Сам бойынан түре қуған қалмақты…
12.06.2023
220
0

Мамырдың 19-20 күндері Бейнеуден сексен шақырымдай қашықтықтағы Құдыс қонысында елін, жерін жаудан қорғап, көпке танылған Құдас батырға ұрпақтарының ұйымдастыруымен Құран бағышталып, үлкен ас берілді.

Құдас – Сам бойынан қалмақтарды түре қуған ержүрек батырлардың бірі. Осы қалмақпен соғыста көрсеткен ерлігі мен жекпе-жекте қарсыласын алып жыққан айрықша айласы үшін ел оны «Қара батыр» деп атап кеткен. Батырдың басына қойылған құлпытасқа:
«Елін қорғап жаулардан текті атам,
Қара батыр атанған Құдас бабам.
Жақындатпай жоңғарды жерімізге,
Тұтастығын, елдігін сақтап қалған», –
деп жазылған екен.
Асқа жиылған қонақтар қатарында осы игі шараға қаражат бөліп, демеу­шілік жасаған Қазақстандағы белгілі 50 кәсіпкердің тізіміне енген меценат Төкен Жұмағұлов, әйгілі актер, кино және театр режиссері, профессор Асанәлі Әшімов, белгілі жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының Төрағасы Мереке Құлкенов, филология ғылымдарының докторы, профессор Ғарифолла Әнес, ғалым, ҚР Ұлттық ғылым Академиясының құрметті академигі, профессор Өмірзақ Озғанбай, жазушы, публицист, Ұлттық Ат спорты Федерациясының президенті, Қазақстанның құрметті судьясы Бекет Тұрғараев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, академик Сәдібек Түгел, сондай-ақ елімізге танымал республикалық теле-радио журналистері, Бейнеу ауданының әкімі Бейнеубек Әбілов бар. Ауыл ақсақалдары мен ақ жаулықты аналар да, алыс-жақын аймақтардан келген өзге қонақтар да жиынның мәнін арттырды. Қазақстан Жазушылар одағының Төрағасы Мереке Құлкенов ағамыз айтқандай, «бұл ас – үлкендер мен қадірлі қонақтарға ізет көрсетіп, қызмет қылып жүрген барша жастарға үлгі» боларлықтай өтті.
Ұлағатты әңгімелер айтылып, дәстүрлі ән мен күйден, жыр мен термеден шашу шашылған ақ дастарқан кешкілік Маңғыстау мен көршілес өңір өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты.
Ауқымды шара 20 мамыр күні Құ­дас бабаның 305 жылдығына арнал­ған ғылыми конференциямен жалғасты. Оны Қазақстанның еңбек сіңірген мұнайшысы, ҚР Жер қойнауының Құр­метті барлаушысы, «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің иегері Сағын Қырым­құлов ашып, алғашқы баян­да­маны ғалым Өмірзақ Озғанбай оқыды.
– Халқымыздың басынан талай нәубеттер мен тар замандар өткен. Неше бір формациялардан өту кезінде, халқымыздың қаймағы саналатын көсемдер, шешендер, батырлар орынсыз құқай көріп, атылды, асылды, айдалды. Ол заманда өмірден өткен белгілі тұлғаларды құрметтеп кесене салу былай тұрсын, құлпытас қоюдың өзі қиын болған кездер болды. Халқымызда «байтал түгіл бас қайғы» дейтін сөзі бар. Сондықтан бүгінгі ұрпақ біздің сол ата-бабалар аруағы алдында орындалмаған борыштарымыздың бар екенін түсінуі керек. Шүкір, қазіргі заман олардың аттарын әспеттеп, жерленген жерлеріне там салып, басына көк тас (құлпытас) қойып, ас беріп, мақала-кітаптар жазып, сол бір өлімі жылау­сыз кеткен бабаларымызға деген дұрыс көзқарас қалыптаса бастады… Олардың өмірі, ерлік істері із-тозсыз қалуға тиіс емес, – деп бастаған Өмірзақ Озғанбай ағамыз одан әрі баяндамасында аңыз-әфсана деректерін келтірді. – Бұл әңгіме Ескендір Зұлқарнайынның және парсы жаулаушыларының заманында болса керек. Жатжерліктер Сақ көсемдеріне: «Неге сіздер бізбен кездесіп, шайқаспайсыздар?» – деп хабар жібереді. Сонда Сақ басшысы: «Сіздердің жолдарыңызда өліп-тіріліп қорғайтындай біздің қалаларымыз жоқ, біздің бар қасиетті орындарымыз – ата-бабаларымыздың жерленген жерлері. Егер сіздер қорым-зираттарға шабуыл жасайтын болсаңыздар, біздің күш-қайратымызды, айла-тәсілімізді, жауынгерлік қуатымызды сонда ғана көресіздер», – деген. Қорым-зираттарға шабуыл жасауға батылдығы жетпеген жатжерліктер шегініп кеткен екен. Бабалар басына салынған белгілер, ғимараттар, ескерткіштер тек жай ғана ескерткіштер емес, олар – осы қасиетті жердің иелерінің қанын, терін төгіп қорғаған ата-бабаның мекені екендігінен хабар беретін белгілер. Бүгінгі тірі ұрпақтарымен бірге қасиетті қазақ жерінің тұтастығына қызмет жасайды. Сол сияқты бүгінгі Сүйіндікұлы Құдас бабаға арналған ғимарат та керек кезінде осындай қызмет атқарады. …Болжам бойынша, Құдас (Қара батыр) 1718 жылы дүниеге келіп, 1822 жылы өмірден өткен, яғни 104 жаста қайтыс болған». Баяндамадан соң Төкен Танаұлы, Асанәлі Әшімов, Мереке Құлкенов, Ғарифолла Әнес, Бекет Тұрғараев, Сәдібек Түгел, басқа да ел ағалары сөз сөйледі. Тарих тамырына бойлаған ғылыми конференцияда көптеген тарихи маңызды деректер айтылып, құнды мағлұматтар берілді.
Конференциядан соң жиналған қауым қазақтың ұлттық ойыны – ат бәйгесіне куә болып, әр тұлпардың тілеуін тілеп, тақым қысты. 28 ат қатысқан аламанда 1-орынды Шебірден келген Қабдол Оңғаровтың Нарқасқасы алса, 2-орынға Мұқыр ауылынан келген Еркін Бозаұлының Сомбалақ атты жүйрігі ілікті. Бейнеулік Нұрбол Буриннің Желқасқасы үшінші боп мәреге жетіп, 3-орынды иемденсе, 4-орынға Тәжен ауылынан келген АлтынбекТәжіғұловтың Бақторысы тұяқ тіреді. Ал Таушық ауылынан келген Досмұханбет Қуандықовтың Айтұмары мәреге бесінші болып жетіп, 5-орынды алды. Жүйрік иелеріне қомақты қаржылай сыйлықтар табысталды.
Бұдан кейін топ бәйгеге 18 жүйрік қатысты. 1-орын Мұнайлы ауданынан келген Арықбаев Оралбектің Көкшам атты жүйрігіне, 2-орын Ақтау қаласынан келген Талғат Нәкиевтің Ұлытау атты жүйрігіне бұйырды. 3-орынды бейнеу­лік Бурин Нұрболдың Сүлікқарасы, 4-орынды Жаңаөзеннен келген Өтепов Дүйсеннің Неймары қанжығаға байласа, 5-орын Сенек ауылынан келген Наурызмағамбетов Сағадаттың Алатау атты жүйрігінің еншісіне тиді.
Ежелден ас пен тойдың бір қызығы – палуандар күресі. Құдас батыр атындағы республикалық палуандар күресіне Қазақстанның әр облысынан белді спортшылар қатысты. Бас төреші – Жоғарғы ұлттық дәрежедегі төреші Нұржан Жұмабайұлы, ұлттық дәрежедегі төреші – Сағаділда Әділет болды. Білектің күші сынға түскен сайыс­та 1-орын Исағабылов Мақсатқа (Қызылорда қаласы), 2-орын Көлбай Темірланға (Орал қаласы), 3-орын Мұзапаров Ерсұлтанға (Шымкент қаласы), 4-орын Сәлімгереев Нұрымға (Қызылорда қаласы) бұйырды.

Сәулеш ШӘТЕНОВА,
ҚР Мәдениет қайраткері,
«Кең Жылой» газетінің бас редакторы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір