Қысқа хикаялар
11.01.2019
1262
0

Әзілхан НҰРШАЙЫҚОВ,
Павлодар қаласы

14 сентябрь 1956 жыл,
№37 (89), 2-бет


Туған жердің ауасы

Бір командировкада жүрген шағымда Ақандікіне қондым. Ол ауылда өскен, Отан соғысына қатысып, офицер атағын алып қайтқан жігіт болатын. Соғыстың өткеніне едәуір жыл болса да, Ақан танктің, қылыш пен мыл­тық­тың суреті бар екі ақ және шашырап шығып келе жатқан күн сәулесінің суреті бар бір сары ме­далін әсте кеудесінен тастамайтын.
Таңертең шай ішіп отырғаны­мызда Ақан өзін қызметтен босатуды өтініп жүргенін айтты.
– Неге? – дедім мен Ақанға бұрылып.
Ақан қалаға оқуға барғысы келетінін, оқу бітіргеннен кейін сонда қызметте қалуды ойлайты­нын айтты. Мен одан: «Қызметті бастағаның жаңа емес пе, аудан­нан неге кеткің келеді», – деп сұра­дым. Ол қабағын тыржита, мұр­нын шүйіріп:
– Бұл жердің ауасы жақпай жүр, – деді.
Осы кезде шешесі қатпарлы қабағын сәл көтеріп алып:
– Тәйт әрі! Туған жердің ауасы жақпайтын ба еді! – деді. Соны айтты да, самауырдың шүмегі астынан алған баласының кесесін оның алдына тарс еткізіп қоя сал­ды. Қою қоңыр шай кесе сыртым­нан шайқала шығып, Ақанның алдына аздап төгіліп те кетті.
– А… а… анам ұнатпайды, – деп Ақан қызараңдап қалды.
– Ендеше не сөйлеп отырсың? – деді кемпір ұлына сол ашулы қалпында, – қайда барсаң, онда бар, бірақ туған жеріңе жала жап­па! Ауасы жақпайды дегені несі түге!..
– Қойдым, қойдым, апа.
Кемпір оған тоқталмады:
– Мен өмір бойы осы жерде өсіп келемін. Әлі күнге бір ыңқ етіп ауырған жан емеспін. Ауасы жақпаса, ол не? Маған жаққан, бұл өңірдегі жалпақ жұртқа жақ­қан ауа саған неге жақпайды? Әлде сенің жаратылысың бөлек пе мұнда­ғылардан?! Өйтіп, беталды сандалғанша, бір жерде орнығып жұмыс істеу керек, шегірткеге ұқсап секіре бермей. Шошақай қыздың шашбауындай сылдыра­тып жүрмексің ғой, мына теңгелік­теріңді омырауыңа тізіп алып…
Ақан төмен тұқырып, аузының күйгеніне қарамастан, ыстық шайды тез-тез ұрттай берді…

(Толық нұсқасын газеттен оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір