде, Ауғандағы монархияның құлдырауы, Совет әскерінің басып кіруі, ауғандық босқындардың Палестина мен Америкаға бассауғалап қашуы, талибандардың бас көтеруі сияқты маңызды оқиғалар баяндалған.

Автор бұл шығармасын әке-бала арасын­дағы әңгіме деп пайымдап, «Отбасы» дейтін тұғырдың берік болуын шығарманың айтар ойы, басты идеясы ретінде оқырманға ұсына­ды. Романның бірінші эпизотында Әмір Ха­сенді ешқандай зорлық-зомбылықтан құтқара алмайды. Міне, осы тұс шығармада көрсетілген күнәһарлық пен парыз тақырыбына жетелейді. Автор романының алғысөзінде: «2001 жылы осы кітапты жазуға отырдым. Жазып-сызу өзім үшін қызмет істеудің, өз-өзіме әңгіме айтудың бір түрі еді. Бұл кітапты басқалар ұнатып оқиды дегенді ойлаған емеспін. Мен бұл романды жазып жатқан шағымда, Дүние­жүзілік сауда ұйымының бір зәулім сарайы құлады. Содан көп өтпей, әйелім Роя шығар­маны баспаға ұсын деп кеңес берді. Шын­туай­тына келсек, талап етті. Мен бір тарауын жа­зып бітірген соң, Роя сол тарауды оқып бітіріп отырды. Ал, мен кітапты баспаға беруге қарсы болдым. Бүкіл Америкада қайдағы бір ауған­дық­тың дәтіне ешкім құлақ салмайды деп ойладым. Ол кез елдің ыза-кегі өршіп тұрған кез болатын. «Қазір ауғандықтар алаланды, кемсітуге ұшырады», – деймін Рояға. Шығар­мам баспадан шықты деген күннің өзінде, басқалар оны неге сатып алмақ? Америка топырағында тарихта болмаған ең үлкен сұм­дық жасағандар біреудің Отанында ылаң салса, өзгелер сол халықтың өкілінің қалтасына неліктен ақша салып бермек? Бірақ Роя құптамады. Неғұр­лым көп оқырман табатын орай осы деп есеп­теді. Оның үстіне ол: «Сенің кітабың оларға ауғандықтардың басқа бір қырын көрсетеді», – деді. 2002 жылы маусым айында қолжазбамды Нью-Йорктегі баспа саудагеріне жібердім. Бір күні сауда үйінен қоңырау соғылды. Олардың сөзі бір-екі айдың алдына әйелім Рояның айтқандарымен қарай­лас шықты. Мен бұл кітапты жазғанда ойға алған оқырманым – тек өзім ғана едім. Бірақ жағдай керісінше болды. Үндістан, Оңтүстік Африка, Сидней, Англия сияқты мемлекеттегі оқырмандар хат жазып, маған деген көңіл күйлерін білдіргенде өз ба­сым жазушы ретінде тебірендім. Тіпті, оқыр­мандарым менің Ота­нымды ендігәрі сорлы, қырсық пен әлектен арылмаған, алапат зоба­лаң толас­тамаған қиранды мекен деп қарамай­тынын айтқанда, өз басым ауғандық ретінде мұны даңқ сезін­дім», – деп жазады…

Дүйсенәлі ӘЛІМАҚЫН


(Толық нұсқасын газеттің №5 (3639) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір