БОЛМЫСПЕН БЕТПЕ-БЕТ
21.12.2018
2671
1

Асқар Сүлейменов


АСАУ

Шын асау шылбыр танымас,
Жүген-ноқтамен жаны қас.
Шайтан мінсе де, бәрі бос
Шаптан түрткендей тулайды Ол.

Қасқыр шапқандай қарайлап,
Бойында тарпаң қаны ойнап.
Дөңгелеп, аунап бар аймақ –
Өрттен қашқандай заулайды Ол.

Күркіреп күндей кісінеп,
Күңіреніп жындай есінеп,
Есірген сайын есіред –
Дұшпанын жықпай тынбайды Ол.

Жетімдей өксіп еңірер,
Қара қайғыға көмілер,
Көзінен жасы төгілер –
Жанарын кекпен бұлайды Ол.

Танауына салса шыр бұрау,
Тақымына салса қыл бұрау.
Сабаса келіп бір дырау
Құтыра түсіп қыңбайды Ол.

Демеңдер: «Көніп тынады Ол»
Бәрібір жеңіп шығады ол.
Жеңбесе – өліп тынады Ол.
Туар ма, шіркін, мұндай да Ер!

Әбубәкір Қайран


Қоспасыз, таза физикалық ұғым санатында алсаң, елге де, ұлтқа да, қоғам-қауымға да еншiленген уақыт жоқ. Қоректердiң қорегiндей күнде жұтып жүрген ауаны таразылап, жүн тайлағандай порымдап иемденудiң мүмкiн еместiгi қандай болса, уақытқа – ойық па, орма ма, тiлiк пе бәрiбiр, өз ен-белгiңдi салу да соншалық мүмкiн емес. Адам, бiрақ, әлiмсақ аталатын бағзыдан берi ойға сыйғанмен, уысқа тұрмайтын уақыт ныспылы ұлы ұғымға бұғалық салудан зәредей бас тартқан емес. Қиын тiрлiктiң талай қырларын, қаттары мен қабаттарын бас белгi ғып отқа, суға жұмсай алған пенденiң сары тайға iрiлiк жасаған Масақбай, Оспан боп қос құлақтың түбiнен қос шеңгелдеп баса алмай келе жатқаны да әлi сол уақыт. Ене – уақыт. Ажал – уақыт. Құлынына – бiзге дем қосарда Атымтай Жомарттай, құлынынан – бiзден, дем аларда Шықбермес Шығайбайдай көрiнетiн түрi де, түс-тұрпаты да беймағлұм уақыт. Адам Атаның, бiрақ, бастауы қалай белгiсiз болса, құрдымы солай белгiсiз осынау айқаста – дауыл мен құмның шайқасында, уақытты жеңбегенмен, сол уақытпен жең сыбанып белдесе алар ұғым тудырғанын көрмей қою, үлкен орайда, ақиқат ауылының төлi боп санала алмас едi.


Мұхтар Әуезов туралы эссе

Ол ұғым, сөз бар ма, ұлы жүз Үлкен әл­ем­ге шырқырап кеп шыңғырып кететiн адамның бауыр тiлдi, жүрек жарды, өз перзентi – суреткер;
«Беу, сәт–сә-ә-т! Мiнсiз едiң, өтпегiң де, кетпегiң»-дi жазды дейтiн Гетенiң тобындағы суреткер;
Ұлы ауылға аттанарда «Кесiр тағдыр, кесапат! Қылғымадан алқымдармын ақы­ры»-ны айтты дейтiн Бетховеннiң аң­ға­рын­дағы суреткер;
«Адасқан күшiк се­кiл­дi, ұлып жұртқа қайтқан ой»-ды Мүр­­сейт­тiң жазуымен жет­кiзген Абай – Ертiс арнасындағы суреткер;
Аттай 78 жасында, түсiне, жетпiс бес жыл бұрын баз кешкен шешесi кiргенде кiндiкке түскен сақалын жасқа бұлап «Бұ ғаламда, сенен басқа мен бейбақта қорған да жоқ, қалқан да жоқ, шешетай»-ды жазды дейтiн Толстойдың деңгейiндегi суреткер;
Созақы шабандоздай-ақ ат пен адамды, Созақы күйшiлердей-ақ сарын мен құлақты бөлiп қарай алмаған «Адамды құр­ту бек мүмкiн, жеңу оны неғайбыл»-ды айтты дейтiн Фолкнердiң тереңiндегi суреткер;
Хәрбiр ықпалдары, шырайлары, сеп­тiк­терi, есiмше-көсемшелерi, құрмалас са­бақтастай-ақ шырмауықтанып келетiн: әрбiр сөзi, әсiресе, бiздер үшiн, жiгерлi тазалық пен ойлы қайтпастықтың үлгi-бел­гiсiндей бiлiнер тыныс белгiлерiнiң өзiн басқаның, басқалардың сөзiндей қол­данатын Әуезовтiң жүйке-жүйке­сiн­дегi суреткер.
Әуезовшiл суреткер.
Тамырлап-түбiрлеп келгенде сексен себеп қана. Әйтпегенмен, күнде Әуезов хақында кiм айтса да, қанша, қалай айтса да, қашан айтса да артық емес. Бұл тұста тiптi, басқаша да қайыруға керек: жазушымын, аушы-аңшымын, сақпаншы-оқушымын деп бөлiнiп-бөлшектенбей-ақ өзiн көзi ашыққа қосып-қосақтардың бәрi, Әуезовтей, қаламдертке шалдық­қаннан бастап, құлағын төсей жүргенмен, өз өнерi жөнiндегi балама-теңеулер жө­нiнде алмаған, ала алмаған, балама-теңеулер жөнiнде ойға қала ал­маған, бiтiм-тiрлiгi бол­мыс­тың өзiндей тұлға хақында барын болма­ғанмен, сәл нәрiн сараптап саралатып алса ар­тық емес. Мұны айт­­қан­­дағы, айт­пасқа бол­мас­та­ғы тағы бiр себеп: қатпа-қа­саң ұғым­нан
шы­­­ға­тын жа­­зу­шыға бер­гi­сiз оқ­у­шы же­тер­лiк болса, үл­кен ұғым­­­дағы оқу­­­шы­ның өте­­уi емес, ша­пан айыбына жүре алмайтын жазушы, сәл ға­на әсi­ре­­леуге бар­саң, қара­құ­рым…
Әуезовтiң қа­­сында Ға­бең­нен, Ғабит Мах­мұт­ұлы Мүсi­реповтен басқаның бәрi оқушы. Сол сансыз оқушының Әуезовпен аралас­қанымен таласу қиын: Әуезовтi таны­ғанымен қаржасу қиынырақ, ал Әуезовтi ұққанымен, қиғаштап-қиялап сөйлесу аты-затымен түгелдей тұнып тұрған қиындық. Бiрақ, қайтпекке керек, өнердiң өзi – қиындық. Шаңқан боздың шау тарта бара тарлан ашары қандай рас болса, өз топырақ – тарихындағы мол мағыналы, күрделi қиын тұлғамен беттес­кен оқу­шы­ның жаратылыстануға бағын­байтын тоқсан-маусымдарда басқаша түлерi хақ. Ал оқушының түлеуi деген сөз дау-дамайдан басы ашық өнердiң, бұл ыңғайда Әуезов өнерiнiң – заман-уақыт­пен бiрге өсiп, мәуелеп өсiп-өнерiнiң белгiсi… Дәл бүгiндерi Әуезовпен кеше араласқан, Әуе­зовтi кеше сәскеде таныған, Әуезовтi күнi кеше, бесiнде ұққанның алдынан сүйегi өзi болғанмен, шабыс-тартысы басқа, айтары да, айтпағы да сол болған­мен, шы­ңырау тереңiнiң түсi басқа Әуезов шықса, бұл да таңдана қояр шаруалардан емес.
Себебi, суреткер гауһар болғанда, оқу­шы зергер. Әр буын, әр ұрпақ жаңа түсiнiк-түйсiкпен Кох-И-Нор Әуезов аталатын гауһарды өзiнше жонса, өзiнше жонып жетi қат көктiң сүзбе қабынан өтедi дейтiн үзiле алмастықтың өзi боп аққан сәуле нұрын көргендер, танығандар, ұққандар­дың өзi тосын санар қырлардан қимай қайтарса, қимай жұтса бұл да сол өнер-өмiрдiң көз көрмей, көңiл ғана барлай алар iшқатпар арысынан шығып жатыр.
Әр буын, әр ұрпақ дегенде, мен дүниеге ғасыр тарихының жолына белi кеткен қара нар болып көлденең түскен Ұлы Отан, екiншi дүниежүзiлiк соғыстың сәл әр жақ, сәл бер жағында келген: күйшiсi бар, шопаны бар Қазақстандай қағанат өлкенiң арқасына айналған буынды айтам. Ағасымен – айғайы, iнiсiмен – әй-шәйi жоқ, үлкен екi омыртқаның арасында трансформатордай шемiршек боп түскен буынды айтам. Алғылар, алдыңғылар аямай көрген қиын-қысталаңды аз көрген; алғыларға, алдыңғыларға арман көрiнген қайбiр игiлiктердi атадан қалған мирастай қабылдай салған, қырықтан жаңа асқан, қырыққа ендi кiрер буынды айтам. Басқа емес, басқалар емес Әуезовтiң өзi жортысқа, жыртысқа салмай асықпай жүрiп, жарып өткен үш әлеуметтiк фор­мация-құрылымның – феодализм, капитализм, социализм, – алғы екеуiн, некен-саяқ қайсыбiрi боламаса таулы өңiрдiң жаңғырығындай алып-қашпа сарын көре­тiн буынды айтам: Iшiнде Ақан мен Мұқағали, Төлеген мен Меңдекеш бар, бергi бетi Дулат Исабеков пен Роллан Сейсенбаевтан қайтатын буынды айтам.
Осы буын үшiн, мысалы, Әуезов несiмен қызық, несiмен ұлық. Ұлылығы өз алдына – несiмен ұлық?
Арзанға ұрынсаң: суреткердi тану, ол – өнер тану. Өнер тану, ол – iшiнде өлiмi бар өмiр тану. Әуезовтi, ол өмiр кешкен уақыт-кезеңдi, дәуiр-заманды; сол дәуiр уақыттың бел-белестерiн, асу-еңiстерiн, арна-шатқалдары мен ақпан-қаңтарларын бiртума жазушының бiрегей туындылары арқылы танып, тәмамдағанмен, кернеутокты жағалай жүрген адам боп мұздай қара жалаңаш, сұлық сымның алапат демiн қатар-қапталдан сезудiң өзi қатты бұққанның еңсесiн көтерер, қатты адас­қанға бағдар сiлтер; бiр-а-аз былған­ған­ды тұманың өзi болып буардай елес бередi. Мұнда, әрине, тән емес, жан бұққан, адасқан, дүние тiрлiктiң жалтырақ кiр-қоңысына бой алдырған жан айтылып отыр, балықтың өзiн жаңқадай ойнатар үлкен рухтың иiрiмiн таныған ғана басынан өткермек керек құлантаза ағару, айығу айтылып отыр.
Қаперсiз айтылып отыр.
Үлкен өнердiң iргелi мақсаты да, бәл­кiм, осы шығар;
Көкiрек көзi бiтеудiң жан-жанарын­дағы шөлдi сыдыру: рухани құныстың жауырын арқасын жазу;
Қасқыр аларға жарала тұрып қарсақ қызықтағанын iрiлiкке санарды дүлей боран боп беттен ұрып оңға, өмiрқұбыла өнерқұбылаға қарай ықтыру;
Қадау-қадау терiле салған осынау қи­сын шарттарды арифметик емес, математик боп, софист емес, логик боп, қақсауық емес, шешен боп, балгер емес, көреген ойшыл боп жалғанның өзiмен жекпе-жек майданда жағаласа жүрiп баптау, бағын ашу, бәйгеден келтiру;
Әуезовше баптау, бағын Әуезовше ашу, бәйгеден Әуезовше келтiру;
Көпке – қалыңға арналған алғашқы мақаласынан бастап, бiрге – жекеге жолдаған ақырғы хатына дейiн Әуезов iз тастаған сахара дүздерде, қылшатас шаттарда, «құлан iшпес бұршақ қақтарда» советтiң жас суреткерi, әсiресе, ұстануға керек, осы, не осы тақылеттi күрмеу-түйiндер үйiр-үйiр.
Дегенде, әлқиссаны қоспай-ақ дей салғанда, Әуезов, бәлкiм, өнердiң өзегiн танығандар үшiн ең алдымен (Құрманғазы мен Махамбеттен кейiн) жалғыз адамның жанарының жанып-сөнуiмен шектелер өмiр ғана, тiрлiк қана емес, өткен тек пен келер тектердi бауырына басып жатқан болмыстың өзiмен бетпе-бет келуден тайынып, тайсақтай алмаған iрiлiк шоңды­ғымен қымбат шығуға мүмкiн. Нақты әлеуметтiк-саяси шаршыда тiрлiк кешкен ұлты мен жұртының арғысы мен бергiсiн қа­тардағы, кейiнгi, қарабайыр iлгерi ық­палдың ығында жүрiп шарламай, табиғат-тәңiрiнiң қойын-қонышынан шығып iздеу – бiрiнiң бiрегейiнiң ғана оң жамбасына келетiн дүрсiлкiнiстерден. Көп емес, сәл-ақ оқыған оқушының өзiнiң қорқатын тұсы да осы: суреткерлiк түйсiк пен ой-шылдың парасатын жымын бiлдiрмей жылан ғып өрген Әуезовтiң болмыспен бетпе-бет келуi.
Адамзат тарихын Менделеевтiң хим­кес­тесiне балағанда мекенi – белгiсiз, Ота­ны – беймағлұм жұрт-жұрағат жоқ. Айғаққа жүрiп ашылғанынан бастап, ат мiнiп атақ иемденгенiнiң бәрi-бәрi бар. Түгел. Сол жұрттың iшiнен шыққанмен ақын-жазушы, әншi-күйшi аты бар адам әлгi Отан мен ошақты, мекен орынды, та­банын тасқа тiлдiрiп жүрiп, талап жүрiп өзi табуға керек.
Қашанғы жасырасыз: қай елдiң болмасын арзан жазғышының әлжуаз химикке ұқсайтын тұстары көп болады. Мынау мен екенмiн, «аш» екенмiн, «екi» екенмiн, «о» екенмiн, Н2О екенмiнге басып, қиынға түспес төтеге сап, ел сүйер азамат боп маңы­рай қалары болады. Жазушының, планшет картаның көрсетуiмен жорта берер турист емес, салбурынды қызықтап жүрiп, боран болмыспен жүздесе бара, ой Тоғжан, ел Тоғжан, өнер Тоғжанның шырағымен жан шақырған, жан шақырып жаңарып, жаңара тұра өксiгiне өксiк қосқан Абай екенiн ондайдың, оңайдан кiсiнегiштiң бiлмеуi де мол болады.
Өнертыныс пен өмiртынысты туа бiттi бөлiп қарай алмаған Әуезов сирек жазу­шыға да, қалың жазғышқа да етiкшiнiң өкше бiзiндей кiрш батырып алдымен осыны ұқтырды – ел сүюдiң, идея сүюдiң жаттығулармен, репетициялармен келетiн салдар емес, бар болса бар, жоқ болса жоқ қан екенiн, жан екенiн ұқтырды, суреткер­дiң кернейшi емес, қобызшы екенiн ұқтырды, суреткердiң атының аһтаққұл емес, Барыпкелдi, Шауыпкелдi, Шалып­келдi, тiптi Алыпкелдi емес, Семсер, Сарын, Тұз, Асу, Тарпаң, Арна атаулыға керектiгiн ұқтырды. Тiзеге сап төс қағып, мiнбеден түспей мiнеп ұқтырған жоқ. Омбы қарды дымын шығармай, жұқартып барып ойған шуақ боп, жұққан жерiне жан бiтiрер қазысылау боп ұқтырды.
Дарытты десе, сiңдiрдi десе, бәлкiм, дұрысырақ та шығар.
Әуезовтей қоңыр оркестрден әркiм әр қилы әуен-әуез естiсе, әр қилы айдындар мен тереңдер тапса, иiн-иiрiмдер көрсе, орысша қайырғанда, түк ерсi емес. Тай ат болардай, ат қартаярдай мерзiм кеттi – неге екенiн бiлмедiм, желдi күнгi селеулi даладай көрiнетiн осынау оркестрдi жаңғыздан-жаңғыз оңаша қап тыңдап жүргелi Әуезовтiң географтардың соңғы буынына қарсылығын ұққандай сыңай байқалды. Олардың айтуында: ғаламда, ғарышта емес, ғаламда дөдеге жалау (штан­дарт) шаншылмаған жер жоқ – земля неведомая, терро инкогнито жоқ. Әуезов­тiң айтуында: әр адам, тiптi Жұман, Жұмекең қарттың өзi құрығанда, арал, мүйiс, шығанақ; әрбiр ұлт-жұрт – континент, құрылық. Қар-а-ап отырсаңыз рас. Жаратылыстың тәжi саналатын адам бүкiл болмысты, болмыстың басыры мен тағатсыздығын, терiскей мен күнгейiн, көлеңкесi мен күнәсiн бiр бойынан тапса мұнда тек заңдылық қана бар екен.
Сөз бар-мыс: жаңалық деген естен әбден шыққан ескi ұғым.
Жаңағы заңдылықты дәлелдегендер бұрын да болған, болуға керек. Әуезов, бiрақ, осы заңдылықты басқа мен ба­с­қа­лар­ды емес, сiз бен бiздi: Абай мен Ж­ұ­манды, Қобыланды мен Қасендi, Көксерек пен Нұрғанымды, Абыз бен Беделдi, Шыңғыс пен Қарқараны, Ыстықкөл мен Қаратауды тiлiп, тiлшелеп отырып айғақ­тағанда өнер-өмiр, өмiр-өнер аталатын шаңырақтың табалдырығын осы қазiр аттағандай, ендi мiне, аттайтындай сезiк шоршиды: атпай қоймас, батпай қоймас күн дегеннiң барлығын, кiсiге бергiсiз бәрi, жөндiкке тұрмас адамдардың бар­лығын, қайқайған қалың томға татыр – қос жолдың барлығын, қайта танып емес, жаңа көзiккендей, алғаш көрiскендей сезiк шоршиды. Есiңе Наташа түседi – Ростова, Холстомер түседi – Қарала қасқа; қос ауыздың от аузын ұрт өңешiне кезеген шал түседi – Хемингуэй; бәрi түседi, бары түседi. Түседi, түсер-түспесте кетедi сон­соң. Бәрi, бары кетедi. Өзi қалады – жаң­ғ­ыз өзi қалады. Ескi күпiнi қызындай күткен, бiрақ макентош киген: Амери­каның көктi жыртқан зәулiмiн құрым үйдiң түрулi iргесiнен түгел көрген; бәрi­нiң санын оқ қапқанда, оқ қапты деп өзi жазғанда, етжеңдiлiгiне қарамай орын­дығынан шоршып түскен өзi қалады; бiрдi жазу үшiн бәрiн тергеген, жердi жазу үшiн көктi тергеген, өнердiң объектiсiне қайшы ұстаған шаштараз, пышақ ұстаған қасапшы, қаламын кезеген арызқор емес, ата-ененiң алдынан сәл иiлiп, бiр қырындап қана өтетiн келiн боп қараған өзi қалады; ұлттың өмiрiн ұлттардың өмiрiнiң тезiне сап, болмыс тiрлiкке иленер пұшпақтың ыңғайына қарай, «бiрде атжалманның iнiнiң түбiнен, бiрде биiк қорғанның басынан, бiрде қыран қалқыр көктен» қарайтын өзi қалады; жаралғанда бүтiн боп, толыса бара үш айырылып, қайтадан бүтiн боп бiткенiне алпыс жыл ендi толатын серi елдiң өткен-кеткенiн, бар нәрiн, барар болашағын құдды Құр­ман­ғазыша құшағына түгел сыйдырған өзi қалады.
Қалам демейдi. Бiрақ, болмыс болмай тұра алмайды.
Болмыспын демейдi. Бiрақ, болмыс болмай тұра алмайды.
Жесiрмен жесiр, батырмен батыр, қармен қар, аптаппен аптап, оқпен оқша тiлдескен адамның, шыны ғой, басқадай мүмкiндiгi де шамалы болу керек.
Брехтте шығар дейiм, есiмде қапты: «Бах құдайдың өзiн капельмейстер көрiп сөйлескен».
Арғысы бар, бергiсi бар: тегi де, тiлi, дiнi, дiлi де басқа тiзгiнүздi суреткерлердi көзiнен тiзе қалсаң уақыт-заманмен, тәңiрi табиғатпен Әуезовше именбай барып, иықтас тұрып, сауалдасып-жауаптас­қандар, зайыр, аз болу керек.
Көп естимiз – Әуезовтi аса талантты дейдi. Ұлы талант иесi дейдi. Тағысын тағылар.
Бекер.
Себебi, табиғат-болмысты талантты деуге мүмкiн емес. Себебi, табиғат-болмыс талант емес, ал талант табиғаттың дең­гейiнде болса бiр сәрi. Шу бастан өмiрiне де, өнерiне де бейне айдың арғы бетiн кө­рiп-танып келген кiсi боп жанарын жасытпай қараған Әуезов осы, сiз бен бiз, күнде көрiп, көрiп-танымай, тыңдап-естiмей, келiсiп-көнбей жүрген табиғат-тәңiрiнiң өзi.
Бәлкiм, талантты да шығар. Қарсы емеспiн.
Қазақы ұғымдағы тоймақаланың бiр қызығы, қызық шарты: бiрдi айтып, Әуезов көп жайлаған, шиырлаған тарих басқаша нұрланатын сияқты. Бiр ыңғайда, Әуезов тарихты, тарихи тақырыпты жазды деген – оқыс бiр қылтадан қарауылға ал­саң – аздық етедi. Әуезов тарихпен – оны, тарихты уақыттың ең бiр қиын формасы са­нап – ұстасқан адам. Әуезов тiрлiк-тынысы өлшеулi-пiшулi адам бола тұра, уа­қыттың тұтқыны бола тұра уақыттың дойыр қамшылы тұңғышы – тарихқа майдан берiп, оны, тарихты, тұтқындаған адам. Фаусттың уысынан сынапша қашқан «сәт-сәттi» шiдерлеп-матама­ған­мен, қырық құлаш қыл ұзынмен сынбайтын да, солқылдап иiлмейтiн арша қа­зық­қа арқандаған адам. Iшiнде Қобыланды мен Манас бар, осы заманда жазылған: Горький жазған, Брехт жазған, Дюрренмат жазған, Сартр жазған өнердiң көкесi саналатын драмалық формадағы шығар­малар­дың кез келгенiмен қатар маңып тебiндесе алар, иiскесе тұрып тарпыса алар «Дос – Бедел достағы «Тарихшы мен тарихтың өзi бар; Ахтанов айтқандай, Париж бармай, Петербург бармай, Қа­рауыл мен Жидебайдың арасында жүрiп-ақ қырғын әлемнiң тамыр солқылын танып басып, тауып отырған Абай бар: қайт­пастықтың, тағы да қайтпастықтың әлем әдебиетiндегi бiрден-бiр нышанына жүруге керек Серек бар, қайран Көксерек бар – Әуезов, құдаймен сырласқан сайын Бахтай, тарихқа сайыпкерлiк, сейiстiк көрсеттi десе, мен тақiлеттi оқушы, бұған сенуге керек. Сене бара осындай уникум дү­лейлiктiң бөлекше бiр себебiне көз жеткiзбекке керек.
Ол себеп: әрбiр мүшел жасында бас­қаның жетi мүшелде жасай алмасын, ала алмасын, жеңе алмасын жетелеп жүрген Әуезовтiң өнердiң партиялылығын пар­тиягершiлiк емес, өмiрдiң өзiнен тумаққа өрелi тенденция деп бiлгендiгi.
Ұстанғаны. Тұтқаны.
Қоғамның тәнiнен адамның жанын iздеген суреткер көп. Тапқандары аз. Таба алмаған жетерлiк. Таң қараңғысы айық­қанша шоқытып өтер қоянжемдi аңдыған үкiдей боп суреткер аталатын жұлын жұдызы байқап-бағып қарасаң, кей суреткерге, кептердiң жүрегiндей әлгi жанды табу шарт емес екен. Себеп? Себеп сол – iздеу, «басыңды тауға, тасқа ұрып» iздену тапқанға белгiсiз үлкен өнер екен.
Әрине, iзденудi өмiрге телiгеннiң Бiр­жанның бiрде биiгi, бiрде шыңырауындай байқалатын «Адасқақпен» қатар сорғуы да жоқ емес. Бiрақ, iрi өнердiң бiрi осының iзi емес пе деген тағы жоқ емес қой.
Әуезов осынау үшеу, үш тағанды басынан түгел өткерген. Алдымен «сен», сон­соң «сен», сонсоң барып «сен» деп емес. Аспан-көктiң үш төлi: жаңбыр – бұршақ – қар төлдi арқа-кеуде, табан-төбесiмен қатар көрiп, қатар өткерген.
Мұның да бөлек бастауы әлгi – Әуезов­тiң өнердегi тенденцияны жұқартпай, сұ­йылтпай, жер бауырлатпай ұстанып-тұтқаны.
Шын суреткер, бiр сыңайда, қапыда кетiп, қиын бiр қапыда кетiп қалғанның шаңырақ табалдырығын бағып қалған ана сияқты. Жазмышқа дауа жүрген бе? Бе­кiнедi ол. Ең қиынға көнедi. Түтiндi шалқайтпасқа, әулет-дәулеттiң барлығы­ның белгiсiндей көкке сiңер түтiндi шаншылтып шығарарына көнедi. Жат көздiң сұғанақтығын, жат қолдың жымысқы­лы­ғын жер ғып отыруға көнедi. Қанша бар­лыққанда танаурамасқа көнедi. Әуезов сондай суреткер. Тұлпар тұяқ сияқты бiр жұп қабырғасы артық суреткер. Айдар – кекiлiн жаңа заманның желi тарап, айдын қасқасын жаңа заман ашқан суреткер…
«Бағы қашса асылдың күйiк шығар, бағы тасыса масылдың биiк шығар» тұс­тары болмай қоймаған. Бақ-бақыттың, бәлкiм, Әуезовпен қаша тартысқа салмақ кезi, кезең-тұстары болған да шығар. Кiм бiлген: «Сауап!», «Дауа» деп, «Ұстатпай кеткiн!», «Тарта бергiн, алаяқ!» деп кетегеш бақтың тер жапқан көзiн сүртiп, қол­тығына дым бүркiп, жұқа бiлем кұйрық асатқан кездерiмiз де болған шығар. Бiрақ өмiрдi – дақыл, өзiн – диiрменге балаған Әуезовтiң бағы қашқан кезi жоқ. Қиырдан кеп қиын кезде, «соқтықпалы, соқпақсыз» жерде тұрған соң да ақтың өзiн тұндырып iшкен, нұрдың өзiн қойылтып көрген, шаңқайдағы күннiң өзiне тiк қараған Әуезов­тiң бағы қашқан кезi жоқ. Асылдың демi алмауыт болған соң да, маңып, шығайланып емес, шығандап шауып өткен – сүрiнбеген бiрақ, қамырыққан – қамықпаған бiрақ, қорынған – қорлан­баған бiрақ, совет суреткерi алардың бәрiн алған, көрердiң бәрiн көрген Әуезовтiң даулы кезi, кембағал кезi жоқ.
Ары мен Абайдан бастап Қуандық Шаңғытбаевқа, Ахтанов пен Нұрпейiсовке, Мұхамеджанов пен Айтматовқа дейiн табиғат-мейiрдiң өзiндей қамқор болған болмыс тұлғаға «әттеңдi» айтар бiзде, оқушыда, әддi де жоқ.
«Бетховеннiң өнерiн өз деңгейiнде жалғастыру беймүмкiн. Себебi, ол, Бетховен, өнердiң бiткен жерiнен қайтып отырар аз азаматтың бiрiнен», – дегендi Бетховеннiң қабiрiнiң басында Грильпарцер айтқан.
Әуезов – сол.
Мұхтар Омарханұлы Әуезов.
Мұқаң.

1977

ПІКІРЛЕР1
ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір