А.П.Чеховтың қанатты сөздерінен
25.01.2019
888
0

Әлемге танымал әңгіме шебері Антон Чехов 1860 жылы 29 қаңтарда өмірге келген. Ресейде туып, 44 жасында Германияда көз жұмған жазушының соңында әдебиетті байытар мол мұра қалды. Туған күніне орай сол інжу-маржаннан шағын үзінді ұсынып отырмыз.

***

Сенің жақсы тәрбие көргендігің өзіңнің дастарқанға шырынды төгіп алмағаныңда емес, өзгенің төгіп алғанын байқамауды білгендігіңде.

***

Шатырын жаңбыр шерткілеген үйіңде отыру және үйіңде тіршілікке бейжай кісінің жоқ екенін аңғару – бір ғанибет!

***

Мәселе сарыуайымшылдықта да, жақ­сылыққа сенімділікте де емес, жүздің тоқ­сан тоғызында ақылдың жоқтығында.

***

Не темекі тартпайтын, не арақ ішпейтін кісіні кездестіргенде оны делқұлы неме шы­ғар деп қалады екенсің.

***

Әзілкеш адамның сырбаздығы – сырбаз адамның сырбаздығынан жүз есе артық сырбаздылық.

***

Бүгін күн қандай тамаша. Шай ішсем бе екен, асылып өлсем бе екен?

***

Арақ ақ бола тұра мұрныңды қызартады, абыройыңды қарайтады.

***

Немкеттілік – базданған жан, мезгілсіз өлім.

***

Сырқатыңнан сауығуыңды тойды күт­кен­дей күтіп жүретін жанашырың болғанына не жетсін!

***

Бүгінгіңді бір рет ойласаң, ертеңгіңді жүз рет ойлай жүр.

***

Өмір – қасқағым сәт. Ол әуелі сүйкей жаза салып, кейін толықтырып көшіріп жазуға көнбейді.

***

Шіркін, еркіндік! Сенің сәл-пәл лебізің-ақ жанға қанат бітіреді-ау!

***

Әйелдер ерлердің қауымынсыз әлсізде­не­ді, ал ерлер әйелдердің қауымынсыз ақы­мақ­танады.

***

Ақылды оқуға ынтық, ақымақ оқытуға құмар.

***

Адам өзінің адам екенін біле бермейді.

***

Өмір – қарапайым құбылыс. Оны күрделі ету үшін көп күш керек.

***

Мен ертең көрнекті болайын демеймін. Қысқа ғұмырымды арманмен, үмітпен, кө­бірек көріп-білумен адал өткізсем деймін.

***

Ақылды бірдің айналасында ақымақ мың бар. Түзу бір сөздің маңайында қисық мың сөз бар. Мыңдар жеңіп кете береді.

***

Өмір – жұмбақ. Келеңсіз кеңістік… көріксіздік… сағым. Күн артынан күн, жыл артынан жыл өтеді, ал сен сандалып жүресің.

***

Сұмпайы болу және өзінің сұмпайы екенін білмеу, мінеки, орыс сұмпайысының ерекшелігі – осы.

***

Қарапайым екіжүзділер көгершін сияқ­танып жүрсе, екіжүзді саясатшылар мен әдебиетшілер – бүркіт сияқтанады. Алайда бүркіттерден қаймықпаңдар, олар шын­дығында – егеуқұйрық пен шәуілдек­тер.

***

Өлім қорқынышты, ал өлмеуді, мәңгі жасауды көксеу одан да қорқынышты.

Қазақ тіліне «көшірген» –
Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ
(21.01.2019 ж.)


(Толық нұсқасын газеттен оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір