КӨРЕРМЕНІН ҚУАНТҚАН ҺӘМ МҰҢАЙТҚАН ҚОЙЫЛЫМДАР
28.12.2018
715
0

Жанымызды түлетер рухани азық іздеп, өрелі өнерге шөлдесек, бірден-бір барар орнымыз – театр. Театрларымыз да өмірдегі түрлі жағдайларды, өмір шындығын сахналауы арқылы көрерменін қуанта отырып мұңайтудан, күлдіре отырып ойлантудан жалықпай келеді. Қазақ театрларының репертуарлары жылда жаңа дүниелермен байып отырады. Ал, 2018 жылы қазақ сахнасы қандай жаңалықтармен толықты, көрермендерге қандай тың қойылымдарды ұсынды? Бұл орайда көп сөз айтуға болады. Сол себепті, көрермен пікіріне ерекше ие болған қойылымдарға ғана тоқталғанды жөн көрдік.

Бұл қойылым көрермен пі­кі­рін екіге жарды. Бірі «қазақ хал­қы­на жат тақырып, тәрбиелік мә­ні жоқ» деп туласа, екіншілері «қай қоғамда да болатын өмірлік құбылыс, ал, көрермен өмір шын­ды­ғын тануы тиіс» деп ақтап бақ­ты. Бұл – әлемнің талай сахна­сын­да қойылған әйгілі «Анна Ка­ренина». Орыстың алып жазу­шысы Лев Толстойдың «Анна Каренинасы» арқау болған пси­холо­гиялық қарама-қайшылыққа толы трагедия. Классикалық туын­дыны қазақ тіліне аударған – Қазақстанның Еңбек сіңірген қай­раткері Асхат Маемиров, ре­жис­сері – Қазақстанның Халық әртісі, профессор Есмұхан Обаев. Шығарманың сахналық нұсқасы да әйелдің қат-қабат қалтарысы көп жұмбақ жанына терең бой­лау­ға, ерлі-зайыптылар арасын­дағы сырт көзден таса ішкі қа­рым-қатынасты таразылай оты­рып зерделеуге, достық пен сат­қындық, махаббат пен өшпен­ді­лік сынды өмірлік ұғымдар жайын­да ой толғауға құрылған. Жал­пы, «Анна Каренина» қой­ы­лы­мының өзегі не? Отбасылық өмірі әу бастан сезімсіз құрылған әйелдің бақыт іздеп аласұрған, махаббатты аңсап жанұшырған хикаясы ма? Әлде Вронский екеуін бір-біріне ынтық еткен – лап етіп жанып, лып етіп сөнер, артынан өкініші өзек өртеп, кеуде тырналар ессіз құштарлық қана ма еді? Сонда махаббат пен құштарлықтың жанында еріңе деген адалдық, балаңа деген сүйіс­пеншілік тәрізді биік ұғым­дардың еш құны болмағаны ма? Немесе бұл өмірде не нәрсе де жеке басың­ның бақытына та­ты­май ма? Міне, кө­р­ер­мен қойылымның өн бойында Ан­на­ның қанша жылдар бойы тұншы­ғып келген жанайқайын естіп, өзімен-өзі арпалысқа түскен өмі­рін көз алдынан өткізіп қана қой­майды, осы тектес сауалдарға да өзін­ше жауап іздейді. Қандай ше­шімді оң санары да – өз құзырында.
Биыл 93-інші рет шымыл­ды­ғын ашқан өнер ордасының кө­рер­мен қауымды бейжай қал­дыр­маған премьераларының бірі – «Ұлым, саған айтам» драмасы болды. Қойылымның авторы – ақын, Халықаралық «Алаш» әде­би сыйлығының иегері Бақыт Бе­­дел­хан, қоюшы режиссері – Асхат Маемиров. Әке мен бала­ның ара­сындағы тамыры тереңде жат­қан отбасылық, рухани, әлеу­мет­тік құндылықтың барлығын сыр ғып шертетін екеуара әңгімеге құрылған драма өмірлік һәм ұлт­тық тақырыптарды сөз етеді. Тас қа­раңғыда: «Сен қазақ­пы­сың?» – деп, майшамның жарығымен көрермен арасынан өз қазағын із­деген, ұлтының жоғын іздеген басты кейіпкердің сөзі – ұлттық ұстанымымыз бен салт-сана­мыз­дың заманауи сара жолын табу­да­ғы жанталасын танытатын, қазақ елінің бір­тұтас­тығын, ұлт пен ұлыс­тардың тату­лығы мен бірлі­гін көксеген Жан сөзі. Басты ай­тар ойы – ұрпақ тәрбиесі. Ал, ұрпақ тәрбиесі – ұлт болаша­ғы­ның іргетасы.
Әкемтеатрдың айтпай кетуге болмайтын биылғы сүбелі дү­ниеле­рінің тағы бірі – белгілі жазушы, драматург Баққожа Мұқайдың 70 жылдығына орай сахналаған «Сергелдең болған серілер» комедиясы. Режиссері – Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Оразхан Кенебаев. Баққожа Мұқайдың бұдан біраз уақыт бұрын жазылған шығар­масында қай кезде де құндылығын жоғалтпайтын мораль, әдеп, адам­дық қарым-қатынас сынды мәселелер астарлы әзіл, уытты қал­жың арқылы сөз болады. Бас­ты кейіпкер – Сайра атты оң жақ­­та отырыңқырап қалған қыз­дың күйеу таңдай жүріп ба­сы­нан кешкен қызықты оқиғалары ар­қылы пьесадағы өзге де кейіп­кер­лердің қитұрқы мінез-құлық­тары жан-жақты ашыла түседі.
Жаңа 2019 жылда да театрла­ры­мыз заманауи өзгерістермен, ерекше шешімдермен, тың жаңа­лықтармен һәм жаңа есімдермен сахна мәртебесін биіктете түсе­ріне кәміл сенеміз.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір